ЖАСТАР НЕГЕ ШЕТЕЛДЕ ОҚУҒА ҚҰМАР?

“Он жыл шетелде болып, елге неге оралдыңыз?” – деген журналистердің сұрағына академик Асқар Жұмаділдаев: “Елге әкелген сағыныш пен отансүйгіштік. Мен қаршадай кезімде ауылдан Алматыдағы математикалық мектепке оқуға келгенде, кеудемнен туған жерге деген үлкен сағыныш кетпеді. Кейін Мәскеуде оқыған он жылда да елге деген сағыныш кеудемді әбден кернеді. Мені елге қайтып алып келген де – туған елге деген сағыныш”, – деген екен. Математиканың жілігін шағып, майын ішкен ғалымымыздың осы сөзіне қарап, бүгінде оқу мен жұмыс іздеп шетел асып жатқандарда осы сезім бар ма екен деген ойға қаласың.

Облыстық статистика департаментінің деректеріне жүгінер болсақ, 2017 жылдың қаңтар-желтоқсан айлары аралығында өңірімізден 12319 адам көшіп кеткен екен. Оның ішінде ТМД елдерін – 3206 және әлемнің басқа мемлекеттерін 239 жерлесіміз таңдаған. Тоғыз жолдың торабындағы Ресеймен алты бірдей ауданымыз шектесетін біздің облыстың тұрғындарының басым бөлігі осы көршілеріміздің еліне қоныс тепкен.

– Өткен жылғы түлектердің 720-сы Ресей Федерациясының оқу орындарына оқуға түсті. Оның ішінде 104-і сол елдің колледждерінде оқиды. 29 түлек басқа мемлекеттердің жоғары оқу орындарын таңдады. Шетелге құмартушы түлектердің саны бойынша, әсіресе, Петропавл қаласы көш бастап тұр. Одан кейін Мағжан Жұмабаев ауданынан Ресейге кетушілер көп болса, Тайыншадан Польша мемлекетін таңдағандар басым. Сондай-ақ, Ғабит Мүсірепов, Айыртау, Аққайың, Тимирязев аудандары түлектерінен де шетел асқандары бар, – дейді облыстық білім басқармасының бас маманы Айгүл Оспанова.

Мағжан Жұмабаев ауданының мектеп түлектерінің көбі Ресейде оқығанды қалайды. Оның өзіндік себептері де жоқ емес. Біріншіден, темір жол торабының бойында орналасқан мағжандықтар отарбамен бір-ақ сағатта көрші мемлекетке табан тірейді. Екіншіден, біздің түлектерге Ресейдің жоғары оқу орындарына түсу жеңіл. Өйткені, онда түлектерге біздегідей Ұлттық бірыңғай тест тапсырудың қажеті жоқ. Сондықтан жастар да, ата-аналар да жоғары білім алудың тиімді жолын тапқан. Мысал үшін облыс бойынша 2016 жылғы 3674 мектеп бітірушінің Ұлттық бірыңғай тест тапсыруға 2502-сі ғана өтініш берген. Демек, қалған 1172 түлектің барлығы болмаса да, жартысы шетелдің білім ордаларын жағалағаны анық. Өткен жылы мектеп бітірушілердің 2241-і Ұлттық бірыңғай тест тапсыруға ниет білдіргенімен, 2094-і ғана сынаққа қатысқан. Тест тапсыруға өтініш бергендердің 261-і ҰБТ-дан бас тартқан.

– Біздің ауданнан Ресейге жыл сайын шамамен мың адамнан кетеді. Оның ішінде оқушыларымыз да бар. Былтыр ауданда 235 оқушы мектеп бітірсе, соның 70-сі ғана Ұлттық бірыңғай тест тапсырды. 66-сы Ресейге кетіп қалды. Оның басты себебі мектептерде оқушылармен кәсіптік бағдар жүргізілмейді. Мұғалімдердің өздері рейтинг көрсеткіштерін төмендетпеу үшін балалардың көпшілігін Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатыстырмай, Ресейге жіберуге тырысады, – дейді Мағжан Жұмабаев аудандық білім бөлімінің басшысы Ырысжан Нұрғалиева.

Оқушылар тұрмақ, ұстаздардың өздерінде патриоттық сезім, туған жерге жанашырлық деген ұғым қалыптаспағаны қынжылтады. Соңғы екі жылда облыстан мұғалімдер де шетелге қоныс аударуда. Шетелге кеткен мұғалімдер саны жағынан Мамлют ауданының ұстаздары алдарына жан салмапты. Бұл ауданнан 16 бірдей мұғалім шетел асса, Мағжан Жұмабаев ауданынан 12 педагог кетіпті. Тайыншадан – 6, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданнан 4 мұғалім жылы орнын ауыстырған. Шетел асқан бір-екі мұғалімді әңгімеге тартып көргенімде, олар білім саласында жүзеге асырылып жатқан реформаларға шыдай алмағандарын алға тартты.

“Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады” дегендей, бүгінде ел азаматтарының, соның ішінде мектеп түлектерінің сапалы білім алып, білікті мамандар қатарын толықтырулары үшін барлық мүмкіндіктер жасалуда. Түлектеріміздің білім қуып шетел асып, әлемнің алдыңғы қатарлы оқу орындарында оқып жүргендері дұрыс, әрине.

– Мен Алматы құрлық әскерлері институтына оқуға түскенмін. Кейін басшылық бір топ үздік курсантты іріктеп, Қытайға білім алуға жіберді. Қазір Шанхай қаласындағы екінші әскери-медицина университетінде оқып жүрмін. Онда әскери біліммен қоса медицинаны да игереміз. Аспан асты елінің медицинасы мықты дамығаны түсінікті ғой. 120 минуттық сабақтың ішінде теорияны тәжірибемен бекітеміз. Бір жыл бойы қытай тілін үйрендім. Медициналық терминдер парсыша болғандықтан, оны да меңгерудемін. Осындай мүмкіндікті сыйлаған еліме қайтып оралып, бар үйренгенімді осындағы жастарға үйретсем деймін. Жалпы өзге елде жүріп, өз туған жеріңе деген сүйіспеншілігің арта түседі екен, – деген Тілеген Әбдірахиевтің сөзіне сүйсінбеске болмас.

Бірақ теңгенің екі жағы болатынындай, сол шетелге оқу қуып кеткен жастардың бәрі бірдей өзге елден жинақтаған білімі мен тәжірибесін өз Отанының игілігіне жаратуға ұмтылмайды. Өріске айдаған малды да кешке түгендемейміз бе? Сондықтан жастарымызды қайтсек өз елімізде ұстап қалудың жолдарын қарастырған жөн болар. Бізде осы мақсатта не істеліп жатыр?

– Биыл еліміздің Білім және ғылым министрлігі түлектерге бөлінетін грант санын арттырмақ, бұл өз кезегінде жастардың шетелге кетуіне тосқауыл болады. Қазір түлектерді өзіміздің жоғары оқу орнына тарту және оның бәсекеге қабілеттілігін көтеру үшін университетте түрлі шаралар қолға алынуда. Білім ордасының материалдық-техникалық базасы жаңарып, робот техникасы, жер өңдеу, химиялық зертханалармен толығатын болады. Бұл ғалымдарымыздың студенттерге сапалы білім беріп, зерттеулер жүргізуіне мүмкіндік береді. Қос диплом алуға жағдай жасап, дуалдық оқытуға көшу мәселесі қолға алынуда. Осы жұмыстардың нәтижесінде биылдың өзінде студенттер саны 1,5 есеге артты, – дейді М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің проректоры Айдос Мұқатаев.

Ұлтының болашағына алаңдаған Алаш арысы Жүсіпбек Аймауытов: “Қара халықтың мәдениетті болуынан мәдениетті кісінің қазақ болуы қиын. Сондықтан баланы осы бастан ұлт рухын сіңіріп, қазақ өміріне жақындатып тәрбиелеу керек. Орыс тәрбиесін алған бала ұлт қызметкері бола алмайды”, – деген екен.

Қалай болғанда да ел тұтқасын ұстар балаларымыз өзгенің білімімен қатар, бойларына сол жақтың мәдениеті мен салт-дәстүрін, діні мен ділін сіңіріп, түп-тамырынан, тегінен ажырап, адасып қалмасын десек, мектепте мұғалімдер, үйде ата-аналар алды-артын болжап үлгермеген жастарға елжандылық, отансүйгіштік тәрбиесін мектепте жүрген бала күнінен сіңіре бергені ләзім.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

 

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика