ҰЙЫМШЫЛ ҰЖЫМ

Пресновка орта мектебі – бүгінде ауданымыздың үздік білім беру мекемелерінің бірі. Іргетасы қаланғаннан бергі 35 жылда ауылымыздың білім шаңырағы талай жетістіктерге жетті.

Ауылымыздың мектебі үшқабатты ғимаратта жайғасқан. Материалдық-техникалық базасы нық. Үлкен спорт және акт залдары, елді мекен тарихынан сыр шертетін мұражайы бар. Спорт алаңы – жастарымыздың бос уақытын қызықты өткізетін сүйікті орны.

Мектептің гүлденіп, түлеуін ауылдықтар мекеменің бұрынғы директоры Геннадий Лукьянчик пен бүгінгі басшысы Андрей Гришинның есімдерімен байланыстырады. Олар оқушының сапалы білім алуына, мұғалімдердің еш қамсыз еңбек етулеріне барлық жағдайды жасай білді. Білім ордасы заманауи компьютерлік техникалармен жабдықталған, интернет желісі кідіріссіз жұмыс істейді. Алайда, мектеп заман талабына сай келу үшін үнемі жаңартылып, техникалық құрылғылармен қамтамасыз етіліп жатса да, оның негізгі байлығы ұжымы болмақ. 35 жыл бойы мектеп ұйымшыл педагогтер ұжымымен, өзара орнаған достық қарым-қатынасымен ерекшеленіп келеді. Мұндай мектепішілік оң ахуалдың негізін қалаған Лидия Бельдюгина, Валерий мен Людмила Нужныхтар, Зикен Қазанғапова, Анна Стриж сынды ондаған ардагер ұстаз. Олар – өскелең ұрпақты тәрбиелеу, білім нәрімен сусындату ісіне бар жан-тәнімен берілген жандар. Мектептің бүгінгі ұстаздары да ауыз толтырып мақтауға тұрарлықтай. 28 мұғалімнің жартысынан көбі – бірінші санатты педагог. Ауыл ұстаздары арасында түрлі байқауларда аудан намысын лайықты түрде қорғап жүргендері бар. Биыл мектеп ұжымы екі жас маманмен толықты. Оның екеуі де кезінде осы білім ордасынан түлеп ұшқан.

Ауыл жастарының болашақ мамандығын дұрыс таңдауына мектептің әлеуметтік-психологиялық қызмет мамандары Алма Қуандықова мен Светлана Стасюк жәрдемдеседі. Ал Жәния Күзембаева болса, болашақ ұрпақтың денсаулығына жауапты. Ол өзінің тікелей міндетінен басқа мектептегі ас мәзірін де, балалардың спортпен шұғылдануын да жіті бақылауында ұстайды. Мектеп қабырғасында балаларға эстетикалық тәрбие беретін, шығармашылығын дамытатын үйірмелер, спорттық секциялар жұмыс істейді.

35 жылда бұл білім ордасы талай ауыл баласының өмірден лайықты орын табуына үлес қосты. Мектеп түлектерінің арасында еліміздің көркею жолында талмай қызмет етіп жүрген түрлі сала ғалымдары мен әскерилер бар.

Сәуле ЖАҚЫПОВА, кітапханашы.

Қызылжар ауданы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика