ЖЕҢІСКЕ БЕРГІСІЗ ЖЕҢІЛІС

Орта салмақта “WBC”, “WBA” (Super) және “IBO” тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин (38-0-1, 34 КО) мен мексикалық Сауль Альварес (49-1-2, 34 КО) шаршы алаңда екінші мәрте жолықты.

Бокс әлемінде көпшілік күткен жекпе-жек АҚШ-тың Лас-Вегас қаласындағы “T-Mobile Arena” алаңында өтті. Араға тура бір жыл салып қайта жұдырық түйістірген боксшылар жекпе-жек басталмай тұрып бір-біріне айбар танытқан болатын. Әрине, бұл да кәсіпқой бокстың бір бөлігі. Шаршы алаң сыртындағы шайқас деген осы. Дегенмен, алғашқы раундтарда боксшылар қарсыласын нокдаунға түсіретіндей қарқын байқатқан жоқ. “Канело” бірінші кездесудегідей шаршы алаңның төрт бұрышында қашып жүрмей, бетпе-бет жұдырықтасты.

Алғашқы раундтар тең дәрежеде өрбіді. Бұл жолы 28 жастағы мексикалық боксшының алға басуы Головкинге де ыңғайлы бола түскені анық. Головкиннің де “Канелоны” әбден зерттегені байқалды. Жеңістен дәмелі боксшылар ринг ортасын бір-біріне берер емес. Өкінішке қарай, әлемге жойқын күшімен танымал отандасымыз бұл жолы Альварестің бауыры мен бүйіріне соққы жасамады. Әйтпегенде, бұл кездесуде бірнеше нокдауын орын алып, уақытынан бұрын аяқталар ма еді, кім білсін?!

Бұған дейін нөмір екінші болып жұдырықтасқан Головкин бесінші раундтан бастап қысымды үдете түсті. Нәтижесінде соққыларының бірі сәтті өтіп, Альварестің қабағы жырылып кетті. Бетпе-бет айқас бір тоқтаған жоқ. Жалпы тоғызыншы раундттың соңына дейін қарсыластардың ешқайсысының айқын басымдылығы байқала қойған жоқ.

“Чемпиондар раунды” аталатын соңғы раундтарда боксшылар қорғанысты “ұмытып”, шабуылға көше бастады. Атап айтқанда, оныншы раундта Головкиннің кездесуді уақытынан бұрын аяқтайтын мүмкіндігі болды. Джеп пен крос соққыларын қатар тигізген Геннадий залдағы көрермендерді аяғынан тік тұрғызғаны анық. Десе де, жойқын соққылардан біршама есеңгіреп қалған “Канело” аз уақыттың ішінде есін жиып үлгерді. Соңғы раундта да Головкиннің сол жақтан ұрған бірнеше соққысы дөп тиді. Альварес аяғы тайып бір жығылып тұрғанымен, бұл нокдаун емес еді.

12 раунд бойы не нокаут, не нокдаун болмаған жекпе-жекте мексикалық Сауль Альварестің жолы болды. Ұпай айырмасы – 113: 115, 113: 115 және 114:114.

Осылайша, даңқты отандасымыз орта салмақтағы “WBA”, “WBC”, “IBO” тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атағынан айырылды. Бұл – бұған дейін шаршы алаңда 38 мәрте жеңіске жетіп, 34-ін нокаутпен жеңген қазақстандық боксшының спорттық мансабындағы алғашқы жеңілісі.

Кейін журналистерге сұхбат берген Геннадий Головкин төрешілердің шешіміне қатысты пікірімен бөлісті. “Мен жекпе-жекте кімнің жеңгені туралы айтпаймын. Себебі, төрешілердің шешіміне сәйкес жеңіс “Канелоға” тиесілі. Жанкүйерлер үшін өте тамаша жекпе-жек болды деп ойлаймын. Мен оған қарағанда мықты жұдырықтасамын деп ойлағанмын”, – деді Головкин. Үшінші кездесуге қатысты қойылған сұраққа ол: “Дұрыс жағдай жасалса – кездесуге дайынмын”, – деп жауап берді. Альварес те Головкинмен тағы бір жекпе-жек өткізуге қарсы еместігін мәлімдеді.

Үшінші кездесу болмағанның өзінде өзіне сегіз жас кіші қарсыласынан екі ұпай айырмасымен ұтылған Геннадий Головкин әлемнің ең үздік боксшыларының бірі екенін дәлелдеді. Қазақта “Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын” деген аталы сөз бар. Қазақстандықтар үшін “Әкем орыс, анам кәріс, ал өзім қазақпын” деп қазақ халқына деген сүйіспеншілігі мен құрметі зор қарағандылық боксшы жанкүйерлері үшін өз биігінде қала береді.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика