БАЛАЛАР БАҒБАНЫ

34 жыл бойы Теңдік орта мектебінде еңбек етіп келе жатқан жоғары санатты ұстаз Бақыт Бимұханбетқызы: “Ұрпаққа қалдырар мәңгілік байлық – білім мен тәрбие. Ол құндылық мұғалімнің уысында”, – деп біледі. Баланы білім нәрімен сусындатқан ұстаздың алдынан талай шәкірт ұшып шығып, түрлі мамандықтың иесі атанды. Ұстаз халықтың ұлттық педагогикалық бай тәжірибесіне сүйене отырып, оқу-тәрбие үдерісін ізгілендіруді мақсат еткен.

Бақыт Нұрмақанова жаңартылған білім беру жүйесі бойынша 2-сыныпқа дәріс береді. Бастауыш сыныпта қолданылатын әдіс-тәсілдер оқытудың ең жоғары стандарттарын қамтамасыз етіп, үш тілді жетік меңгерген тұлғаны тәрбиелеуге бағытталғандықтан, ұстаз ата-аналармен тығыз байланыста жұмыс істейді. “Оқушылар өздеріне қажетті білімді табуы және оны өмірде қолдана білуі керек. Ол үшін оқушыларға диалогке және бірлескен оқуға қатысуға мүмкіндік беремін”, – дейді Бақыт Бимұханбетқызы.

Бастауыш сынып пәндері бойынша критериалды бағалау жүргізіледі. Онда педагогиканың түрлі аспектілері қарастырылып, мұғалімнің жетекшілігімен жүретін оқылым және жазылым, дәлелдеу, қарым-қатынас жасау дағдылары сындарлы оқыту теориясы бойынша жүзеге асады. “Сындарлы оқыту тәсілдері білім берудің “дәстүрлі” әдістерімен салыстырғанда, оқыту кезінде жоғары нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Оқушылардың алдыңғы алған білімдері жаңа дағдыларды меңгеруіне ықпалын тигізеді. Егер ол ескерілмесе, онда берген білім тереңге бармай, үстірт меңгерілген, таяз болмақ”, – дейді өз тәжірибесімен бөліскен ұстаз.

Білім беру саласында озық технологияларды баланың ерекшелігіне қарай қолдана білу жоғары деңгейге қол жеткізудің бірден-бір жолы деп санайтын Бақыт Бимұханбетқызы түрлі әдіс-тәсілдер мен жаңа ақпараттық технологияларды қолдана отырып, әр сабағын сапалы, жоғары деңгейде жүргізеді. Оның айтуынша, бастауыш сыныптарда ойын шынайы өмірдің белгілі бір аспектілерін модельдеу және зерттеу үшін ұсынылған мүмкіндік болып табылады. Домино сияқты дәстүрлі ойындар математика сабақтарындағы кездейсоқтық пен ықтималдық мәселесін қарастыруда оңтайлы.

Оқушы білімінің жан-жақтылығына талаппен қарайтын ұстаздың оқушылары түрлі олимпиадаларда жоғары нәтижелерге қол жеткізуде. Жаңартылған білім беру жүйесі бойынша сыныптың білім сапасы мен оқу жылдамдығы – 100 пайыз. Бақыт Бимұханбетқызының өз тәжірибесіне негіздеп жазған “Бастауыш сынып оқушыларының дүниетану сабағында танымдық белсенділіктерін және шығармашылық қабілеттерін арттырудың жолдары”, “Тіл сабақтарында оқушылардың таным белсенділігін жетілдіру” атты әдістемелік құралдары әр мұғалім үшін таптырмас көмек.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Тайынша ауданы.  

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.