АҒЫЛШЫНША ТАПСЫРУҒА БОЛАДЫ

Бүгінгі күні мектептің жоғары сынып оқушылары мен ұстаздарын толғандыратын негізгі тақырып – қорытынды аттестаттау мен Ұлттық бірыңғай тестілеу. Иә, сын сағаты жақындап келеді. Еліміздің жоғары оқу орындарына түсуге ниетті талапкерлерден ҰБТ-ға қатысуға өтініштер қабылдау науқаны да басталды. Биыл емтиханға енгізілетін өзгерістер қандай болмақ? Даярлық барысы қалай жүріп жатыр? Бұл сауалдарға Ұлттық тестілеу орталығының өңіріміз бойынша базалық филиалының жетекшісі Жанар Жабағина жауап берді.

– Жанар Қазыбайқызы, мектептерге өтініштерді тарату жұмыстары аяқталды ма?

– Иә, барлық мектептерге түлектердің санына қарай өтініш бланкілерін жеткіздік. Ұлттық бірыңғай тестілеуге кіретіндердің нақты саны 10 мамырдан кейін, өтініштерді қабылдау кезеңі аяқталған соң белгілі болады. Оған дейін мектептерде толтырылған бланкілер бізге қайта жеткізілуі тиіс. Оларды сканерден өткізіп, деректер базасына енгіземіз. Одан кейін түсушіге тіркелгендігі жөнінде анықтама және тестілеуге кіруге рұқсаттама беріледі.

– Биылғы ҰБТ өткен жылғымен салыстырғанда, несімен ерекшеленбек?

– Басты жаңалық, түлектер өз қалаулары бойынша тесті ағылшын тілінде тапсыра алады. Біздің өңірімізде ағылшынша білім беріп жатқан мектептер бар, сондықтан осы тілді таңдаушылар болады деп ойлаймын. Ал қалған талаптар бұрынғысынша сақталады. Жоғары балл – 140. Шекті деңгейден өту балы – 50. Алайда, ол да өзгеруі ықтимал.

Биыл ҰБТ сұрақтары 50 пайызға жаңартылды. Бұған дейін жыл сайын тек 35 пайызы ғана өзгертілетін. Әрі тест тапсырмалары 80 мыңнан 120 мыңға дейін артып отыр.

– ҰБТ-ға дайындық барысында түлектер мен ұстаздардың не нәрсеге басымырақ көңіл бөлгендері жөн?

– Биыл бөлінетін қосымша 20 мың оқу гранттың 11 мыңы техникалық мамандықтарға бағытталатыны белгілі. Бұл – осы сала бойынша білім алғылары келетін жастар қатары қалыңдайды деген сөз. Түлектер “грант көп” деп босаңсымай, керісінше, дайындықты күшейте түсулері қажет. Жоғарыда аталған 120 мың сұрақтың 11 пайызы функционалды сауаттылықты анықтауға арналса, 37 пайызының жауаптары бір немесе одан да көп нұсқамен белгіленетін болады. Бұлар оқушылардың ойлау қабілетін, таңдаған пәнін қаншалықты терең түсінетіндігін анықтау үшін қажет. ҰБТ-дан сәтті өту үшін дайындық тестілеудің тигізер көмегі көп. Өйткені, ол оқушыға толық деңгейде білмейтін тақырыптарын анықтауға мүмкіндік береді.

– ҰБТ-да кездесетін сұрақтар онлайн дайындық тестеріне енгізілді ме? Дайындық ретінде онлайн режімде тестілеуден өтудің құны қанша тұрады?

– Иә, енгізілді. Жақын арада тестілеу оқулықтары да келіп түсуі тиіс. Мектеп түлектері “Касса-kz” терминалдары арқылы әр нұсқасына 260 теңгеден төлеп, үйлерінде де дайындық тестілеуден өте алады. Немесе оны, “Қазпошта” арқылы төлем жасай отырып, ҰБТ пункттеріне келіп тапсыруларына болады.

Әңгімелескен

Зәуреш АСЫЛБЕКОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика