ҚАСИЕТТІ БОРЫШ

Петропавлдағы Ұлттық ұлан Әскери институтында “Отан қорғаушы – 2018” облыстық слеті өтті. Биыл спорттық шараға патриоттық клубтар тәрбиеленушілерінен жасақталған 21 команда қатысты.

Шараға жиналған оқушылар мен студенттер Әскери институттың алаңында сап түзеді. Спорттық ойынға келушілер алдында әскери оқу орнының басшылығы сөз алып, үміткерлерге сәттілік тіледі. Аға буын өкілдері өздерінің кәсіби жетістіктерін айтып, тәжірибелерімен бөліскеннен кейін әскери-патриоттық клуб мүшелері институт қолданысындағы әскери техникамен танысып, сарбаздарға арналған түскі астан дәм татты.

Дәстүрлі шараның өтуіне ұйытқы болған облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы Ирина Тухватулинаның айтуына қарағанда, әскери-патриоттық слет жастардың бойында елжандылық сезімді қалыптастыруды, адамгершілік тәрбие беру, қазақстандық әскердің абырой-беделін көтеруді көздейді.

Спорттық шара барысында қатысушылар белтемірде тартылу, эстафета, Калашников автоматын бөлшектеу және жинаудан, газқағарды киіп-шешу бойынша сынға түсті. Сайыс соңында жасөспірімдер арқан тартыста бақтарын сынады.

Слеттің қорытындысы бойынша Петропавл құрылыс-экономика колледжінің командасы бірінші орынды иеленді. Мағжан Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледждің командасы екінші орында болса, Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің шәкірттері үшінші орынды қанағат тұтты.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен, дипломдармен, кубоктармен және медальдармен марапатталды.

Дулат ҚОЖАХМЕТОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика