БОЛАШАҚ ҚҰРЫЛЫСШЫЛАР

Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің “Ғимараттар мен имараттарды салу және пайдалану” мамандығы бойынша оқитын жоғары курс студенттері облысымызда тұңғыш рет диплом жобаларын онлайн режімінде қорғады. Бұл өздеріне қажетті мамандар іздестіруші әлеуметтік серіктестеріміз үшін жастардың білім деңгейін қашықтықтан бағалауға мүмкіндік берді. Ал ата-аналар өз балаларының сыннан қалай өткенін бақылай алды. Диплом жобасын қорғау барысын тікелей байланыста 800-ден астам адам тамашалады.

Бастама нәтижелі болды. “Құрылыс-Сервис”, “ПМК-5”, “Лира” және тағы басқа да жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен “Мамашарипов” жеке кәсіпкерлігі болашақ түлектерді жұмысқа шақыру туралы шешім қабылдап отыр.

Жалпы алғанда, құрылысшы мамандығы бойынша білім алып шыққан түлектеріміздің жұмыссыз қалғаны некен-саяқ. Дегенмен, түлектеріміздің барлығы да колледж қабырғасынан дипломмен бірге жұмыс орнына жолдамаларын ұстап шығуы біз үшін аса маңызды. Сондықтан мұның қамына ертерек кірісуге тиіспіз. Жуырда жас мамандардың еңбекпен қамтамасыз етілуінің түйткілді мәселелерін, кәсіпорын-мекемелердегі бос орындарға түлектерді бекіту мүмкіндіктерін талқылауға арналған “дөңгелек үстел” өтті. Онда облыстық құрылысшылар қауымдастығының, Петропавл қаласы әкімдігі құрылыс бөлімінің, тұрғын үй инспекциясының және құрылыс компанияларының өкілдері болашақ мамандардың сауалдарына жауап беріп, жұмысқа тұру бойынша қажетті ақпараттар мен тиісті бағыт-бағдарлар айтты.

Колледжде студенттердің тәжірибелерін шыңдауға мүмкіндік беретін түрлі сайыстарды өткізу ісі жолға қойылған. Жуырда, Петропавл қаласындағы “Даңқ аллеясының” үздік сызба жобасын жасаушылар арасында байқау өтті. Ұсынылған нұсқалардың ішінен ең көрікті деген үшеуі таңдалып, 100 мың теңге жүлде үлестірілді. Байқау жеңімпазы Олег Ремезов пен өзге екі жүлдегер аллеяның құрылыс жұмыстарына қатысатын болды. Ол үстіміздегі жылғы Құрылысшы күнінде салтанатты түрде ашылады деп күтілуде. Білім алушыларымыздың осы сынды қоғамдық маңызы бар ірі жобаларға қатысуы өз істеріне деген белсенділіктерін арттырып, ертеңгі күні сұранысқа ие маман атануларына жол ашары анық.

Ғалия ЖҰМАҒОЖИНОВА,

Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің оқытушысы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика