ҚАЗАҚСТАН — ЕКІНШІ ОРЫНДА

Қырғызстанның Шолпон ата қаласында өткен ІІІ дүниежүзілік көшпенділер ойындары өз мәресіне жетті. Ел құрамасы турнир кестесінде Ресейді ығыстырып, жалпыкомандалық екінші орынға көтерілді.

Көшпенділер ойындарының соңғы күндері Қазақстан құрама командасы үшін жемісті болғаны сөзсіз. Бұл күндері отандастарымыз жиырмадан астам әртүрлі дәрежелі медаль иеленді. Көшпенділер ойындары аясында өткен ат жарыстарында ел қоржынына 1 алтын, 1 қола жүлде түсті. Атап айтар болсақ, 1600 метр қашықтықтағы ат бәйгесінде Әділет Шынайдаров (“Падиша Нури”) үшінші орынға тұрақтады. Ал 2400 метр қашықтықтағы құнан бәйгеде Мерхан Бұлғынов (“Дичато”) топ жарды.

Шолпон ата қаласындағы ипподромда жалауын көтерген байрақты бәсекеде аударыспақшылар бес салмақ бойынша сынға түсті. Азамат Серғазин (60 кг.), Ерназар Байғонов (70 кг.), Арман Сағынбаев (80 кг.), Сырым Ізбасаров (90 кг.), Біржан Қосалиев (90+ кг.) күміс медаль иеленді.

Бұған дейін өзбекстандық командадан жеңілген көкпаршыларымыз үшінші орын үшін болған кездесуде ресейліктерді 17:1 есебімен ойсырата ұтып, қола медальға қол жеткізді.

Самбошылар ерледі. Атап айтқанда, Есет Қуанов пен Руслан Жарқынбаев өз салмақ дәрежелерінде үздік атанды. Ал Әбдухамит Әбдіразақов, Асылжан Гайсаев, Жасұлан Базарбай, Батыр Мұқатаев, Темірлан Көлбай қола медальға ие болды.

Тоғызқұмалақтан сынға түскен Хәкімжан Елеусінов пен Нұрбек Қабиев ерлер арасында алтын медаль алды. Сонымен қатар әйелдер арасында Әсел Далиева, Анастасия Фоос алтын медаль иегерлері атанды.

Әлемнің 22 елінен келген 50 спортшы сынға түскен қазақ күресі сайысы да тартысты өтті. Боз кілемдегі тартыс барысында үш салмақ дәрежесінің жеңімпаздары анықталды. Қазақстандық балуандар – Әбілқайыр Мәуленин мен Ерсұлтан Мұзаппаров 70 және 90 килограмм салмақтарда жеңімпаз атанса, тағы бір отандасымыз Нұрдәулет Жарылғапов абсолютті салмақ дәрежесінде үшінші орынға тұрақтады.

Ыстықкөл облысындағы Қыршын жайлауында өткен дәстүрлі ұлттық ойындар барысында Абзал Тұлыбеков ат үстіндегі садақ атуда екінші болса, Айкөз Ералхан үшінші орынды иеленіп, қоржынға күміс және қола медаль салды.

Көшпенділер ойындарының соңғы күні ел қоржыны екі алтын, бір қола медальмен толықты. Африканың ұлттық спорт түрі – Овари ойынында балуан қыздарымыз топтық кезеңде топ жарса, Әсел Далиева жекелей есепте алтын медальға ие болды. Тағы бір отандасымыз Диана Кенина үздік үштікті түйіндеді.

Бір аптаға созылған бәсекелі сайыстың қорытындысы бойынша 72 медальға қол жеткізген ел құрамасы жалпыкомандалық есепте екінші орынға жайғасты. Біздің қоржында 18 алтын, 24 күміс және 30 қола медаль бар. Бірінші орын жарыс қожайындары – Қырғызстан құрамасының еншісінде. Оларда 103 медаль, оның ішінде 40 алтын, 32 күміс, 31 қола. Ал 56 медальмен үшінші орынға Ресей Федерациясы орналасты. Көршілеріміздің еншісінде 17 алтын, 24 күміс, 27 қола медаль.

Келесі Көшпенділер ойындарының туы Түркия мемлекетіне табысталды. Байрақты дода 2020 жылы өтеді.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика