БІЛЕКТІЛЕР БӘСЕКЕСІ

Петропавлдағы Спорт сарайында спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы кубогының іріктеу кезеңі өтті. “Д” тобындағы сайысқа Ақмола, Қызылорда, Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстарының командалары қатысып, дзюдо, таэквондо, еркін және грек-рим күрестерінен күш сынасты.

Бұл шара осымен үшінші жыл ұйымдастырылып отыр. Сайыстың басты мақсаты – облыс құрамалары арасында бәсекелестікті арттыру екенін айтқан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Руслан Есеналин командаларға сәттілік тіледі.

– Жарыс алғаш ұйымдастырылған жылы біздің облыстан қатысқан грек-рим құрамасы үшінші орын алды. Өкініше қарай, өткен жылы жолымыз болмады. Сондықтан биылғы сайысқа барлық күш-жігерімізді салып дайындалдық. Қарсыластарымыз да осал болмады. Соның өзінде қызылжарлықтарға жеңіс бұйырды. Енді Тәуелсіздік күні қарсаңында Алматыда өтетін ақтық сынға дайындаламыз, – деді грек-рим күресінен облыс құрамасының аға бапкері Қонысбек Түкенов.

Сайыс қорытындысы бойынша грек-рим күресінен өңір құрамасы жеңіске жетсе, еркін күрес пен таэквондодан – Түркістан, дзюдодан Қызылорда облыстары спортшыларының асығы алшысынан түсті.

Бірегей жобаның жүлде қоры да қомақты. Бес спорт түрі бойынша финалда жеңімпаз атанған құрамалардың әрқайсысына 25 миллион теңгеден беріледі. Ал қазақ күресі енді дамып келе жатқандықтан, оның жүлде қоры әзірге 20 миллион теңге екенін айтқан спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясының өкілі Бақытбек Хамит кейбір спорт түрлері бойынша сайысқа қыздардың да қатысқанын атап өтті.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика