ШӘКІРТ ЖҮРЕГІНЕ ЖОЛ ТАПҚАН

Нағыз ұстаз атану – үлкен бақыт пен абырой иесі болу деген сөз. Қазақтың тұңғыш педагогі Ыбырай Алтынсарин ұстазды алтын діңгекке теңеген екен. Расында, ұстазсыз бұл дүниенің қызығын тани алмай, өміріміз қараңғылықта өтер ме еді? Білім беру кеңістігінде өз мамандығының хас шебері атанғандар аз емес. Солардың бірі – көп жылдар бойы білім саласында еңбек етіп, шәкірт жүрегіне жол таба білген мұғалім Гауһар Сүлейменова.

Ұстаздық жолда айшықты еңбегімен із қалдырған Гауһар Айтқожақызы жайлы ерекше ілтипатпен айтуға болады. Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімін әріптестері өз ісіне жауапты, талапшыл, ізденімпаз, жайдары мінезді адам ретінде біледі. Гауһар Айтқожақызы тәлім берген оқушылары үшін үлгі. “Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді… Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз”, – деген болатын жауынгер жазушы Бауыржан Момышұлы. Сол сияқты біздің ұстаз да талай ауыл баласының жақсы білім алып, өмірлік жолын тауып, мамандық иесі атануы үшін аянбай еңбек сіңірді, соның арқасында көпшіліктің құрметіне бөленіп отыр.

Гауһар Айтқожақызы Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Шұқыркөл ауылында дүниеге келген. Әкесі – кеңшарда механизатор, ал анасы сауыншы болып еңбек еткен. Әрбір ата-ана сияқты олар да балаларының елдің беткеұстар азаматтары болуын қалап, он ұл-қыздың бәріне жақсы тәрбие мен лайықты білім беруге тырысқан. Әсіресе, жастайынан білімге құштар болған Гауһардың болашағынан ерекше үміт күтті. Гауһар мұғалім болуды армандайды. Сөйтіп, 1976 жылы Абай атындағы педагогикалық институттың филология факультетіне түсу үшін Алматыға аттанады. 1980 жылы бойжеткен ұстаздық жолын бастайды. Ол кездері оқу бітірген жас маман алдымен кадрлар жетіспейтін шалғай аудандарға жіберілетін. Осылайша, ол Айыртау ауданындағы Қарақамыс сегізжылдық мектебіне жолдама алады. Аз уақыт ішінде тәжірибелі әріптестерінің көмегімен ұстаздық істің қыр-сырын меңгеріп, ұжымның белді мүшесіне айналады. Кейін жұмысын Егіндіағаш орталау мектебіне ауыстырып, ұзақ жылдар бойы өз міндетін абыроймен атқарады. Ал 2008 жылы отбасымен аудан орталығы – Саумалкөлге көшіп келіп, балалар үйінде сабақ береді. Ол сабақтарын біріне-бірін ұқсастырмай, түрлі әдістерді шеберлікпен қолдана отырып өткізуді әдетке айналдырған. Содан да болар мектеп оқушылары қазақ тілі мен әдебиетін ерекше ықыласпен оқыды.

Талай шәкіртті білім әлеміне жетектеген Гауһар Айтқожақызы өмірлік серігі Мұратбек Қабиденұлымен бірге ұлдары Рысбек пен Дәуренбектің қызығын көріп, тату-тәтті отбасында еңбегінің жемісін көруде. 37 жыл бойы ұстаздық қызмет еткен Гауһар Айтқожақызы білім беру саласының дамуына қосқан үлесі үшін облыстық білім басқармасы мен аудандық білім бөлімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапатталды. Қазақ тілі мен әдебиеті пәндері бойынша аудан, облыс деңгейіндегі олимпиадалардың жүлдегерлері атанған Бағлан Құлмағанбетова, Айдана Есекеева, Әйгерім Бекбаева, Гүлайым Қалымбекова сынды шәкірттері қазіргі кезде сүйікті ұстаздарының ұлағатты жолын жалғап, еліміздің түкпір-түкпірінде абыройлы қызмет етіп жүр. “Оқушыларыңның бағындырған белестеріне куә болып, шаттанғаннан асқан бақыт жоқ”, – дейді аяулы ұстаз.

Бағлан ҚОЖАҚОВ.

Айыртау ауданы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика