ҚАМҚОРШЫЛЫҚ КЕҢЕС АҚША ЖИНАУМЕН ШЕКТЕЛМЕУІ ТИІС

Былтыр өңіріміздің білім саласында 201 жемқорлық фактісі тіркелген. Денсаулық сақтау саласындағы көрсеткіш бұдан екі есе аз.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті ұстаздар қауымына арнап білім беру мекемелерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізілетін іс-шаралар мен педагог қызметкерлердің арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру мәселелерін талқылау мақсатымен “Білім беру саласындағы жемқорлыққа қарсы құралдар: ұлттық заңнаманың іске асырылуы мен ерекшеліктері” атты ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырды.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен “Нұр Отан” партиясы бірлесіп жасаған Жол картасы аясында білім беру мекемелерінің бюджеттен тыс қаржыландыру жүйесінде орын алатын сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізілген. Талдау барысында қамқоршылық кеңестерге қатысты мәселелер көтеріліп, білім беру ұйымдарына типтік ережелерге өзгерістер енгізу, бюджеттен тыс қаражаттың жұмсалуы бойынша есеп жүргізу сияқты бірнеше ұсыныс жасалған.

– Бұқаралық ақпарат құралдарында ата-аналар комитеттерінің мектеп қажеттілігіне ақша жинауды жалғастырып жатқаны туралы материалдар кездесуде. Өкінішке қарай, мұндай комитеттер жұмысы ешбір нормативтік актімен реттелмеген. Сол сияқты ата-аналар арасында қамқоршылық кеңестің міндеті туралы теріс түсінік тараған. Халықаралық тәжірибелерге зер салсақ, қамқоршылық кеңестер білім беру мекемелеріндегі бюджеттен тыс қаржылық-ұйымдастырушылық басқару міндетін жүзеге асырады. Сол сияқты ол азаматтық қоғамдастықтың ұстанымдарын танытуы тиіс. Алайда, бізде оның міндетіне білім ордаларының қажеттілігі үшін ата-аналардан ақша жинау ғана кіреді деп есептейтіндер көп. Бұл – қамқоршылық кеңес қызметі туралы түсіндіру жұмыстарының жеткіліксіз жүргізілгенінің айғағы, – деді департамент басшысы Елена Степаненко.

Мектепке, сыныпқа және оқушылардың қолдануына қажетті заттар қамқоршылық кеңестің шешімімен ғана бюджеттен тыс қаражатқа сатып алынады. Ал мектеп ұжымына ата-аналар комитетінен әлдебір қажеттілік үшін ақша талап етуге тыйым салынады. Бұл жөнінде Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Білім және ғылым министрлігі өкілдерінің қатысуымен өткен жиында мәлім етілгенді. Содан бастап бірде-бір мұғалім оқушылардың тамақтануға деген ақшасын да жинауға араласпайтын болды. Мектептер мен балабақшалардағы алым-салым мәселесін шешу үшін жүргізілетін қаржы есебін жариялау ұсынылған. Енді мұндай талаптар әр білім беру мекемесінің типтік ережелеріне енгізілуі тиіс.

Облыстық білім басқармасының мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын арттыру және мониторинг бөлімінің басшысы Ерік Нұрахметов қатысушыларды осы күндері білім беру ұйымдарында қолданылатын сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралармен таныстырды. Бұл іс-шаралар жоспарында оқушылардан бастап, білім беру мекемелері ұжымымен, ата-аналармен түсіндіру, насихат жұмыстарын жүргізу де қарастырылған. Алайда, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы ата-аналар мен педагогтер арасында жемқорлыққа қарсы насихат буклеттері мен парақшаларын тарату жұмысы бәсең жүргізілетініне назар аударды. Мониторингтік шаралар барысында білім ордаларының бәрінде дерлік осы тақырыптағы қабырға газеттері де көзге түспейтін жерге ілініп қойылатыны аңғарылған. “Бұл ата-аналардың өз құқықтары мен мектепішілік ережелерден бейхабар болуына әкеп соғады”, – деді Елена Степаненко. Ата-аналар арасында жүргізілген сауалнама нәтижесі көпшіліктің білім беру мекемелеріндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы үгіт-насихат жұмыстары туралы білмейтінін көрсеткен. Сондықтан Елена Степаненко ата-аналар арасында хабарлар таратудың ыңғайлылығын арттыру үшін WhatsApp желісін қолдануды ұсынды.

Ұстаздардың бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру жұмысы педагог кадрлардың біліктілігін арттыру институттарының да міндетіне кіреді. Бұл бағытта атқарылатын жұмыстар жайында “Өрлеу” БАҰО” АҚ-ы облыстық филиалының директоры Алма Мырзалинова баяндады. Ал жоғары оқу орындарындары жүйесіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы құралдар жөнінде М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің “Құқықтық пәндер” кафедрасының доценті Наталья Баранова айтып берді. Университетте мемлекеттік гранттардың тағайындалуынан бастап, сессиялардың “таза” өтуіне дейінгі кезеңдер жіті қадағаланады. Студенттер арасындағы парақорлық туралы арнайы құрылған штабқа немесе сенім телефонына хабарласу мүмкіндігі бар. Ал білім алушылар арасында жүргізілген сауалнамалар нәтижесімен жоғары оқу орнының басшылығы танысып отырады екен. Мұндай шаралар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алып, жолын кесуге септесетін көрінеді.

Зәуреш АСЫЛБЕКОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика