МӘМІЛЕ АЛАҢЫ

Күйбің тіршілікте туындайтын дау-дамайды сотқа жеткізбей, бітімгершілікпен шешудің бірден-бір жолы – медиация. Соттардың жұмысын жеңілдетіп, түрлі даудың жергілікті жерде шешілуі үшін 2011 жылы “Медиация туралы” Заң қабылданған еді. Қабылданар кезде қоғамдық пікірталас тудырған бұл заңның бүгінгі қолданыс аясы қандай? “Содружество” Солтүстік Қазақстан медиация және құқық орталығы” қоғамдық бірлестігінің төрайымы Галина Пехотинамен әңгімеміз осы сауалдан өрбіген.

– Галина Анатольевна, медиацияға қатысты тиісті заң қабылданғанға дейін дау-дамайлар қандай тәсілмен шешіліп жүрді?

– Медиацияның арқасында кез келген даулы мәселе бітімгершілікпен аяқталады. Бұл – қазіргі сот жүйесіне өте қажет әдістердің бірі. Дұрыс қолдана білсе, екі тарап та ерікті түрде ортақ мәмілеге келе алады. 2011 жылға дейін медиация “бейбіт келісім” деп аталды. Адамдар өзара мәмілеге келіп, оны бейбіт немесе өзге де келісімдермен рәсімдеп келді.

Біздің орталық “Медиация туралы” Заң қабылданғаннан кейін құрылды. Орталықтағы кәсіпқой медиаторлар “Жалпы медиация курсы”, “Мамандандырылған медиация курсы” және “Медиаторлар жаттықтырушыларын даярлау курсы” оқу бағдарламаларынан өтті. Қазір қолданыстағы заң аясында жұмыс істеп жүрміз. Үстіміздегі жылдың соңында “Медиация туралы” Заңға өзгерістер енгізіледі деп күтілуде. Себебі, заңның солқылдақ тұстары тәжірибе барысында анықталады емес пе?!

– Қандай өзгерістер енгізілуі мүмкін?

– Кәсіпқой медиаторлар заңның кейбір тұстарын нақтылауды ұсынып отыр. Әу баста кәсіпқой және кәсіпқой емес медиаторлардың айырмашылығы, немен айналысатыны нақты айтылған болатын. Яғни, арнайы курстардан өткен кәсіпқой медиаторлар қылмыстық процестерге және азаматтық істерге қатыса алады. Ал қоғамдық медиаторлар тұрмыстық деңгейдегі, ауылдық жерлерде туындаған мәселелерді шешеді делінген болатын. Қазір кәсіпқой емес медиаторлар барлық жерде жұмыс істеп жүр. Жалпы алдағы уақытта кәсіпқой емес медиаторлар болмайды, олар басқаша аталады деген пікірлер айтылуда.

– “Медиация туралы” Заңда кімдер медиатор бола алатыны нақты көрсетілген. Осы орайда қоғамда екіұшты көзқарас қалыптасып отыр. Әсіресе, медиатор болуға ниет танытқандарға қатаң талап қойылмаған деген пікір жиі айтылуда. Осы жайлы ойыңызды білсек деп едік.

– Заңда атап көрсетілгеніндей, медиаторлық кəсіби жəне кəсіби емес негізде жүзеге асырылады. Жоғары білімі бар, жасы 25-ке толған, Қазақстан Республикасы Медиаторлар одағында арнайы оқу курсынан өткен тұлға медиатор бола алады. Ал кəсіпқой емес медиаторлықпен 40 жасқа толған, халық арасында беделді, адамгершілігі жоғары, ары таза адамдардың айналысуына толық мүмкіндік бар. Олар тұрғындар жиынының ресми хаттамасы арқылы жергілікті атқару органдарына тіркелуі тиіс.

Біздің орталықта 28 кәсіпқой медиатор бар. Олардың барлығы – жоғары білімді заңгерлер. Медиатор болуға ниет танытып жүргендер көп. Олардың барлығы бірдей медиатор бола алмасы анық. Медиаторлыққа келіп, қабілетін бағамдап, мүмкіндігін таразы басына салған кезде бірі кетеді, екіншісі осы жолда қалуға бел буады. Менің ойымша, заң бойынша медиатор боламын деушілерге нақты талаптар қойылғанымен, уақыт – қатал іріктеуші. Медиатор болу үшін, алдымен, адаммен тіл табыса білу керек. Егер мұндай қабілет болмаса, заңды бүге-шігесіне дейін білсеңіз де, медиатор бола алмайсыз. Осыны түсінген көптеген медиаторлар жоғары оқу орындарына түсіп, психолог мамандығын оқып жүр. Жалпы, кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты дауды қараған кезде психолог маманды шақыруға міндеттіміз. Сол себепті, мен медиаторларды іріктеу үстірт жүргізіледі деген пікірмен келіспеймін. Бұл салаға адасып не болмаса кездейсоқ келгендерге ешкім көмек сұрап бармайды, аяғында олар бұл қызметті тастауға мәжбүр болады.

– Бес жылдың ішінде орталықтағы медиаторлар қандай даулардың шешімін тапты?

– Медиаторға судьяның өкілеттігі берілмегендіктен, ол заңды шешім қабылдай алмайды жəне тараптарды өз шешімін орындауға міндеттей алмайды. Ол келіссөздердің тиімді жүргізілуіне көмектеседі жəне қажетті арнаға бұруға жол сілтейді. Бұл əдістің ең маңызды тұсы – өзінің бейтараптығының арқасында медиатор даудың мəн-жайын қарай отырып, проблеманың оңтайлы шешімін табуға бағдар беріп, екі жаққа да тиімді шешімге келуге жағдай жасайды. Ал тараптар келісімге қол жеткізген жағдайда, медиация даулы ахуалды шешетін жазбаша шарт – медиациялық келісім жасаумен аяқталады. Дауларды сотқа жеткізбестен, өзара бітімгершілікпен аяқтау судьяларға жүктемені азайтып қана қоймайды, қоғамда орын алып отырған даулардың шешімін табуға септігін тигізеді. Үстіміздегі жылы Жоғарғы сот жекелеген санаттары бойынша дауларды медиация тәртібімен сотқа дейінгі реттеуді eнгізу бойынша қанат-қақты жобаны жүзеге асыруда. Бұл жоба аясында судья өтініш келіп түскен кезде Азаматтық процестік кодекстің 165-бабына сәйкес тараптарға дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісіммен аяқтау құқығы, дауды медиация тәртібімен шешудің басымдықтары туралы хабарлама жібереді. Сондай-ақ, қандай кәсіпқой медиаторлар бар екендігі, олардың мекенжайы, байланыс нөмірі де көрсетіледі. Біз шешуге атсалысқан даудың дені тұтынушылардың құқығын қорғау, алимент өндіру мәселесіне қатысты болды. Әсіресе, соңғы уақытта алимент бойынша борышты өндіруге қатысты 10 дауды шештік. Алименттік борышты өндіру өте қиын. Себебі, сот орындаушыларының бұл бағытта атқарып отырған жұмысы өнімсіз. Бұл қордаланған мәселенің шешімін табуда екі тарапты жүздестіретін медиацияның әлеуеті зор. Жалпы медиация орталығы жұмыс істеген бес жылдың ішінде 300-ден астам дауды шештік.

– Бүгінгі таңда соттасқаннан гөрі, медиация арқылы бітімге келу арзанға түседі екен. Шынында да солай ма?

– Медиацияның оңтайлы жағы көп. Сотта іс әдетте ұзаққа созылады, ол, тіпті, айларға созылуы мүмкін. Бірнеше мәрте сот отырыстары белгіленеді, оған тараптардың бірінің өкілдері келмеуі де мүмкін, сөйтіп, жағдай ушыға түседі. Бұл ретте медиация алдыңғы қатарға шығады – тараптардың еріктілігі және жеделдетілген шараның бейресмилігі. Дауды шешуге медиаторға небәрі 30 күн уақыт беріледі. Белгілі бір себептермен бұл мерзім ұзартылуы да мүмкін, бірақ 60 күннен аспауы тиіс. Тәжірибе көрсеткендей, бірін-бірі атарға оғы болмай келгендермен жұмыс 40 минуттан үш аптаға дейін созылуы мүмкін. Сотта тараптар бір-біріне қарсы әрекет етеді, ал медиация барысында өзара ынтымақтаса қимылдайды. Сот шешімді заңға сәйкес қабылдайды, ал медиатор тараптардың мүдделерін ескере отырып, бірақ заң аясында қабылдайды. Сотқа жүгінсе, мемлекеттік баж салығын төлейді, адвокат жалдайды. Бұл екі тараптың да қалтасын қағады. Медиаторлар да өзінің қызметі үшін сыйақы алады. Бізге қылмыстық істі шешкеніміз үшін 30 мың теңге төлейді, ал кейбір істер бойынша 5,10 мың теңге алуымыз мүмкін.

– Медиаторларға бейтараптықты сақтау қаншалықты қиынға соғады?

– Шынында да, заң аясында бейтараптық сақтау өте қиын. Мен бейтараптықты сақтау үшін түрлі әдістерді қолданамын. Бір тарапқа бүйрегің бұрып тұрса, медиатор бола алмайсың. Заң бойынша медиатор бейтарап болуға, медиацияны екі тараптың мүддесі үшін жүргізуге және медиация рәсіміне тараптардың тең қатысуын қамтамасыз етуге тиіс. Медиатордың бейтараптылығына кедергі келтіретін жағдайлар болған кезде, ол медиацияны жүргізуден бас тартуы керек. Бұл салада алты жылдан бері жұмыс істеп жүргендіктен, айтарлықтай тәжірибем бар. Сырт көзге таразы басын тең ұстау оңайырақ. Десек те, заң кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты алимент өндіру, отбасындағы қарым-қатынас сияқты істерде баланың жағына шығып, мүддесін қорғауға рұқсат беріп отыр.

– Тараптардың және медиатордың қандай құқықтары мен міндеттері бар?

– Медиацияға қатысушылар өздеріне медиация барысында белгілі болған мәліметтерді осы ақпаратты берген тараптың жазбаша рұқсатынсыз жария ете алмайды. Медиация барысында біз есікті жауып, телефондарды өшіріп тастаймыз. Егер бір тарап бұл талапты бұзатын болса, онда Әкімшілік кодекс бойынша жауапкершілік қарастырылған. Яғни, мәліметті жариялағаны үшін 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді. Медиатордың тараптардың алдындағы жауапкершілігі – бейтараптықты, заң нормаларын сақтау. Егер қандай да бір заң бұзушылықтарға жол берілсе, медиатор жарты жылға дейін лицензиясынан айырылады.

Әңгімелескен

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.