ЗАМАНАУИ МЕКТЕП

Елімізде жаппай цифрландыру қолға алынды. “Цифрлық Қазақстан” бағдарламасы аясында ІТ-мамандарды даярлау бағытына ерекше көңіл бөлініп отыр. Ақпараттық технологиялар кеңістігіндегі бәсекеге қабілеттілігімізді арттыруға үлесін қосатын мамандық иелерін даярлау ісіне өңіріміздің жоғары және кәсіптік-техникалық білім беру мекемелері белсенді түрде атсалысуға кірісті.

Олар “Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету”, “Ақпараттық жүйе”, “Радиоэлектроника және байланыс” сынды мамандықтарды ашып, білім сапасын жақсартуға ден қойып жатыр. Алайда, жастарды заманауи ақпараттық технология мамандықтарына икемдеу балабақша мен мектептерден басталуы тиіс. Оған да біртіндеп қол жеткізілуде. Мәселен, мектеп жасына дейінгі ІТ білім беру жобалары “Алтын бесік” балабақшасында қолданыла бастады. Балабақша тәрбиеленушілері компьютердің тілін меңгеріп, робототехника сабағы арқылы өздерінің ой-өрістерін, алғашқы шығармашылық идеяларын дамыту мүмкіндігіне ие болуда.

Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен еліміздің жүздеген білім беру мекемесі жаңа “Lego Education” жиынтықтарымен жабдықталып, жастар робототехниканың қыр-сырын меңгере бастады. Уақыт өте келе, бұл мектептердегі міндетті пәндердің біріне айналады. Бүгінде облыс орталығының 13 мектебінің оқушылары робот құрастыруға машықтануда. Алдағы уақытта робототехника кабинеті бар мектептер санын 30 пайызға дейін арттыру көзделіп отыр. Инновациялық тұрғыдан ойлайтын, сенімді түрде бағдарламалау жүргізе алатын, веб-сайттармен жұмыс істеп, роботтар құрастыра білетін жастардың санын арттыру мақсатында “Балаларға арналған тегін ІТ-сыныптар” жобасы да жүзеге асырылып келеді. ІТ-сыныптар қала мектептерінің ғана емес, ауыл оқушыларының да цифрлы сауаттылықтарын ашуға мүмкіндік бере бастады.

Бірінші қалалық жалпы білім беру лицейі жаңа оқу жылынан бастап ІТ-лицей мәртебесіне ие болды. Аталмыш жобаны жүзеге асыру үшін дәл осы білім беру мекемесінің таңдалуы тегін емес. Өйткені, отыз жылға жуық тарихы бар білім ордасы ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану бойынша облыстың білім беру мекемелерінің арасында көш бастап келеді. Мәселен, Петропавл мектептеріндегі алғашқы корпоративтік компьютер желісі осы лицейде пайда болған. Ал 2000-шы жылдардың басында мұнда лингвистикалық компьютерлік орталық құрылды. 2008 жылдан бастап әрбір мұғалім өз сабағында мультимедиалық кешенмен жабдықталған жеке компьютер қолдану мүмкіндігіне ие болды. Лицей “E-learning” жүйесіне де алғашқылардың бірі болып қосылды. Бүгінгі таңда лицейдегі 150 компьютердің әрқайсысы жоғары жылдамдықты интернетке қосылған. Ұжым электронды мәліметтер базасын, электронды құжат алмасу, виртуалды әдістемелік кабинеттер игілігін де көптен бері көріп келеді. Ақпарат алмасу ісіне жеңілдік енгізу лицейдің алғашқы директоры Александр Слухаевскийдің бастамасы болса керек.

– “ІТ-лицей” жобасына сәйкес оқу бағдарламаларын ІТ-бағыттар бойынша жүзеге асыратын боламыз. Алдымен “Робототехника негіздері” курсын енгізгелі отырмыз. Ол орта буын және бастауыш сыныптарда жүргізіледі. Оған жоғары сынып оқушыларының да қатысу мүмкіндігі болады. Біз бұрыннан қалыптасқан ІТ-бағыттағы олимпиадалық қозғалысты одан әрі жетілдірмекпіз. Информатика негіздері бойынша өтетін сайыстарда оқушыларымыз үнемі биіктерден көрініп келеді. Бұған лицей оқушыларының бастауыш сыныптардан бастап информатика негіздерінен олимпиадалық ойындарға қатысуы көп септігін тигізеді деп айта аламын. Бұл қосымша оқыту курсын өз ұстаздарымыз әзірледі. Оған бағдарламалау негіздерін де енгіздік. Жалпы білім беру мекемелерінде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар пәні биыл үшінші сыныптан бастап өткізілсе, бізде ол екінші жыл қатарынан бірінші сыныптардан бастап оқытылып келеді, – дейді лицейдің директоры Оксана Новикова.

Лицей өзге мектептерге ІТ-бағыттар бойынша курстар өткізетін болады. Дәлірек айтқанда, бастауыш сыныптарға – информатика және бағдарламалау негіздері, орта буынға – “өзіне сенімді қолданушы”, ал жоғары сыныптар үшін “олимпиадалық информатика” жобалары бойынша бағыт-бағдар береді.

Лицейдің робототехника кабинетінде бес конструкторлық кешен бар. Робототехника негіздерінен сабақ беретін физика және информатика пәндерінің мұғалімі Виктор Вакиннің айтуынша, үйірмеге қызығушылық танытушылар көп. Олардың дені – Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана мен Оқушылар сарайы жанындағы робототехника үйірмелеріне қатысып жүрген балалар. Виктор Вакин мен мектеп директоры Оксана Новикова робототехника бойынша арнайы курстан өткен. Қазір олар жаңа кабинет жұмысын жетілдіруге кіріскен.

Лицей ұжымы 3D-модельдеу ісін де жолға қоюды ойластыруда. Шығармашыл балалар үшін веб-дизайн негіздері мен веб-сайттар құру және анимация бойынша сабақ өткізу де жоспарланып отыр.

– Бізде көп жылдардан бері физикалық зертхана жұмыс істейді. Онда техникалық қауіпсіздік ережесі бойынша ғимарат ішінде жүргізуге болмайтын тәжірибелерді компьютерде шынайы уақытта жүргізу мүмкіндігі жасалған. Осы мүмкіндікті одан әрі жетілдіріп, виртуалды зертханалар құруды ойластырып отырмыз, – дейді Оксана Новикова.

Лицейліктер электронды кітапхана мен мұражайды да 3D форматқа көшіру жұмыстарын қолға алмақшы. Әрине, мұндай идеяларды жүзеге асыру оңайға түспесі анық. Сондықтан білім шаңырағының басшылығы еліміздің өзге қалаларындағы әріптестерімен, жоғары оқу орындарындағы ІТ-орталық мамандарымен тығыз қарым-қатынас орната отырып, жұмысын жетілдіруге және оқушыларға жаңа бағыттар бойынша білім беру мүмкіндіктерін кеңейтуге ниетті.

Биыл еліміздің Қарағанды, Қостанай, Көкшетау сияқты бірқатар қалаларында ІТ-лицейлер ашылды. Олардың жұмысын көзделген бағытта жүзеге асыру үшін толығымен жаңа база жасақтау қажет болды. Ал петропавлдық лицейде ІТ-бағытты жүзеге асыруға қажетті жағдайдың бәрі жасаулы еді. Яғни, компьютер, мультимедиалық жабдықтармен қамтамасыз етілген интернет, корпоративтік желі тартылған. Ендігі кезекте ІТ-лицей өз атауына толығымен сай болуы үшін SMART-бағытындағы жобаларды енгізбекші. Қазір білім беру мекемесінің кіреберісіне электронды өткізу жүйесі орнатылуда. Ол оқушылар мен ұжым мүшелерінің, сонымен қатар өзге де адамдардың келіп-кету уақытын белгілеп отыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, кіреберіс алаңға электрондық ақпараттық тақта қойылса, көпшілік өзіне керекті мәліметтерді оңай тауып алатын болады. Мұндай жүйелер облыс орталығындағы “smart-бала-бақша” және “smart-мектеп” жобалары жүзеге асырылып жатқан “Алтын бесік” пен С.Шаймерденов атындағы классикалық гимназияда орнатылған. Гимназияда “Е-асхана”, “Е-кітапхана” жобалары да іске қосылғаны белгілі. Оқушыларға таратылған пластикалық карточкалар турникеттер арқылы ғимаратқа кіріп-шығу, сонымен қатар, тамақтанғаны үшін төлем жасап, кітапхана қызметін алу үшін де қажет. Мұндай жаңашылдықтар алдағы уақытта лицейліктер үшін де қолжетімді болады.

 Зәуреш АСЫЛБЕКОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика