ЖАНДОСТЫҢ ЖЕҢІСТІ ЖОЛЫ

Солтүстікқазақстандық велошабандоз Жандос Бижігітовтің 2019 жылы да “Astana” кәсіпқой велокомандасының құрамында өнер көрсететіні туралы сүйінші хабарды естідік. Жерлес спортшы жуырда велоклуб басшылығымен жаңа келісімшарт жасасқан.

Жандос Бижігітов – халықаралық сайыстарда ел намысын абыроймен қорғап жүрген тәжірибелі спортшы, Петропавлдағы велоспорттан олимпиадалық резервтегі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің түлегі. Ол – Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы Виктор Потаповтың тәрбиеленушісі. Қазақ велоспортын алға сүйреп жүрген жасты телефон арқылы құттықтадық.

– Мен “Astana” велокомандасының сапында өнер көрсетуімді жалғастыратыныма өте қуаныштымын. Шындығын айтқанда, алғашқы екі жыл көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Осы уақыт ішінде әріптестерімнен біраз тәжірибе жинадым. Жоғары көрсеткіштерге қол жеткізу үшін алдағы жылы көп жұмыс істеуім қажет екені сөзсіз. Спорттық мансабымда жаңа деңгейге көтеріліп, клуб үшін маңызды нәтижелер көрсетуге дайынмын. Ол үшін барлық мүмкіндігім бар, – деді Жандос Бижігітов.

Ол былтырғы жылы құрамамен бірге командалық жарыста жеңіске жетіп, Азия чемпионатындағы топтық жарыста үшінші нәтиже көрсетті. Сонымен қатар Жандос ел біріншілігінің жеңімпазы атанып, “Джиро д'Италия – 2017” велобәйгесін толық жүріп өтті. Биылғы жылы Австрия, Дубай, Хорватия турларында және Баск елдерінің турында командадағы әріптестеріне қолдау көрсетті. Сонымен қатар Индонезияның Джакарта қаласында өткен жазғы Азия ойындарында ел намысын қорғап, топтық жарыста жерлесі Алексей Луценконың жеңіске жетуіне көмектесті.

Журналистерге берген бір сұхбатында кәсіпқой велокоманданың бас менеджері Александр Винокуров спортшының командадағы рөлі, оның жарқын болашағы туралы ойымен де бөліскен болатын. Бас менеджер: “Жандостың бұдан да биік нәтижелерге қол жеткізе алатынына сенімдімін. Оның таланты мен ынтасы зор. Жеке көрсеткіштерге тоқталатын болсақ, бұл маусым ол үшін сәтті аяқталды деп айта алмаймын. Алайда, көмекші ретінде командамыздың жеңіске жеткен бірқатар жарыстарында тамаша жұмыс атқарды. Екі жылда жинаған тәжірибесінің арқасында алдағы маусымдағы жарыстарда ол үлкен жетістіктерге жетеді деп ойлаймын”, – деді велоспортшының болашағына сенім білдіріп.

1991 жылы Петропавл қаласында дүниеге келген Жандос жастайынан велосипедке құштар болып өсті. Кейін шаһардағы дарынды балаларға мамандандырылған облыстық спорт мектеп-интернатында оқуын жалғастырды. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-да жоғары білім алып жүрген кезінде де спорттан қол үзбеді. Спорттық нәтижелерінің арқасында облыстық және республикалық жарыстарда сынға түскен саңлақ 2013-2014 жылдар аралығында қызылжарлық велоспортшылар – Төлеген Майдос, Виктор Окишевпен бірге “Astana Continental Team” құрлықтық велокомандасына алынып, “Андерлер” санатында өнер көрсеткен.

Білікті жаттықтырушылардан тәлім алған оның спорт әлемінде толағай жетістіктерге қол жеткізіп жүргенін мақтанышпен айта аламыз. Әңгіме барысында өзінің спорттық мансабындағы ең жарқын жеңістерін ой елегінен өткізген ол:

– Таиландта өткен Азия біріншілігінің күміс медалі менің спорттық мансабымдағы ең маңызды жеңісім деп санаймын. Себебі, бұл құрлық біріншілігіне ондаған елдің үздік велошабандоздары қатысып, бақ пен баптарын сынаған еді. Бәсекелестік өте жоғары болды. Жарыс бағдарламасына сәйкес мен 43,6 шақырымдық жекелей сында сайыстым. Бас жүлде ирандық қарсыласымның еншісінде кеткенімен, мен мәре сызығын одан бар болғаны екі-ақ минутқа кеш кесіп өттім. Сол күміс медальді алтыннан кем санамаймын, – деді.

Спорт саңлағының республикалық және халықаралық дәрежелерде ұйымдастырылған сайыстарда жеткен жетістіктері көп. “Әзірбайжан туры – 2012” сайысының командалық кезеңінде екінші орынға ие болады. Бір жылдан кейін Шымкентте өткен ел кубогында тасжолдағы критериум бойынша сынға түсіп, жеңістің бірінші сатысына көтеріледі. Ал 2014 жылғы Қытай турында командалық есепте бірінші болса, Чехияда теміржолшылар арасында өткен әлем біріншілігінде де жүлдегерлер қатарынан табыла білді.

Жандос үшін 2015-2016 жылдардың да табысты болғаны рас. Спортшы “Vino 4-ever” құрлықтық командасы құрамында Қытайда өткен “Tour of Qinghai Lake” велокөпкүндігінде жалпыкомандалық есепте екінші орынға ие болды. Сол жылы петропавлдық ұжым “Ең үздік Азия командасы” атағын иеленді. Сондай-ақ, Жандос Бижігітов Катардың Доха қаласында тасжолдағы велоспорттан өткен әлем біріншілігінде де сәтті өнер көрсетті. “Корея – 2016” велокөпкүндігінің кезең жеңімпазы атанса, “Tour of Thailand – 2016” жарысында екінші болды. Болгарияда өткен “Black Sea Cycling Tour” халықаралық додасында жалпы есептегі үшінші орны да атап айтуға тұрарлықтай. Бұл сайыста ол халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативін орындады.

– Осыдан екі жыл бұрын басты арманым орындалып, атағы әлемге танымал қазақстандық “Astana” велокомандасының қатарына алындым. Кәсіпқой командамен екі жылға келісімшартқа отырып, сөйтіп, басқа да солтүстікқазақстандық спортшылар – Бахтияр Қожатаев, Артём Захаров, Арман Қамышев, Алексей Луценко және Руслан Тілеубаевтармен бірге өнер көрсетіп, “Тур де Франс”, “Вуэльта” сынды велокөпкүндіктерде бағымды сынау мүмкіндігіне ие болдым. Қазіргі уақытта мен бапкерлерім мен клуб басшылығының сенімінен шығу үшін барымды салудамын. Алдағы мақсатым – 2019 жылы сәтті өнер көрсетіп, жекелей сындарда жүлдегерлер қатарынан көріну, – деді Жандос Бижігітов әңгіме соңында.

Біз өз тарапымыздан, елімізді әлемге танытып жүрген велошабандозға спорттық мансабында сәттілік тілейміз.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика