БІЛІКТІ БАСШЫ — МЕКТЕП МЕРЕЙІ

Ұстаз... Қандай қасиетті сөз! Адам баласының жүрегінде қадір тұтып, құрметтейтін екі ұғым болса, соның бірі – мұғалім. Осындай алтын діңгек ұстаздың бірі – Гүлнәр Таласбаева. Білікті маман тоқсаныншы жылдары Бескөл ауданындағы Андреевка орта мектебін бітіріп, арман жетегімен, жүрек қалауымен К. Ушинский атындағы Петропавл институтына оқуға түседі. Білімге деген құштарлығымен топ жарып, ынта-ықыласы арқасында арманына қол жеткізген ол 1991 жылы жоғары оқу орнын тамамдайды. Қолына алған ісін асқан шеберлікпен орындап, шәкірттердің жүрегіне ақылмен жол таба алатын ұстаз еңбек жолын ауыл мұғалімі болып бастаған. Бүгінде ол – Петропавл қаласындағы №7 орта мектептің директоры.

Гүлнәр Темірболатқызының жемісті еңбегінің құпиясы оның жұмысқа деген құлшынысында. Шәкірттерін шыңға жетелеп, ұжым ішіндегі ауызбірлікті, жақсы көңіл-күйді сақтай білетін тәжірибелі басшының басты міндеті – бала тәрбиесі. Қашанда өзінің тұшымды ойымен, қайырымдылық, кішіпейілділік қасиетімен, кісілік келбетімен ерекше көзге түсе білетін білікті басшы – мектебіміздің мерейі. Ол әр мұғалімнің алаңсыз еңбек етуіне, білімін жетілдіруіне қолдан келгенше жақсы жағдай жасайды. Өмір болған соң, толғандыратын мәселелер де кездеседі. Оның барлығын Гүлнәр Темірболатқызы ой өзегінен өткізіп, дұрыс қабылданған шешімдері арқылы талай түйінді шеше алатыны пайым-парасаттылықтың белгісі болып табылады.

Өне бойына ақылдылық пен зиялылықты, жомарттылық пен кеңпейілділікті жинай білген үлгілі басшының іскерлігінің арқасында ұжым талай асуларды бағындырды. Білім додаларында жоғары деңгейден көрініп жүрген әріптестеріміздің де, оқушыларымыздың да қатары қалың. Осының барлығы – бес саусақтай жұмыла жұмыс істеудің жемісі.

Бүгінгі таңда ұжым мен ата-аналар арасында зор беделге ие бола білген мектеп директоры тынымсыз еңбекқорлығының арқасында біраз белестерді бағындырды. Мұндай ұмтылыс алдымен оның өзіне-өзі қоя білетін талап пен тәртібінен бастау алады.

Алаш ардақтысы Міржақып Дулатовтың “Жақсылыққа бастайтын жарық жұлдыз – оқу”, – деген дана сөзін арқау еткен Гүлнәр Темірболатқызы үнемі ізденіп, біліктілігін арттырып отырады. Қазіргі жаһандану заманына сай болу үшін білім беру жүйесінде барынша шыңдалып, ғылыми-тәжірибелік конференцияларға, жобалар сайысына белсенді түрде қатысып отырады. Мұндай қадам – оқушыларды адамгершілік, зияткерлік, мәдени дамудың жоғарғы деңгейіне жетелейтін жол.

Мектеп табалдырығын аттаған әр оқушыны заман ағымына лайықты білім нәрімен сусындату жолындағы еңбегі елеусіз қалған емес. Ұжымды ынтымаққа бастай білген директордың еңбек жолы туралы 2017 жылы “Білімді ел” атты бейнефильм түсірілді. Сондай-ақ, Гүлнәр Темірболатқызы – “Білім саласындағы ең үздік басқарушы” деген бірінші дәрежелі диплом иегері. Санасаң саусақ жетпейтін Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттар да кабинетінің сәнін келтіріп тұр. Көз қуантып, көңіл жадыратар осындай тамаша көріністің өзі – тынымсыз еңбектің жемісі.

Ботагөз БЕКМАТОВА,

№7 орта мектебі қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика