АҒЫЛШЫНШАҢЫЗ ҚАЛАЙ, ҰСТАЗ?

“Білу аз, сол білгеніңді іс жүзінде қолдана білу керек” деген қағида – бүгінгі күн талабы. Ұстаздар алдында да заман ағымынан қалмай, озық отыздыққа ену міндеті тұр. Әсіресе, 2020 жылға дейін үш тілде дәріс беретін мамандардың біліктілігін арттыру және қайта даярлауға еліміз бойынша дайындық қызу жүргізілуде. Ол үшін ел қазынасынан қомақты қаражат та қарастырылған. Бұл науқаннан біздің облыстың мұғалімдері де қалыс қалмай, өз біліктіліктерін арттыру мақсатында түрлі деңгейдегі курстардан өтуде. Білім басқармасының деректері бойынша, 2018-2019 оқу жылының 1 қыркүйегіне дейін өңіріміздің жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерінен сабақ беретін 544 мұғалімі біліктіліктерін арттыруы тиіс. Қазіргі таңда олар деңгейлік курстардан өтуде.

– “Не ексең, соны орасың” дегендей, бүгінгі күні әлемдік білім кеңістігіне ену жолындағы алғашқы қадамдарды бастап кеттік. Еліміздің жаңа мазмұндағы оқыту бағдарламасына сәйкес, бастауыш сыныптардан бастап ағылшын тілін оқыту енгізілген. Үстіміздегі оқу жылынан облысымыздың 57 жалпы білім беретін мектебінде жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді ағылшын тілінде оқыту бойынша ата-аналардың келісімімен факультативтік сағаттарға уақыт бөлінді. 2506 балаға В1 және В2 деңгейлік сертификаттарын алған мұғалімдер сабақ беріп жүр, – дейді облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Валентина Черных.

Өңір мектептерінде жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерден сабақ беретін және “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ “Солтүстік Қазақстан облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты” филиалында курстан өтіп жүрген мұғалімдерге аталмыш пәндерді ағылшын тілінде оқытудың әдістемесі үйретілуде. Шеберлік сыныптарында Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған облыстық гимназия-интернаты, “Білім-инновация” лицейі, “БЭСТ” гимназиясы және тағы бірқатар мектептердің жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді ағылшын тілінде оқыта бастаған мұғалімдері тәжірибе алмасты. Осы сабақтардың біріне мен де қатысып, жаңаша оқыту үлгісімен танысу мүмкіндігіне ие болдым.

“БЭСТ” гимназиясында биология пәнінің мұғалімі Ольга Ломзева 10-сыныпта факультативтік сабақ өткізді. Оқу үдерісінде ұйымдастырылған ойын арқылы балалар өткенді қайталап, үйренген сөздерін оқып, жазып, сөйлем құрады. Берілген мәтінді оқып, бірден аудармасын жасады. Интерактивті тақтадан бейнеүзік көрсетіліп, онда балаларға тақырыпқа байланысты сұрақтар қойылды. Топтық жұмыс ұйымдастырылып, әрқайсысы өздерінің сұрақтарын қорғап шықты. Ұстаз да, оқушылар да сабақ бойы таза ағылшын тілінде сөйледі. Біз қатысқан үлгі сабақ өз деңгейінде өтті.

Ольга Ломзеваның педагогикалық өтілі 18 жыл екен. Ол биыл үш айлық курстан өткен. Ағылшын тілін мектепте оқымаған ұстаз 40 минуттық сабаққа апта бойы дайындалатынын жасырмады.

– Ағылшын тілін оқушыларыммен бірге үйреніп жүрмін. Тіпті, жылаған күндерім де болды. Қазір біртіндеп қалыпқа түсіп келемін, – дейді Ольга Ломзева. Айтуынша, адамның бағындырмайтын биігі жоқ. Білім ешқашан артық болмайды, өмірде барлығын үйренуге тырысқан дұрыс.

Есіл ауданындағы Явленка №3 қазақ орта мектебінің биология пәнінің мұғалімі Гүлсара Бектұрғанованың еңбек өтілі – 28 жыл. Ол да ағылшынша сабақ беру үшін алдымен әріпті үйрене бастаған. Ол: “Қазір үш айлық курстан өтіп жатырмын. Жасым елуде, енді өзіме де тілді оқушылармен бірге үйренуге тура келеді”, – десе, осы ауданның Ильинка орта мектебінен келген биология-география пәндерінің мұғалімі Гүлнәр Төлегенованың жағдайы әріптесіне қарағанда жақсырақ. “Мен ағылшын тілін мектепте оқығанмын. Аздап тілді білемін. Қазір курстан өтіп жүрмін. Бірақ тілді білу мен балаларға сабақ беру бірдей емес. Оңай болмасы анық”, – дейді ол.

Мәдина Жағыпарова Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатта биология пәнінен сабақ береді. Бүгінде университетте ағылшын тілі пәнінің мұғалімі мамандығын қосымша оқып жүр. Мектепте және жоғары оқу орнында ағылшын тілін меңгергендіктен, оған шет тілінде сабақ беру аса қиындық туғызбаған.

– Біздің мектепте 2 жыл бұрын 5-сынып оқушыларына физика және биология пәндерін ағылшын тілінде қосымша оқытатын қанатқақты жоба қолға алынған еді. Соның нәтижесінде биыл 7-сынып оқушыларының ағылшын тілін меңгеруі біршама жетілгеніне көзіміз жетті, – дейді Мәдина Жағыпарова.

Өздеріңіз көріп отырғандай, ұстаздардың деңгейлері әртүрлі.

– Қазіргі таңда 138 мұғалім әртүрлі деңгейлік курстарды тамамдады. 99-ы – физика, информатика, химия, биология пәндерін ағылшын тілінде жүргізуге құқылы. В1 және В2 деңгейіне ие болған 18 ұстазға базалық лауазымдық жалақының 200 пайызы көлемінде қосымша ақы төленеді. Курстан өткен ұстаздардың деңгейі онлайн-режімде Астанаға тапсырған емтихан нәтижесі бойынша анықталады, – дейді облыстық әдістемелік және ақпараттық-технологиялар орталығының маманы Балерке Сәдуақасова.

Ұстаздардың айтуынша, балаларға ағылшын тілін білу артықтық етпейді, бірақ оған біртіндеп, оқушының деңгейіне қарай бейімделу қажет. Егер бұл жалпы білім беретін мектеп болса, жүктемені аздап, бөліктермен біртіндеп арттырған дұрыс. Алдымен баланың пәнге деген қызығушылығын ояту керек. Сапаға жету үшін сабақ мазмұнының түрлерін, оқытудың амал-тәсілдерін түгелдей өзгерту қажет. Бұрынғыдай: “Оқулықты ашыңдар, мынаны оқыңдар, мазмұнын айтып беріңдер, жазыңдар” деген әдістемемен оқыту бәрін жалықтырды. Сондықтан балалармен бірлесіп, қиындықты жеңуге тырысқан дұрыс”, – дейді ұстаздар.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.  

Comments   

 
0 #1 Азамат 2018-01-09 09:53
Білім саласындағы үздіксіз реформалар мұғалімдерді де, ата-аналар мен оқушыларды да қинап бітті. Бәрінен бұрын тілі орысша шығып, қазақ мектебіне барған, жаңа мазмұнда оқыту кезеңіне тап болған мектеп табалдырығын енді аттаған бүлдіршіндерге қиын екендігін көріп жүрміз. Олардың миында қазақ, орыс, ағылшын тілдері араласып, ботқа болып кеткен. Осындай балаларға ағылшынша үйретіп, өздері де сол тілде үйренбек болып жүрген мұғалімдердің де жағдайы мәз еместігін автордың мақаласы айтып тұр. Бірақ, реформа енгізіліп кетті, шегінерге лаж жоқ. Ұстаздар мен балаларымызға тек Алла жар болсын.
Quote
 

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика