ҮЙІРМЕНІҢ ҮЙРЕТЕРІ КӨП

Оқушылардың білімін жетілдірудің бір формасы үйірме екені белгілі. Үйірменің жұмысы қоғамға пайдалы іс-шараларды орындаумен, өндірістік іспен байланысты болса, оң нәтиже беретініне өмір көз жеткізіп отыр.

Облыстық білім беру басқармасының мәліметі бойынша, бүгінде өңір оқушыларының қосымша біліммен қамтамасыз етілу деңгейі 57 пайызды құрайды. 77 ұйымда балалардың бос уақытын тиімді пайдалануына қажетті жағдайлар жасалған. Бүгінде бұл ұйымдарда 40 мыңнан астам оқушы білімдерін шыңдап, спортпен шұғылданып, шығармашылықпен айналысып жүр.

Ұл-қыздарының жан-жақты болуын қалап, жетістіктерін көруді армандайтын ата-аналар қосымша білім беру орнын таңдар кезде қалтасына қарай көсіледі. Жыл сайын қатары қалыңдап келе жатқан жекеменшік балалар мен жасөспірімдер клубтары жаңа материалдық базасымен, көркем безендірілуімен, баламен жеке-дара жұмыс істеу қызметімен тартымды көрінетіні рас. Дегенмен, көпшілік әлі де болса бұрыннан бері келе жатқан өнер мен спорт мектептерінің бай тәжірибесіне сенеді.

Облысымыздағы білім беру басқармасына қарасты 45 қосымша білім беру ұйымының бірі – Қызылжар ауданының Бескөл ауылындағы “Мерей” өнер мектебі. Бұл – 300-ге жуық тәрбиеленушісі мен оларды шығармашылыққа бейімдеп жүрген 25 тәжірибелі ұстазы бар үлкен ұйым. Онда әрқайсысы бірнеше үйірмеден тұратын “Қолөнер”, “Хореография”, “Аспаптар” сыныптары жұмыс істейді. Жергілікті білім бөлімінің атсалысуымен ауданның өзге екі ауылында мектеп филиалдары ашылған екен. Бүгінде Соколовкадағы хор үйірмесіне 22 бала барса, якорлық сегіз оқушы фортепьянода ойнауды үйреніп жүр. Өнер мектебі бескөлдік балаларға домбыра, қылқобыз, дауылпаз, сырнай, гитарадан басқа скрипка, фортепьяно, кларнет, саксофон сынды классикалық аспаптарда да ойнауды үйретеді. Өнер ордасы осы аспаптардың бәрімен жеткілікті түрде қамтамасыз етілген.

– Балалар бізге негізінен мектепалды даярлық сыныбынан бастап келе бастайды. Дегенмен, кей жағдайларда оқушының жасына емес, дене бітімінің дамуына мән беруге тура келеді. Мәселен, домбыра үйірмесіне үлкенірек, қолы қарулы балаларды қабылдауға тырысамыз. Ал скрипка, фортепьяноға, керісінше, саусақтары қатайып үлгермеген балғындарды аламыз, – дейді өнер мектебінің басшысы Әлия Сеңкібаева.

Мектеп жетекшісі соңғы жылдары көркемсурет өнерімен айналысқысы келетін жастардың қатары артып отырғанын айтады. “Мерейдегі” оқушылардың төрттен бірі осы үйірмеге қатысады екен. Одан кейінгі орындарда домбыра, би үйірмелері тұр.

Мектеп өнерпаздары “Дебют”, “Каблучок” “Қорқыт пен Орфей мұрагерлері” сынды облыстық байқауларға тұрақты түрде қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Мектеп ішінде құрылған “Шашу”, “Балауса” музыкалық және “Қызылжар” би ансамбльдерінің де жетістіктері мақтануға тұрарлықтай. Бүгінде домбыра үйірмесінің жетекшілері Берік Жанатов пен Татьяна Букирова өз істеріне жаңашылдық енгізіп, балаларға екі түрлі аспапта бір күйді орындауды үйретіп жүр екен.

Өнер мектебінен қанат қағып шыққан жастардың арасында осы жерге қайта оралып, шәкірт тәрбиелеп жатқандары бар. Сол сияқты биыл домбыра сыныбын тамамдайтын Қуаныш Бердентегінің де өнер колледжінде білімін жалғастырып, маман атанған соң, осы жерге қайта оралмақ ойы бар. Өнер саласының мамандарына сұраныс әркез бар. Әсіресе, қосымша білім беру ұйымдарының ұстаздарға зәрулігі ерекше байқалады. Мәселен, “Мерейдегі” ұстаздардың жартысына жуығы облыс орталығынан барып-келіп жұмыс істейді екен.

Өнер мектебіндегілердің орындалмай жүрген арманы бар. Олар өздерінің жеке ғимараттарының болғанын қалайды. Өйткені, аудандық Мәдениет үйіндегі бөлмелер жылдан-жылға оқушы саны артып отырған өнер мектебі үшін тарлық етуде.

Зәуреш АСЫЛБЕКОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика