АШХАБАДТАҒЫ СӘТСІЗДІК

Түркіменстанның астанасы – Ашхабадта ауыр атлетикадан әлем чемпионаты өтуде. Допинг дауынан кейін жарыстардан бір жылға шеттетілген Қазақстан, Қытай, Солтүстік Корея мен Ресей құрамаларының спортшылары қайтадан бәсі биік додаға қатысу мүмкіндігіне ие болды.

Түркіменстанға аттанған 20 қазақстандық атлеттің жетеуі ғана “А” тобында (мықтылар тобы) бақтарын сынайды. Ал қалған 13 спортшы “В” және “С” тобында (нәтижесі төмен спортшылар тобы) сайысады.

Өкінішке қарай, отандастарымыз үшін бұл дода сәтсіз өтуде. Бұған дейін сайыс жолына шыққан қазақстандықтар – Фархад Харки (9-орын), Айдар Қазов (12-орын), Зульфия Чиншанло (5-орын) және Сәуле Сәдуақасова (11-орын) жүлдеден құр қалды.

Қазақстан құрамасының қоржынында жалғыз күміс медаль бар. Ол 55 килограмм салмақ дәрежесінде сынға түскен қазақстандық зілтемірші Арли Чонтейдің еншісінде. Жұлқа көтеруде 120 килограмды, ал серпе көтеруде 138 килограмды бағындырып, екі кезең қорытындысы бойынша 258 килограмдық көрсеткішпен екінші орынды иеленді.

Ал 2016 жылғы Рио Олимпиадасының жеңімпазы Нижат Рахимов серпе көтеру жаттығуы бойынша кіші қола медальды иеленгенімен қоссайыс қорытындысында жүлдесіз қалды. Ол ел намысын 73 килограмм салмақ дәрежесінде қорғаған болатын. Бұл жолы Олимпиада чемпионының қарсыластары өте қарымды болды. Жаттығудың екі түрі бойынша Нижат Рахимов 337 килограмм көтеріп, 8-ші орынға тұрақтады.

Ауыр атлетикадан әлем чемпионаты қарашаның 10-ына дейін жалғасады. Біріншілік барысында Қазақстан сапынан ерлер арасында Денис Уланов (89 кг.), Рустем Сыбай (96 кг.), Александр Зайчиков (102 кг.), Ибрагим Берсанов (109 кг.), Ердос Сайлау (109+ кг.), әйелдер арасында Әсем Садықова, Карина Горичева (64 кг.), Екатерина Столяренко, Надежда Лихачева (71 кг.), Екатерина Быкова (76 кг.), Раушан Мешітханова (81 кг.), Айзада Мүптілдә, Александра Аборнева (87+ кг.) жарыс жолына шығады.

Қанат АТАМАНОВ,

“Soltústіk Qazaqstan”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика