ӨМІРІМЕ ЖОЛ СІЛТЕДІ

Дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Әсілі, мұғалім – барлық мамандық иесін тәрбиелейтін, оқытып-үйрететін мейірімді жан. “Мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың анасы” демекші, ұстаз алдынан тәрбие алмайтын жан жоқ. Сондықтан ұлағатты ұстаздарға бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді.

Ұстаз берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ секілді. Айтқан ақыл-кеңесімен, берген білімімен менің өмірімде ерекше орын алған ұстазым – Бибіғайша Күзенбаева. Айыртау ауданындағы Бірлестік орта мектебінде алтыншы сыныптан бастап биология пәнінен сабақ берген ұстазым менің мамандық таңдауыма көп ықпалын тигізді. Ол менің биология пәніне деген қызығушылығымды оятып, олимпиадалар, ғылыми жобаларға қатыстырып, үнемі алға жетеледі. Ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде де таңдаған пәнім биология болғандықтан, уақытпен санаспай мені сынаққа дайындады. “Сен оқуға грант жеңіп алсаң, менің еңбегімнің ақталғаны”, – дейтін ол.

Тынбай еңбектенгеннің арқасында ұстазымның үмітін ақтап, Астана қаласындағы С.Сейфуллин атындағы аграрлық-техникалық университеттің ветеринария және мал өнімдерін өндіру технологиясы факультетіне грантпен оқуға түстім.

Қашан да жаңашылдыққа ұмтылатын ұстазым бүгінде заман ағымынан қалмай, биология пәнін ағылшын тілінде оқыту бойынша курста білімін жетілдіріп жүр. Мен Бибіғайша Сағынбекқызына алғысымды жеткізе отырып, ұстазымның әлі талай шәкірттің бағын ашатынына сенемін.

Айнұр ЕРМЕКБАЙҚЫЗЫ.

Астана қаласы.  

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика