САУАТСЫЗ ШЕНЕУНІК

Облыстық әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысында Жамбыл аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Раушан Сәйпеноваға қатысты тәртіптік іс қаралды.

Жергілікті кәсіпкер шенеуніктің сатып алу-сату шартында және қосымша келісімдерде жіберіп алған орфографиялық қателерінің салдарынан жер учаскесін ресімдей алмай, әділет органдарында тіркелу уақыты созылып кеткен. Сондай-ақ, Раушан Қатыранқызы жер комиссиясы отырысына қажетті материалдарды бермей, өтінішке жауап қайтару мерзімін бұзған. Мемлекеттік қызметші сылбырлықты бөлімдегі кадр жетіспеушілігімен түсіндіріп, құжаттардағы қателердің техникалық екенін әрі олардың абайсызда жіберілгенін айтып ақталды. “Бәлкім, мұқият қарамаған шығармын. Оларды жасау кезінде сатып алушы қасымда болып, құжаттарға бірге қол қойдық. Ешбір тарап қателерді байқамадық. Ал бұл қателер жер учаскесін әділет органдарында тіркеуге кедергі деу жалған”, – деді Раушан Сәйпенова. Алайда, ол 2014 жылы да осыған ұқсас қателік жіберіп, жауапкершілікке тартылған екен.

– Сіз жіберген қателігіңізден сабақ алмайсыз. Мемлекеттік қызметтерді сапалы әрі дәл уақытында көрсетуге міндеттісіз. Алайда, өзіңіз қате толтырған шартты кәсіпкер дұрыс оқымады деп кінәлап отырсыз. Енді ол бизнеспен айналысудың орнына кеткен қатені түзеп әлек, – деді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы – әдеп кеңесінің төрағасы Ғалым Тұрсынбаев. Кеңес мүшелері аудан әкіміне Раушан Қатыранқызының лауазымын төмендетуге, егер сәйкес бос қызмет орны болмаса, қызметіне толық сай еместігі жөнінде ескерту беруге ұсыныс жасады.

Жиында Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның әкімі Владимир Дудов тұрғындарға мемлекеттік қызмет көрсету, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тиісті деңгейде жүргізіліп жатқанын айтты. Баяндамашының сөзін мұқият тыңдаған Ғалым Тұрсынбаев ауданда мемлекеттік қызметтер электрондық түрде сирек көрсетілетінін тілге тиек етті. Аудан әкімі бұл түйткілді интернеттің болмауымен байланыстырды. Оның айтуынша, 17 ауылдық округтің сегізінде интернеттің жылдамдығы аз болса, қалғанында мүлдем жоқ екен. Комиссия мүшелері бұл кемшілікті жоюды тапсырды.

Кеңес барысында мемлекеттік қызметшілерге сыйақы төлеу мәселесі де қаралды. Қызметтік тексеру нәтижесінде облыс орталығындағы қуыршақ театрының бас есепшісі мереке күні әртістерден де жоғары мөлшерде сыйақы алғаны анықталған. Облыс­тық мәдениет, архивтер және құжаттама бас­қармасының басшысы Ермек Рахимов қуыршақ театрының директорына қызметшілерге сыйақы тағайындау, материалдық көмек көрсету тәртібі түсіндірілгенін айтты.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.   

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.