БАРЫМЕН БАЗАР

Қазіргі таңда білім беру барысында туындайтын мәселелердің бірі – оқушылардың эстетикалық талғамын дамыту арқылы олардың бойында адамгершілік, мейірбандық, имандылық қасиеттерін қалыптастыру. Әр баланың көркем ойлау қабілетін арттыра отырып, шығармашылық сезімін оятудың маңызы зор.

Мұғалім эстетикалық тәрбиені балаларға өнер түрлерін меңгерту арқылы береді. Облыс орталығында барлығы 37 мектеп бар. Онда музыка пәнінен 28 кәсіби мұғалім сабақ берсе, бейнелеу өнері және сызуды үйрететін 16 ұстаз жұмыс істейді. Қалада орналасқан білім ордаларының көрсеткіштеріне қарасақ, жаман емес сияқты.

Ал оқуын тамамдап, ауылдық мектепке мұғалім болып барып жатқандардың дені – математика немесе қазақ тілі сияқты пәндердің ұстаздары. “Ауыл мектептерінде жұмыс істеуге ниет танытқан эстетикалық пән мұғалімдері бар ма екен?” – деген сұрақпен облыстық білім басқармасына хабарласып едік: “Мысал ретінде Есіл ауданын айтатын болсақ, онда барлығы 34 мектеп бар. Білім беру мекемелерінде музыка пәнінің сегіз, бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі мамандығын меңгерген екі ұстаз бар”, – деп жауап берді білім берудің мазмұны мен сапасы жөніндегі жұмыс бөлімінің басшысы Валентина Черных. Олардың өзі аудан орталығы – Явленка ауылында жұмыс істейді. Бұдан шығатын қорытынды, шалғай елді мекендерде орналасқан мектептерде музыка және бейнелеу өнері пәндерінен оқушыларға тиісті білім бере алатын мұғалім тапшы. Мектеп басшылары барымен базар, басқа пәндердің ұстаздарына қосымша осы сабақтарды да алып жүруге тура келуде. Басқа аудандардағы жағдай да оңып тұрған жоқ. Мысалы, Ақжар ауданындағы 25 мектепте музыка пәнінен – 5, ал бейнелеу өнері және сызудан 7 мұғалім сабақ береді екен.

Бұл мәселенің туындауына, әрине, ол пәндерге берілетін сағат санының аздығы, соның нәтижесінде еңбекақыларының да тым төмен болатыны себеп болса керек. Алайда, шалғай ауылдарда болашағынан үміт күттіретін небір талантты өрендер бар. Олардың дарынын байқап, оны жетілдіріп, дамытып, мықты әнші немесе күйші, тіпті, суретші болуына ықпал ететін ұстаздар болса деген тілек бар.

Эстетикалық тәрбие болмыстағы және өнердегі сұлулық пен әсемдікті дұрыс қабылдауды және эстетикалық сезім мен талғамды тәрбиелейді. Ал баланың бойына осы маңызды қасиеттерді дарыту – ұстаздар қауымының міндеті.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Comments   

 
0 #1 Қалижан 2018-03-10 05:16
Орынбасар өте өткір мәселені көтерген екен. Шын мәнінде оқушыларға эстетикалық цикл пәндері бойынша сабақ беретін маман мұғалімдерді ауыл мектебінен табу қиын. Оның себебіне автор қысқа болса да тоқталып өткен. Оған қосарым: жағдай бірер жылда түзелмейді. Көңіл аударып жатқан жан аз.
Бұгінгі күнгі экран мен эфирді "ұялмайтындықта н өлеңші болғаң" "өнерпаздардың" жаулап алуының да себебі - осы: эстетикалық тәрбиенің жетімсіздігі. Ал ауылдан дарындар мақсатты тәрбиенің арқасында емес, соның жоқтығына қарамастан шығып жатыр.
жағдайды жақсартуға шамамыз келмесе де:"Қандай дарынды халықпыз",- деп таңдай қағып, кеудемізді соғуды білейік те...
Quote
 

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика