“СЕРПІННІҢ” ТҮЛЕКТЕРІ ҚАЙДА ЖҮР?

Елімізге танымал әлеуметтік жобалардың бірі – “Серпін – 2050” бағдарламасының жүзеге асырыла бастағанына биыл төрт жыл болды. Жобаның көздегені – халқы тығыз орналасқан оңтүстік өңірлердегі қыз-жігіттерді маман тапшы тоғыз облыстың жоғары оқу орындары мен колледждерінде оқытып, жұмысқа орналастыру, әрі қазағы аз өңірлердің ұлттық-демографиялық жағдайын жақсарту болатын. “Жас мамандарға жаримыз” деп, бөркімізді аспанға атып қуанбасақ та, бағдарламаның нәтиже береріне ел болып сендік. “Серпіндіктердің” “алғашқы қарлығаштары” оқуларын тамамдап, өз өңірлеріне орала бастаған сәтте бағдарламаның солқылдақ тұстары сезіліп қалды. Облысымыздағы екі колледжді тамамдаған серпіндіктердің 80 пайызға жуығы бұл жақта тұрақтауды жөн көрмеген.

Биылғы жылы да жоба аясында өңірдің оқу орындарын 361 жас бітіреді. Білім басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, олардың 104-і біздің облыста қалуды жоспарлап отыр. 44-і оқуларын жалғастыруға ниет білдірсе, 26-сы әскери міндетін өтеуді мақсат еткен. Қалғандары ат басын туған өңірлеріне бұрмақ.

 

Кім кінәлі?

 

Бәйкен Әшімов атындағы Петропавл темір жол көлігі колледжін былтыр “Серпін” бағдарламасы бойынша 45 түлек бітірді. Олардың 38-і, яғни 85 пайызы теріскейді жерсінбей, туған өңірлеріне оралған. Қалған 7 қыз-жігіт облыс орталығындағы темір жол депосына, сауда орындарына жұмысқа орналасқан. Колледждің бөлім меңгерушісі Айгүл Оспанованың айтуынша, алғашқы жылы түскен 50 жастың 5-еуі әртүрлі себептермен оқи алмай, мемлекет берген мүмкіндіктен айырылып, үйлеріне қайтуға мәжбүр болыпты.

– Жалақысы аз болса да, жұмыс ұсынған кәсіпорындар болды. Жұмыс беру бір бөлек, баспанамен қамтамасыз ету мәселесі бағдарламада ойластырылмаған. Жас маман бастапқы уақытта табатын азын-аулақ нәпақасына пәтер жалдай алмайтыны белгілі, – дейді бөлім меңгерушісі.

Колледж түлектері ішінен жалғыз Әл-Фараби Мыңбай есімді жігіт М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне оқуға түскен.

– Колледжді аяқтаған соң, көп ойланбастан осы жердегі мемлекеттік университетке құжаттарымды тапсырып, бағымды сынап көруге бел байладым. Өз мамандығым бойынша грант ұтып алғандықтан, бірден оқу орнының 2-курсына қабылдандым, – дейді ол.

Ақжар ауданындағы Ленинград ауыл шаруашылығы колледжін тамамдаған 22 түлектің тең жартысы теріскейге тұрақтауды жөн көрмепті. Сала мамандары бұған студенттерді кінәлаудың реті жоқ екенін айтады. Түпкі мақсатқа қол жеткізуге кедергі болып отырған – бағдарламаның шикі тұстары.

 

Құтты мекен!

 

Колледждердің “кебін” кимес үшін, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде жастармен де, жұмыс берушілермен де бірлескен жұмыс атқарылып жатыр. Жауапты мамандар білім басқармасы және білім бөлімдерімен, аудан әкімдіктерімен студенттерді жұмысқа орналастыру бойынша ынтымақтастық жөніндегі меморандумға отырып, педагогикалық мамандықтар бойынша бос жұмыс орындарын бақылауда ұстамақ. Жоғары білімді жас мамандарды жұмысқа орналастыруға ниетті ұжымдар да баршылық. Соңғы сөз – серпіндіктердің өзінде.

Жалпы жоба басталған уақыттан бері университеттен елуден астам студент түрлі себептерді алға тартып, оқудан шығып кеткен. Жобаға жауапты маман Наталья Побежук енді шашау шығармай, қалған жастардан осы өңірдің “отымен кіріп, күлімен шығатын” еңбекқор маман даярлап, кадрлары тапшы мекемелерге қызметке орналастыру қажеттігін айтады.

Колледж студенттері оқуды бітіре салысымен үйлеріне оралуға асықса, болашағын осы бастан ойлаған СҚМУ-дің болашақ түлектерінің мақсаттары айқын, жоспарлары ауқымды. Агрономия мамандығының 2-курсында білім алып жатқан Асылбек Ақай туған-туыстарын да теріскейге тартуда. “Мамандығым бойынша осында еңбек етсем деймін. Бұл жақта көкөніс, астық өнімдерін өсіру өте қолайлы. Баспана мәселесі оған дейін оңтайлы шешім табады деген ойдамын. Осы жақта шаңырақ құрып, еңбек еткім келеді. Топтағы ұлдардың дені осындай ниетте. Бәріміз бірлесіп, мақсаттарымызға қол жеткізсек деп отырмыз”, – дейді студент. Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысына көші-қон бағдарламасы аясында апа-жездесі көшіп келген екен. Олар да мемлекеттік бағдарламаның игілігін көруде.

Қызылорда облысындағы Арал ауданынан келген Нұрила Айтбаева да астықты аймақтың ауыл шаруашылығы саласына өз үлесін қосқысы келеді. Бағдарлама бойынша білім алып жатқан таныстарына хабарласып, “Серпіннің” тиімді тұстарына көз жеткізген, Нұрила тиімді мүмкіндікті қалт жібермеуге ұйғарған. Әрі теріскейдің табиғаты, ауа райы қызықтырыпты. “Туған-туысым болмаса да, бұл жаққа бірден үйренісіп кеттім. Сабағым жақсы, жатақханам жайлы. Бағдарлама бойынша оқуды аяқтаған соң жұмыспен қамту мәселесі де қарастырылатын болады. Болашағымды ақ қайыңдар өлкесімен байланыстырсам деймін. Қыз онсыз да жатжерлік қой, осында қалып жатсам да, еш өкінбеймін”, – дейді студент.

Не істеу керек?

 

Оқу бітіріп, жұмысқа орналасқысы келетін серпіндіктерге баспана мәселесі қиындық тудырып отырғанын жастардың өздері де жасырмайды. Бәйкен Әшімов атындағы Петропавл темір жол көлігі колледжінің бөлім меңгерушісі Айгүл Оспанова “Серпін” бағдарламасы бойынша оңтүстіктен келген жастар жұмысқа орналасқан соң, тым болмаса бастапқы кезде жалдамалы пәтер беру немесе уақытша баспанамен қамтамасыз ету керектігін айтады.

Республикалық “Серпін – 2050” бағдарламасының жетекшісі Күлзия Тобатаевамен телефон арқылы сөйлесіп, бұл мәселе жақын арада оңтайлы шешімін табатынын білдік. Оның айтуына қарағанда, Үкімет тарапынан қолдау тауып, осы жылдан бастап “Дипломмен – ауылға!” және “Көші-қон” бағдарламаларына серпіндіктерді енгізу көзделіп отыр. Яғни, жоғары оқу орындары мен колледждердің ветеринария, ауыл және орман шаруашылығы, экология мамандықтарын меңгергендер “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы бойынша баспаналы болмақ. Ал техникалық мамандықтарды игергендерге “Көші-қон” бағдарламасы аясында үй беру жоспарлануда.

– Жергілікті әкімдіктер баспанамен қамтамасыз етеміз деп уәде беруде. Кейбір аймақтарда жатақханаға орналастырып жатыр. Бұл мәселені шешуге жергілікті атқарушы орган атсалысуы керек, – дейді жоба жетекшісі.

СҚМУ-де математика мамандығы бойынша білім алып жатқан Айдар Көдеров биыл университетті бітіреді. “Мен отбасындағы жетінші баламын. Үйге оралып, әке-шешеме салмақ түсіргім келмейді. Мемлекет көрсетіп отырған жеңілдіктерді дұрыс пайдалана білу керек. Оңтүстікте жұмысқа орналасу оңай шаруа емес. Өз болашағын ойлап, ертеңіне сенген жас осы жақта қалып, берген мүмкіндікті дұрыс пайдалана алады. Қиындықтарға мойымаған жөн. Бас аман болса, баспана мәселесі де шешіледі”, – дейді болашақ математик артынан еріп келе жатқан жерлестеріне ағалық ақылын айтып.

Жалпы “Серпін – 2050” әлеуметтік жобасы аясында жастарды еліміздің 26 жоғары оқу орнында және 37 колледжде оқытып, мамандық беру көзделген. Бүгінгі таңда елімізде осы бағдарлама 15 мың жасты қамтыған, оның 13 мыңы жоғары оқу орындарында, қалғандары колледждерде білім алып жатыр. Облысымызда аталмыш жоба аясында 1190 студент білім алуда. Оның 866-сы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде 25 мамандық бойынша оқу оқып жатса, қалған 324-і өңірдегі бес колледжде он бір мамандықты игеруде.

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика