АБАЙДЫ ТАНУ — АДАМЗАТТЫ ТАНУ

Қазiргi жаһандану жағдайында өз ұлттық құндылықтарын сақтап, оны дамыта бiлген мемлекет қана өркениеттi елдер қатарынан лайықты орын алады. Қазақ әдебиетiнiң асыл қазыналарын ұрпақ үнiне жалғастыру мектепте берiлетiн әдеби бiлiм сапасына негiзделедi. Мектептерде ұлттық мұраларымызды пәндердің мазмұнына оңтайлы ендіре отырып, болашақ ұрпақтың бойына сіңіру – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Қазақ әдебиеті пәні – осы келелі мәселені шешетін негізгі пәндердің бірі. Өйткені, пәннің негізгі өзегі – ұлттық құндылықтарымыз болып табылатын көркем шығармалар.

Ал әдебиеттегі басты құндылығымыз Абай шығармалары екені даусыз. “Абайтану” курсы жаңа оқу жылынан еліміздің білім беру ұйымдарына таңдау пәні ретінде міндетті оқыту үшін енгізілген. Сол арқылы Абай мұраларын кеңірек қарастыруға мүмкіндік туып отыр. Мектебімізде “Абайтану” курсын қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Адай Ғабдуллин жүргізеді. Қолданыстағы “Абайтану” курсының типтік оқу бағдарламасында ақын мұрасының XX ғасырдың 30-60-шы жылдарындағы зерттелу жайы қарастырылған. Онда ақынның өмір жолынан, туып-өскен ортасы мен әдеби мектебі, тәлім-тәрбиелік мәні зор қарасөздері, өлеңдері, аудармалары мен поэмалары, поэзияға қойған биік мақсаттары, қазіргі абайтанудағы өзекті мәселелер топтастырылған. Абай шығармашылығындағы тұлға болмысы, адам танымдарының идеялық-көркемдік ұстаным негізіндегі байламдарын байыпты бағдарлауға назар аударылып, Абайдың талантты ақын шәкірттерінің шығармашылығына да көңіл бөлінген.

Абай өлеңдері мен қарасөздерінің тәрбиелік мәні зор, идеялық деңгейі жоғары. Ақын шығармалары өз жанынан шығарған төл өлеңдері, ғақлия немесе қарасөз деп аталатын прозасы, өзге тілдерден, әсіресе, орысшадан аударған өлеңдері болып үшке бөлінген. Оның “Жасымда ғылым бар деп ескермедім”, “Ғылым таппай мақтанба”, “Интернатта оқып жүр”, “Қалың елім, қазағым, қайран жұртым”, “Сабырсыз, арсыз, еріншек”, “Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін” өлеңдері бүгінгі күні де маңызды, өзектілігін еш жойған жоқ. Абай – адамзат ақыл-ойы мен ақындығының ірі тұлғасы. Абай тарихқа, ең алдымен, кемеңгер, ойшыл ақын, ағартушы ретінде енді. Оның мұрасын өскелең ұрпақ бойына сіңіру – ұстаздардың міндеті.

Айнагүл ҒАБДУЛЛИНА,

Ақсуат орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.

Тимирязев ауданы.   

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.