АСЫРА СІЛТЕУ ҚАЖЕТ ПЕ?

Мектеп бітірушілер кеші – оқушылардың “тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан” алтын ұясымен, мұғалім-сыныптастарымен қоштасуға арналған, тебірентер сәттерге толы мереке. Тезірек есеюге асығып жүрген жастардың бойын бұл күні қимастық сезімі билеп, көздеріне мөлтілдеп жас келіп жататыны да рас. Мектепті сағынып, бала күндерімізді аңсайтынымызды алғаш рет өзіміз де түлектер кешінде сезініп едік. Ал бүгінгі күні мектеп бітірушілер мерекесінің түпкі мән-маңызы жоғалып бара жатқан сияқты.

Өйткені, біріншіден, қазіргі түлектер сән-салтанатты алдыңғы орынға қойып, кешті дүркіретіп өткізуді ғана ойлайды. Оның дақпыртпен аталып өтуіне қыруар қаржы жұмсалатыны жастарға маңызды емес. Әрине, балаларының кеші есте қаларлықтай етіп өтуі үшін бір ата-ана ақшасын аямаса, екіншісінің бір емес, екі айлық табысы да жетпеуі мүмкін. Осындай кереғар көзқарастардың нәтижесінде жыл сайын 25 мамыр қарсаңында ата-аналар арасында мектеп бітірушілер кешіне қатысты сан сауал туындап жатады. Жуырда Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев сол сұрақтарға тоқ етерін айтып, кешке қатысқысы келмейтін оқушылар мен ата-аналарды ешкім де қыстамайтынын, ресми аттестат тапсыру салтанатынан кейін үйлеріне қайта беруге болатынын жеткізді. Осылайша, мектеп бітірушілер кешін өткізу үшін жиналатын ақша көлемін реттеуге қатысты бақылау және іс-шараны өткізу форматы биыл да енгізілмейтіні жөнінде түсінік берді. Бұған көп ата-аналар өкініп қалды. Өйткені, керісінше болған жағдайда, қолында бере қоятын көп ақшасы жоқ ата-аналар мен отбасы жайын ойлап кешке барудан бас тартуына тура келетін бала үшін жағдай біраз жеңілдер еді.

Жоғары сынып оқушылары аңсап күтетін түлектер кешінің сән-салтанаты жыл сайын артқанымен, оның түпкі мән-маңызының жойылуына тағы бір жайт әсер етуде. Қазір ата-аналар түлектер кешін жасағыш болып алды. Тіпті бала оқуындағы әрбір кезеңнен өткен сайын тойлана беретін кезекші шараға айналып бара жатыр. Санап қарасаң, мектепке дейінгі даярлық сыныбын, 4, 9-сыныптарды аяқтағанда, онымен қоса, балабақша табалдырығын аттап шыққанда да мәре-сәре боп түлектер кешін атай жөнеледі.

Жуырда бір сыныптасымды кездестірдім, ұлын мектепке орналастырып жүр екен. Сөз арасында балабақшамен қалай қоштасқандары туралы айтып берді. “Ата-аналар өзара келісіп, балаларға бірыңғай киім кидіретін болып шешіпті. Іштей қарсы болсам да, келісуіме тура келді. Сөйтіп ұлыма 15 мың теңгеге костюм сатып алып бердім. Балаларымызға үш жыл бойы бас-көз болған тәрбиешілерді сыйлықсыз қалдыру ыңғайсыз деп, гүл мен өзге естелік заттар алуға ақша жинадық. Аспанға ұшыратын шарлар мен балалардың өздеріне арналған сыйлық тағы бар. Кешті ұйымдастырушы аналар суретші мен операторды шақырыпты, оған бөлек 3 мыңнан ақша жинадық. Нәтижесінде екі сағаттық шара үшін 25 мың теңгеге жуық ақшам кетті. Жарайды, балаң үшін аянып қалмассың, бірақ аналардың өздері үшін үстел жасап, дәмханада бас қосатындай қай жөндері бар?” – деді ол.

Мектеп бітіруші түлектердің кеші ешкімге артық салмақ салмаса екен деп жатқанда, балабақшадан енді аяқ аттап шыққан бүлдіршіндерді осындай ысырапшылдыққа неге үйретіп жатырмыз? Осы жөнінде ата-аналар да, ұстаздар қауымы бірігіп, ойланып көрсе екен деймін.

Зәуреш АСЫЛБЕКОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика