ЖІГІТТІҢ ТӨРЕСІ ЕДІ

Ол өмірден тым ерте өтті. Өкінішті! Місе тұтатынымыз – соңында іздеушісі бар. Отбасы ғана емес, үзеңгілес достары, ізбасарлары ұмытпайды. Ұмыттырмайды. Мен де осы қауымның қатарындамын. Осы құрметке лайық адам – грек-рим күресінен КСРО-ның спорт шебері Уәлихан Құдышұлы Нұркеев еді.

Топырақтан тысқары болса, биыл жетпіс жасқа толар еді. Петропавлдағы спорт мектеп-интернатында бозкілемнің жайсаңын әрі жасынын еске алуға арналған халықаралық жарысқа Ресейдің Новосібір, Сургут, Петухово қалаларынан, Қырғызстаннан, өз еліміздің түгел дерлік өңірлерінен, облыс аудандарынан, Қызылжардағы спорт мектептерінен 170-ке тарта грек-рим күресінің жас қырандары қатысып, шеберлік сынына түсті.

Осы тұста әдеттегідей, жарыс қорытындысын ғана ұсынып, сөзді түйіндей салуға болар еді. Бірақ одан айнуыма мына жағдай түрткі болды. Уәлихан ағамыздың жетпіс жылдығына алыстан ат арытып келген көзтаныстары, жас күндерінде қатар жүрген, ақылына құлақ қойып, бозкілемдегі айла-амалдарын үйренген үзеңгілес інілері мұныма риза болмас еді.

Қамшының сабындай қысқа ғұмырында Уәлихан Құдышұлы нарға жүк боларлықтай іс тындырды. Аққайың ауданының тумасы, кіндік қаны ноқаттай ғана разъезде тамған ол 22 жасында Петропавл педагогика институтын тамамдады. Бозкілемде жасындай жайнады.

Сол жылдары Қызылжардың осы институтында білім алған барша қазақ студенттері бұл қағылез жігітпен достасуға құмар еді десем, асылық емес. Бүгіндері жетпіске жетіп отырған зиялы қауымның көбі оны жақсы біледі. Адамгершілігін таныды, кісілігін көрді. Бәлки, бозкілемдегі шалт қимыл-әрекеттеріне айызы қанып, алақан соққан шығар. Сол күндердің студенттері ұйымшыл еді ғой. Ал Уәлихан көптің көз алдында жүрді.

Жаттықтырушысы Виктор Давидович Вик шыңдады оны. Уәлихан өз өңірімізде тұғырдың биігінде тұрды, Алматы, Қарағанды, Көкшетау, Ресейдің Қорған, Омбы, Томск қалаларындағы жарыстардан да мереймен оралды. Спорт шебері дәрежесін иеленді.

Кейін “Спартак” ерікті спорт қоғамына жетекшілік етті. СҚМУ жанынан “Жігер” спорт клубын құрып, басқарды. Достары да сайдың тасындай еді. Айталық, алып денелі Амангелді Есеналиннің өзі неге тұрады? Бүгінгі Жамбыл Тасеменов, Ғалым Өркешов, бокстан КСРО спортшебері Ғазез Шаяхметов, Бауыржан Құлжанов, Беспай Қайыпов, Жаудат Шоткин, Саруар Бектасов, Есілбай Омаров, Мамлют ауданындағы Бексейіт ауылының бапкері Амандық Нұрғожин, Василий Лисяной, Виктор Инстранин, Амангелді Дайыров Уәлиханмен сапарлас серік, тізгіндес достар емес пе? Еске алу кеші осыларсыз өтпейді жылда.

Әдетте, “Жүк ауырын нар көтереді” дейміз ғой. Мұндай ірі жарыстың жалауын желбірете қою жеңіл іс емес. Осы ретте “Күрес” мектебінің бұрынғы директоры, бүгінгі әдіскері Ғалым Өркешов үнемі осы жүкті арқалаумен келеді. Айта берсе, атқарғанына айызың қанады: кубоктарды дайындау, марапат дипломдарын бастыру, Уәлиханның бейнесі салынған төсбелгілерді жасату...

Айта кетейін: біздің өңірден келген балуан балаларға спорт интернатынан орын жетпей қалғандықтан, біразын өзінің пәтеріне түнетті. Атақ-даңққа бола емес, абыройлы ағасы Уәлиханның құрметі үшін!

Ендігі сөз жарыстың салтанатты ашылуы жөнінде: облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Руслан Есеналин, облыстың құрметті азаматы, КСРО-ның Құрметті спорт шебері Жамбыл Тасеменов, Уәлиханның әпкесі Орынша Құдышқызы ақ тілектерін арнаса, өнер колледжінің 4-ші курс студенті Жарқын Ибраев “Жүрегім қазақ” әнін, “Қуанамын” халық би студиясының бишілері өнерін тарту етті. Еліміздің Әнұранын саптағы жас балуандар да, сайыпқырандар да қосыла шырқап айыз қандырдық.

У.Нұркеевтің зайыбы Бағила Төлеутайқызы, балалары асқан ризашылықпен алғыс айтып жатты!

Жарысқа барлығы 18 құрама қатысты. Қаламыздан “Күрес”, “Жеңіс”, “Олимп” спорт мектептерінен, спорт-интернатынан жас балуандар бақ сынады. Жеңімпаздардың тізімі төмендегідей:

26 кг.: Әділет Асанқұлов (Қырғызстан).

29 кг.: Ерасыл Мұсан (Түркістан облысы).

32 кг.: Рауан Бекімов (“Күрес” мектебі).

35 кг.: Нариман Бекімов (“Күрес” мектебі).

38 кг.: Павел Бондарь (Сургут қаласы).

41 кг.: Қайсар Октябрь (“Күрес” мектебі).

44 кг.: Хамид Набиев (“Күрес” мектебі).

48 кг.: Александр Каширин (Сургут қаласы).

52 кг.: Ислам Мартазанов (Атбасар қаласы).

57 кг.: Әшім Нұралы (Шымкент қаласы).

62 кг.: Максим Срипак (“Күрес” мектебі).

68 кг.: Андрей Пилипенко (“Жеңіс” мектебі).

75 кг.: Максим Капустин (Петухово қаласы).

85 кг.: Артур Савчук (Петухово қаласы).

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ.

Суретті түсірген Марат ШЫНТЕМІРОВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика