ЕҢБЕКТІҢ ЖЕМІСІ

Қазақстанның дамуына ерекше бағыт-бағдар берген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” мақаласындағы жаңғыру бағыттары білім саласын жаңа белестерге көтеруде. Білім – баға жетпес үлкен рухани күш, сонымен қатар аса зор өндіргіш құрал. Сол себепті де бүкіл әлем ең әуелі білімнің теңдессіз күшіне арқа сүйейді. Бүгінгі таңда білім саласы қызметкерлерінің алдына қойылып отырған міндеттердің ауқымы кең, көздеген межесі биік.

Кез келген білім мекемесінің сапалы еңбек етіп, жақсы нәтижеге жетуі білікті мамандардың талапқа сай жұмыс істеуіне жағдай жасалуына байланысты. Бұл бағытта Өндіріс орта мектебінде аудан әкімінің, аудандық білім бөлімінің қолдауымен бірқатар жұмыстар атқарылды. Ең басты жаңалық мектеп ғимаратының күрделі жөндеуден өтуі болды. Қазір мектебіміз жаңа түрге еніп, жақсарды.

Сапалы білім беру мақсатында мектебімізде мультимедиялық, физика, интерактивті тақтамен жабдықталған кабинеттер жұмыс істеп тұр. Асхана, медициналық пункт, спорт залы бар. Соңғы үш жылдың ішінде жылыту қазандықтары мектеп ғимаратынан шығарылып, бұл мәселе толығымен шешілді. Мектепке су тартылып, электр жүйесі жаңартылды. Хоккей корты салынып, шаңғылар сатып алынды.

Мектеп жанындағы жер телімі қоршалып, екінші жылыжай салынды. Одан түрлі көкөніс өнімдерін жинап алдық. Әсіресе, қырыққабаттың шығымдылығы ерекше болды. Шағын ғана бақшадан 6 центнерге жуық қырыққабат алып, ауыл тұрғындарына арзан бағамен саттық және жаз айларында осы учаскеде тәжірибеден өтіп, жұмыс істеген оқушыларға тегін ыстық тамақ берілуде.

Елбасының “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру аясында мектепте соғыста қаза тапқан жерлестерімізге арнап орнатылған ескерткіштің жанына шағын саябақ жасауды қолға алып, алғашқы 40 түп бөртегүл ағашын отырғыздық. Олар толық гүлдеді. Бұл жұмыс әрі қарай жалғасын табатын болады. “Туған жер” бағдарламасы бойынша мектебімізде елдің өткенінен тағылым аларлық, үлгі-өнеге тұтарлық, рухани күш боларлық талай құндылықтар қоры жинақталған мұражай аштық.

Күрделі мәселелер туындай қалған жағдайда, мектеп әкімшілігі, кәсіподақ комитеті, “Нұр Отан” партиясының мүшелері, ата-аналар комитеті бірлесіп шешімін табамыз. Осы жұмыстардың нәтижесі болар, мектебімізде пән мұғалімдері толық, кадрлардың тұрақтамау мәселесі жоқ. “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасымен елге келіп, бюджеттік несиемен тұрғын үй, көтермеақы алып, тұрақтап қалған мамандар бар. Жұрт болып жұмылып, көп болып ұғынып, ер болып белсеніп, ел болып еңсеріп еңбек атқарып келеміз.

Қазақта “Елі мұратқа жетпесе, ердің бәсі кем, ері мұратқа жетпесе, елдің бәсі кем” деген сөз бекер айтылмаған. Екеуі тең түсіп, тілегі мен тірегі ұштасса, өмірден өрісін, еңбектен жемісін, жарыстан жеңісін табады. Елдің күші – бірлікте. Бұл – біздің ұлттық ұранымыз. Бір ел, бір мақсат, бір Отан – біздің ұлттық арманымыздың алғышарттары. Ел болу үшін, алдымен, ұлттық рух, ұлттық қасиет және ұлтқа деген сенім болуы қажет. Біз осы ұлы қасиеттерді арқа тұтып, әр кез мақтанамыз. Ұстаздар ұжымы болса білімді, жігерлі, өз болашағына нық сенімді жас ұрпақты тәрбиелеу үшін тынымсыз еңбек етуде.

Арай РАҚЫШЕВА,

Өндіріс орта мектебі директорының міндетін атқарушы.

Уәлиханов ауданы.  

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика