ЦИФРЛАНДЫРУ — ЗАМАН ТАЛАБЫ

Бүгінгі күні Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі цифрлық экономика үшін адами капиталды дамытудың 2018-2020 жылдарға арналған жол картасын бекітті. Осыған орай мектептерді робот техникасы кабинеттерімен жабдықтау стандарттары енгізілуде.

Кеңжолақты интернеттері бар мектептер қағазбастылықтан арылып, мұғалімнің оқу үдерісін жүргізу жеңілдейді. Үкімет қаулысымен 2018 жылдың 1 қыркүйегінен мектеп директорының ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бойынша орынбасары лауазымы енгізіледі. 2019 жылдың қыркүйегінен 1-2-сыныптарда “Ақпараттық сауаттылық”, 2018 жылдың 1 қыркүйегінен 3-сыныпта “Ақпараттық-коммуникациялық технология” пәндері жүргізілетін болады. ІТ-құзыреттілік, 3D-принтинг, робот техникасы және өзекті тілдік бағдарламаларды ескере отырып, 5-11-сыныптардағы оқу бағдарламаларының мазмұны қайта қаралады.

Қазіргі күні облыстың 52 мектебінде “Робототехника” элективті курсы енгізілді. Оқыту негізіне білім берудің STEM қағидасы алынған. Министрліктің жол картасына сәйкес, 149 мектепте үйірмелер ашылуы керек. “Робототехника” және “Робототехника негіздері” элективті курстарын оқыту үшін 2016 жылдан бері 247 пән мұғалімі біліктілігін жетілдірді.

Өңіріміздің ғылыми-техникалық шығармашылығын жаңғырту және дамыту – кезек күттірмейтін басымдық. Балалардың цифрлық сауаттылығын және мамандардың ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы біліктілігін арттыру үшін Оқушылар сарайы салынуда. Сұранысқа ие бағыт ретінде ІТ-технология және STEM зертхана тұғырнамасы айқындалды. Облыстың алты колледжінде ІТ-технология мамандығы бойынша кадрлар даярлануда. Бұл мамандықтар бойынша оқып жатқандар саны – 659. ІТ-мамандықтар бойынша кадр даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын ұлғайту көзделген.

Бүгінгі күні облыстың барлық мектептері кеңжолақты интернетке қосылған, алайда, оның жылдамдығы талаптарға сай емес. Ұстаздардың жұмысы толық талапқа сай болуы үшін әр мектепке үш қондырғы орнатылуы керек. Аудандағы әр мектептің оқу кабинетінде мұғалімнің жеке компьютері болуы тиіс.

2016-2017 оқу жылында облыс мектептеріне 500 млн. теңгеге 900 мультимедиялық қондырғы жиынтығы алынды. Үстіміздегі жылы 73 толық жинақты мектеп үшін 365 мультимедиялық жиынтық алу көзделіп отыр. Облыстың білім беру ұйымдарында “Күнделік KZ” бірыңғай ақпараттық жүйесін қолдану бойынша жұмыс жүргізілуде. Бүгінгі күні аталмыш жүйемен облыстың 479 мектебі жұмыс істеуде. Қалған 18 мектепті жүйеге қосу үшін өтінімдер жіберілді.

2017-2019 жылдарға арналған бюджетті қалыптастыру кезінде жалпы сипаттағы трансферттер есебінен жергілікті бюджеттің шығыс базасына цифрлық білім беру инфрақұрылымын құруға 1,5 млрд. теңге бөлінді. Барлық мектептер “BilimLand” білім тұғырнамасы порталына қосылған. 332 мектеп онлайн, 165-і офлайн режімінде жұмыс істейді. Цифрлық бағдарлама айқындаған барлық бағыттар бойынша облыстық білім басқармасының бұйрығымен жауапты адамдар бекітілді. Осындай жұмысты білім бөлімдері жергілікті жерлерде жүргізуі тиіс. Атқарылған шаралар білім саласын цифрландыру бойынша алға қойылған міндетті орындауға мүмкіндік береді.

Айгүл ХАСЕНОВА,

облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика