МЕКТЕБІМІЗДІҢ МЕРЕЙТОЙЫ

Білім ап саяңда өткердік сан жылды,

Өткердік сан жылды, қызықтап ән жырды... Ескендір Хасанғалиев әуелеткен осы әнді естісем, есіме ұясынан ұшырып, үлкен өмірге қанат қақтырған ауылдың қарашаңырағы – алтын ұя мектебім есіме түседі.

Айыртау ауданына қарасты Құмтөккен орта мектебі биылғы жылы өзінің 60 жылдық мерейтойын атап өтті. Осы уақыт ішінде ауыл балаларын білім нәрімен сусындатып, қызығы мен қиындығы қатар жүрер мына өмірге талай балапанын ұшырды.

1989 жылы ауыл балаларын жарқын болашаққа бастар мектептің жаңа ғимаратының салынуы ата-аналар мен мұғалімдер үшін шексіз қуаныш болатын. Ең алғаш мектеп табалдырығын аттаған біз үшін жаңа ғимаратының әр кабинеті кең сарайдай биік, үлкен болып көрінетін еді. Тарыдай болып кіріп, таудай болып түлеп ұшқан ұямызға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Сол уақыттары мектеп директоры болған, 40 жылдан астам саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған, бүгінде зейнет демалысына шықса да, бала тәрбиесінен алыстамай өз ұжымының ортасында зор беделге ие Әлия Қожахметованың еселі еңбегі өлшеусіз.

Ауылда өсіп, мектептен түлеп ұшқан азаматтардың үлкендері бүгінде ел ағасына айналып, тәуелсіз Қазақстанның дамуы жолында еңбек етіп келеді. Құмтөккен орта мектебінің 2004 жылғы түлектері атынан мектеп директоры Мұрат Жаманұлына, Әлия Қойбағарқызы, Жұмат Әбілмәжінұлы, Жанат Төлегенұлы, Болат Қайыртайұлы, Ғазиза Мәлкенқызы бастаған ұжымға, ең алғаш қолымызға қалам ұстатып, әліппемен таныстырған Қарлыға Мағауинаға, барлық ұстаздарымызға зор алғысымызды білдіріп, басымызды иеміз. Олардың берген білімі мен тәрбиесі өмірде өз орнымызды тауып, еліміздің дамуы мен гүлденуіне үлес қосып, мына дүниеге кірпіш болып қалануымызға зор септігін тигізді.

Динара ЖӘМШИТОВА,

“Нұр Отан” партиясы Ақмола облыстық филиалының баспасөз хатшысы.

Текстиль для дома, Вышивка, Фурнитура, Ткани
автоновости