ӘСКЕР ҚОЖАНОВ — АБСОЛЮТТІК ЖЕҢІМПАЗ

Өңірімізге танымал марафоншы Әскер Қожанов жуырда Астана қаласындағы Орталық саябақтың шаңғы-роллерлік тасжолында “Self-Transcendence – өз-өзіңді бағындыру” деп аталатын ультрамарафонда абсолюттік жеңімпаз атанды.

Спорттық шараға әр өңірден жиналған 18-40 жас аралығындағы жетпіске жуық желаяқ қатысты. Сайыс бағдарламасына сәйкес әуесқойлар мен ардагер жүгірушілер 100 шақырымдық және 6 сағаттық марафонда сынға түсті. Ал кәсіби спортшылар 24 сағатқа дейін созылатын бәсекенің көркін қыздырып, көрермендер мен жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленді.

Аталмыш жарыста өңір намысын абыроймен қорғаған “Надежда” әуесқойлар клубының мүшесі, Жамбыл ауданының тұрғыны Әскер Қожанов 24 сағаттық кезеңде бағын сынап, белгіленген уақытта 204 шақырым қашықтықты бағындырды. Сөйтіп, ультрамарафонның абсолюттік жеңімпазы және 18-45 жас тобында үздік атанған солтүстікқазақстандық желаяқтың кеудесінде қос алтын жарқырайды.

– Ай сайын 700-900 шақырымды еңсеретін мен үшін бұл марафонды бағындыру қиындық туғызған жоқ, – дейді жыл басынан бері үш марафонға қатысып, үздіктер қатарынан көріне білген Әскер Қожанов.

Сайыста қарсыластарын шаң қаптырған желаяқ соңғы 16 жылдың ішінде 85 марафонда бағын сынаған. Тәжірибелі марафоншы тоғыз мәрте кубок иегері атанған, 29 рет әртүрлі дәрежедегі медальдар жеңіп алған Әскер Қожановтың айтуынша, елімізде осымен төртінші рет ұйымдастырылған спорттық шара өте жоғары деңгейде өткен.

Ультрамарафонның салтанатты жабылу рәсімінде жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Азияның, Африканың, Австралия мен Американың шөл далаларын жүгіріп өткен әлемдегі теңдессіз жалғыз тұлға, Гиннестің рекордтар кітабының жеті дүркін рекордшысы Марат Жыланбаев құттықтап, медальдар мен грамоталарды табыстаған.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.