ЖЕҢІСКЕ ЖЕТЕЛЕГЕН ЖОЛ

Біздің өңірімізде есімі елімізге ғана емес, әлемге танымал спортшылар баршылық. Солардың бірі – ауыр атлет Айдар Қазов студенттер арасындағы Бүкіләлемдік жазғы Универсиадада табысты өнер көрсетіп, ел мерейін асқақтатты. Жуырда жасындай жарқ етіп, жастардың спорттың осы түріне қызығушылығын арттырған ел құрамасының белді мүшесімен сұхбаттасудың сәті түсті. Табиғатынан ашық, айналасындағылармен емен-жарқын сөйлесуге ұмтылатын Айдарға көкейімізде жүрген сұрақтарымызды қойдық.

– Айдар, ең алдымен, жеңісіңізбен құттықтаймыз. Жеңісіңіз төбемізді көкке жеткізгендей болды. Ендігі кезекте бәсекелі сайыс барысында алған әсеріңізбен бөлісе отырсаңыз. Үздіктердің басын қосқан тартысты додада дәл осындай нәтиже көрсетемін деп ойладыңыз ба?

– Көп рақмет. Әрине, әр спортшы мұндай байрақты додаға жеңіс тұғырынан көріну үшін барады емес пе? Жеңіске жету өте қиын болатынын сезіндім. Өйткені, 77 килограмм салмақта 15 үздік зілтемірші күш сынасты. Бірақ “Шешінген судан тайынбайды” демекші, бапкерлерімнің, отандастарымның сенімін ақтау қажет. Ол үшін екінің бірі тәуекел ете бермейтін спорттың ауыр атлетика түріне баулып жүрген жаттықтырушыларымның тапсырмаларын орындап, белімді бекем буындым. Сайыс барысында жоғары нәтиже көрсете алатын мүмкіндігімнің бар екенін сезіндім.

– Айтулы додада жанкештіліктің шынайы үлгісін көрсеттіңіз. Жұлқа көтеруде ресейлік Вячеслав Яркин мен канадалық Алекс Бельмардан қалып қойғаныңызға қарамастан, жаттығудың екінші түрінде басты қарсыластарыңызды басып оздыңыз. Бұл нәтижеге қол жеткізу қаншалықты қиын болды?

– Әрине, жұлқа көтеруде біраз қобалжығаным рас. Себебі, жаттығуларымда серпе көтеруге қарағанда, жұлқа көтеруде нәтижем біршама төмендеу болды. Сайыс барысында Канада атлеті Алекс Бельмар 147 килограмды, ал Ресей спортшысы Вячеслав Яркин 150 килограмды көтеріп, жағдайым қиындады. Дегенмен, егер алғашқы сайыста 145 килограмды еңсерсем, екінші сайыста чемпиондық атаққа таласу мүмкіндігіне ие боларымды білдім. Жоспарымды жүзеге асырып, жұлқа көтеру бойынша үздік үштікке ендім. Бұл алтын медаль жолындағы алғашқы қадамым болды. Ал өзім үшін ыңғайлы серпе көтеруде бірінші мүмкіндігімде 175 килограмды көтердім. Бұл көрсеткішті бағындырғаннан-ақ жүлденің ауылы алыс еместігін іштей сезіндім. Сөйтіп, екінші мүмкіндікте Канада мен Ресей спортшылары бағындыра алмаған 186 килограмды көтеріп, алтын медальға қол жеткіздім.

– Үстіміздегі жылдың көктемінде Ашхабад қаласында өткен Азия біріншілігінде қоссайыстың қорытындысы бойынша төртінші орынға ие болған едіңіз. Бүгінгі жетістігіңіз қателіктермен жасалған жұмыстың нәтижесі деп айта аламыз ба?

– Тайбэйде жеңіске жету оңай болған жоқ. Қарсыластарым да Азия біріншілігіндегі спортшылардан кем емес. Сондай-ақ, сайыс алдында үлкен жұмыстар атқарылды. Әр өткен халықаралық сайыстардан кейін орын алған кемшін тұстарым сараланып, қатемен жұмыс жасалды. Бұл сайыста жоғары нәтиже көрсетуім тәжірибелі бапкерлерім Ерік Әлібаев пен Дәулет Әділғазиннің арқасы деп білемін.

Жазғы Универсиадада жүлдеге ие болған әр жерлесімнің жетістігіне қуанып отырдым. Ел құрамасының қоржынына 3 алтын, 6 күміс және 7 қола медаль салған қазақстандық спортшылардың ерен еңбектерінің нәтижесінде 140 елдің арасында командалық есепте 21-ші орынға ие болдық. Бұл – жақсы көрсеткіш. Өкінішке қарай, студенттердің дүниежүзілік сайысына ел құрамасы сапында сынға түскен қызылжарлықтар Михаил Литвин мен Екатерина Эктова жақсы көрсеткішке қол жеткізе алмады. Бірақ олардың басты жеңістері әлі алда деген сенімдемін.

– Осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстан ұлттық құрама командасының кеңесші-бапкері Энвер Түркілеридің: “Айдар Қазовтың бойында Олимпиада чемпионы атануға қажетті қасиеттің бәрі бар. Егер осы бағытынан жаңылмай, жаттығу залында шелектеп тер төгетін болса, келешекте бұл бала көздеген мақсатына жетеді”, – деп айтқанын білеміз. Иә, сол кезде сіз спортсүйер қауым арасында таныла қоймаған едіңіз. Дегенмен, бүгіндері атақты бапкердің айтқаны келе бастағанына куә болып отырғандаймыз.

– Тәжірибелі бапкер бойымнан спортшыға тән қасиеттерді байқаған шығар. Мен де залда талмай жаттықтым. Мақсатым бапкерлерімнің сенімін ақтау, өзімнің мықтылығымды дәлелдеу болды. Бүгіндері жастығыма қарамастан, өз қатарластарымның алды болып, Қазақстанның біріншіліктерінде бірнеше мәрте дара шаптым. Халықаралық сайыстарда көзге түстім. Атап айтқанда, Бішкек қаласында жасөспірімдер арасында өткен Азия біріншілігінде бір алтын, екі қола медаль еншілесем, Таиландтағы Азия біріншілігінде чемпион атандым. Қытайдың Фучжоу қаласында өткен халықаралық Гранприде ересектер арасында сынға түсіп, қола жүлдеге қол жеткіздім. Катардың Доха қаласында өткен Азия кубогында топ жарған едім. Өткен жылы АҚШ-тың Хьюстон қаласында өткен ересектер арасындағы әлем біріншілігінде үздік ондыққа еніп, тәжірибе жинақтап, техникамды жетілдірдім. Әрине, олимпиада асуын әлі бағындыра қойған жоқпын. Бірақ қандай да бір толағай табыстың үш-төрт жылда келе қоймайтыны белгілі ғой. Ең бастысы, көз арбаған биіктерге қарыштап қадам жасап келемін.

– Айдар, сіз өнер көрсетіп жүрген 77 килограм салмақта Лондондағы жазғы Олимпиаданың чемпионы Ниджат Рахимов бар. Сіз үшін бәсекелесу қиын емес пе?

– Спортта жақсы бәсекелестіктің болғаны жақсы. Ол спортшыны жанын салып, жоғары жетістікке жету жолында қамшылай түседі емес пе?! Мен қандай да болсын бәсекеге дайынмын. Қарсыластарды жеңу алдағы уақыттың еншісінде.

– Алдыңызға қандай мақсат-міндеттер қойып отырсыз? Қараша айында АҚШ-тың Анахайм қаласында өтетін әлем біріншілігіне қатысу жоспарыңыз бар ма?

– Иә, мен бұл бәсі биік додаға қатысуға ниеттімін. Алдағы аптада Ресейдің Сочи қаласына сапарға шығып, 36 күн бойы жаттығу жиындарын өткіземін. 2020 жылы Токиода өтетін жазғы Олимпиада ойындарына да қатысудан үміттімін. Әр спортшы үшін жазғы олимпиадаға қатысу бір арман ғой. Төртжылдықтың басты жарысының жолдамасына қол жеткізу үшін барымды саламын.

Әңгімелескен

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Вадим МУДАРИСОВ.

Текстиль для дома, Вышивка, Фурнитура, Ткани
автоновости