ЖАҢАШЫЛ ҰСТАЗ

Білім беру саласының дамуына сүбелі үлесін қосып жүрген ұстаздардың бірі – Сәуле Тұралинова. Ізденімпаз, жаңашылдыққа жаны құмар қызметкер – өңірімізде ұстаз-тәрбиешілерге әдістемелік көмек көрсету ісінің үздігі.

Сәуле Шәріпқызы – Айыртау ауданы Карасевка елді мекенінің тумасы. Физика және математика пәндерінің мұғалімі ұстаздық жолын Кирилловка орта мектебінен бастайды. Кейін өзінің туған ауылындағы балабақшада, сонан соң аудан орталығындағы шығармашылық үйінде әдіскер болып қызмет етеді. 1995 жылы мұғалімдікке қайта оралып, Саумалкөл №2 орта мектебінде сабақ беріп, директордың орынбасары қызметін атқарды. Осылайша, ол түрлі ұйымдарда тәжірибе жинақтай жүріп, аудандық білім бөлімі әдістемелік кабинетінің меңгерушісі қызметіне дейін көтерілді.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев 5 қазан күні жариялаған Жолдауында педагогтердің мәртебесі туралы ой қозғап, бұл мәселені заң жүзінде қарастыруды тапсырды. Расында, бүгінде әлеуметтік сала мамандарының қайсысына болмасын қолдаудың қажет екені өткір сезілуде. Мәселен, ауыл ұстаздары балаларға бар білгенін үйретіп қана қоймай, жаңа, сапалы білім бере алатын деңгейге жетсе деген пікірлер аз айтылмайды. Ол үшін үнемі кәсіби шыңдалуы тиіс. Бұл мәселеге Сәуле Шәріпқызы ертерек көңіл бөлгендердің бірі. Ол он жылдан бері Халықаралық бизнес академиясының президенті Асылбек Қожахметовпен бірлесіп, ауыл мұғалімдерінің беделі мен кәсіби деңгейін көтеруге бағытталған “Ауыл мектептерін жоғары оқу орындары тарапынан қолдау” бағдарламасын жүзеге асырып келеді. Бұл бағдарламаға сәйкес ұстаздарымыз жылына екі рет Алматы қаласына барып, арнайы біліктілікті арттыру курстарынан өтеді. Антоновка мектебінің түлегі Асылбек Базарбайұлы мұндай курстарды, онымен қоса, мәдени іс-шаралар бағдарламаларын тегін ұйымдастырып жүр. Ауыл ұстаздары алыс жолға да, күнделікті тұрғылықты орнына да ешқандай қаражат жұмсамайды. Мұндай тәжірибенің жалғыз біздің ауданымызда іске асырылып жатқанын мақтанышпен айта аламын.

Осындай бастамашыл жетекшінің арқасында әдістемелік орталығымыз өз тәжірибесін облыстық деңгейге тарататындай дәрежеге жетті. Облыс әкімінің “Ең үздік әдістемелік кабинет” дипломы мен арнайы жүлдесіне ие болуымыз – осының айғағы.

Әріптесіміз биылғы оқу жылы қарсаңында өткен облыстық педагогтер кеңесінде “Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері” төсбелгісімен марапатталды. Оның әрбір жетістігі бізді шынайы қуанышқа бөлейді. Өйткені, ұстаздарға кез келген уақытта көмек қолын созып, қолдау көрсете білетін ол әрқайсымыз үшін қымбат.

Сәуле Шәріпқызы биыл Айыртау аудандық білім саласы қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрайымы болып тағайындалды. Отыз жылға жуық қызметтік жолында ұстаздық пен білім беру мекемелеріндегі ұйымдастырушылық жұмыстың қырсырын жетік меңгерген Сәуле Шәріпқызы білім саласы қызметкерлерінің құқығы мен мүддесін қорғау ісіне де елеулі үлесін қосады деген сенімдеміз. Оның үстіне алдағы уақытта кәсіподақ алдына үлкен міндет қойылғалы тұр. Олар мұғалімдер жүктемесін азайтуды, жөнсіз тексерістерден арылтуды көздейтін “Педагог мәртебесі туралы” заңды шығару ісіне қатысатын болады.

Галина ШАХМАТОВА,

Айыртау аудандық білім бөлімі әдістемелік кабинетінің әдіскері.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика