ЖАҢАШЫЛДЫҚҚА ЖАНЫ ҚҰМАР

Орта білім беру саласы 2021 жылы толығымен жаңартылған мазмұнға көшеді. Мектеп ұстаздары бүгіндері оқушыларды жаңа стандарттар мен бағдарламалар бойынша оқытуға дайындық жүргізуде. Мәселен, облысымыздың қала мектептерімен қатар кейбір ауылдарында да өз пәнін ағылшын тілінде өткізіп жүрген ұстаздар бар. Солардың бірі – Аққайың ауданының Тоқшын мектеп-гимназиясы физика пәнінің мұғалімі Раушан Исмаилова.

“Ағылшын тілі курсынан өткен мұғалім ағылшынша сабақ бере ала ма?” деген сауал көптің көкейінде жүргені рас. Раушан Серікқызы ниет қойған адамға тілді үйренуге үш-төрт айлық курстың өзі жеткілікті болатынын дәлелдеп отыр.

Раушан Серікқызының оқушы күнінде оқыған шет тілі – неміс тілі. Жиырма жыл бұрын мектеп бітірген адамға өзге тілді аз уақытта үйрену оңайға түспесін білсе де, жаңашылдыққа бет бұрып, ұстаздарға қойылған талапты орындаудан қашпады. Осылайша, ол Аққайың ауданының орталығында біздің институт өткізген “Үш тілде оқыту жағдайында мұғалімдердің пәндік және коммуникативтік-тілдік құзыреттіліктерін қалыптастыру” атты қазақ, орыс мектептерінің физика, химия, биология, информатика мұғалімдеріне арналған курс барысында алғаш рет ағылшын тілін үйрене бастады. Мен 18 мұғалімнен құралған топтың жаттықтырушысы болдым. Раушан Серікқызы алғашқы күннен-ақ өзін ізденімпаз, еңбекқор адам ретінде танытты. Бір сәт тынығуды білмейтін ұстаз екі халықаралық емтиханды жақсы көрсеткішпен тапсырып, курсты ойдағыдай аяқтады. Одан бері жарты жыл өтсе де, ол тіл білімін жетілдіруді тоқтатпай, ізденіс үстінде келеді. 7-11-сынып оқушыларына ағылшынша факультатив сабақтарды өткізуге де машықтанып алды.

– Алғашқыда ойымды тиісті түрде жеткізе алмаймын ба деп қобалжыдым. Бірақ оқушылар маған қолдау көрсетіп, сабақтың басынан аяқ тек ағылшын тілінде өтуіне көмектесті. Балалардың арқасында мұндай жаңа тәжірибе маған ұнай түсті, – дейді ол.

Жуырда Раушан Серікқызы нақты ғылымдар пәндерін ағылшын тілінде өткізетін Орта Азия елдері мұғалімдеріне арналған “CАТЕC” конференциясына қатысты. АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі ұйымдастырған шараға қатысу үшін мұғалімдер іріктеуден өтуі тиіс. Қойылған талапқа сәйкес Раушан Серікқызы мектептердегі үш тілде сабақ өткізу үрдісі туралы бейнеролик жасап жіберді. Шетелдік тіл мамандарының көңілінен шыққан бұл жұмысы аққайыңдық ұстаздың конференцияға қатысып, мол тәжірибе жинақтауына жол ашты.

Альбина ҚАСЕНОВА,

“Өрлеу” БАҰО” АҚ-ы филиалы СҚО бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының аға оқытушысы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика