ҰЛАҒАТЫ МОЛ ҰСТАЗ

Мұғалім – мектептің айнасы. Мұғалім еңбегінің әлеуметтік мәніне, елдің мәдени өміріндегі белсенді рөліне кезінде қазақ зиялылары көп көңіл бөлген. “Жақсы мұғалім мектепке жан кіргізеді, басқа кемшілігі болса, мұғалімнің жақсылығы жабады, білдірмейді”, – деген екен ұлы ұстаз Ахмет Байтұрсынұлы.

Осы сөз менің әріптесім Айнагүл Рамазановаға арнап айтылғандай. Айнагүл Әділбайқызы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған “Білім-инновация” лицей-интернатында 2009 жылдан бері қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ беріп келеді. Ол – 22 жыл педагогикалық өтілі бар жоғары санатты мұғалім, әр оқушының жүрегіне жол таба білетін тәжірибелі маман. Білім нәрін себуші ұстаз алдында отырған шәкірттерін әр сабағында тиімді әдіс-тәсілдермен қызықтырып, үйрете алғанда ғана осы мектептен білімді бала көбірек шығады. Біз оның куәсі болып жүрміз.

Әріптесімнің оқушылары жыл сайын өтетін жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленеді. Ұлттық бірыңғай тестілеуде оқушылары жоғары ұпайға қол жеткізуде. Биылғы оқу жылында жалпы білім беретін пәндер бойынша өткен облыстық олимпиадада Айсель Мустафаева (11-сынып) мен Рахат Ережепов (10-сынып) 1-орынды иеленіп, наурыз айында Қостанай қаласында өтетін республикалық олимпиадада облыс намысын қорғайтын болды.

Айнагүл Әділбайқызы 2014 жылы екінші деңгей курсынан өтіп, сол оқығанын іс-тәжірибеде көрсетіп келеді. Биылғы оқу жылында жаңартылған білім мазмұнына көшуге байланысты арнайы курста болып, қазіргі таңда лицейіміздің 7-сыныптарына сабақ беріп жүр. Ұстаз “Сабақта жаңа ақпараттық технологияларды қолдану арқылы оқушылардың танымдық қабілеттерін дамыту” атты облыстық семинарда білім сапасын арттыруда қолданылатын жаңа инновациялық технологиялар түрімен таныстыру және әдіс-тәсілдерді ұсына отырып, тәжірибе алмасу мақсатында “Quizlet” – оқушы білімін электронды әдіспен толықтыру мен тексеру жолы” тақырыбында тренинг сабақ өткізді.

Өңіріміздің жас мамандарына “Сабақта мақсатты дұрыс қоя білудің ерекшелігі” тақырыбында әдістемелік көмек ретінде семинар жүргізді. Лицейіміздегі әдістемелік бірлестікте “Жаңартылған оқу бағдарламасы туралы түсінік және басымдықтары” тақырыбында әріптестерге көмек ретінде жаңартылған білім мазмұны бойынша түсінік жұмыстарын жүргізіп, өз ойымен бөлісті.

Білім алу – батылдық, жақсы білімді болып, оны толықтыру – даналық, ал оны шебер қолдана білу – өнер. Айнагүл Әділбайқызы – дәл осындай білімді әрі өз ісінің шебері. Ұстаз облыс әкімінің, бірнеше мәрте білім басқармасының Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын алды. Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасын иеленді. Әріптесімнің сабақ берудегі тиімді әдіс-тәсілдерін мен де өз сабақтарымда қолданамын. Осындай тәжірибелі ұстазбен бірге жұмыс істейтінімді мақтан тұтамын.

Әсел ТОПЫШЕВА,

“Білім-инновация” лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика