ҚАРУ АСЫНҒАННЫҢ БӘРІ АҢШЫ ЕМЕС

Табиғатымыздың басты байлықтарының бірі – жануарлар әлемі. Ал қырда жортқан түз тағысын сақтау үшін заңсыз аңшылықтың алдын алу қажет. Әйтсе де, елімізде браконьерлік тыйылар емес. Ал мұның салдарынан аңдардың кей түрлерінің жойылып кету қаупі туып отыр.

Бүгінгі таңда Қылмыстық кодекске сәйкес заңсыз аң аулағандарға жаза қатайды. Енді жарылғыш құрылғыларды, автокөліктерді, мототехника мен қарда жүретін көліктерді қолданып аң аулағандар 75 тәулікке тұтқындалып, бір жылға дейін белгілі бір лауазым атқару құқығынан айырылады. Ал сирек кездесетін аңдар мекендейтін қорық аумағында өзінің қызметтік өкілеттігін пайдаланып, браконьерлік жасағандар, тіпті, бес жылға дейін түрмеге қамалады. Қылмыстық кодексте топпен аң аулауды ұнататындар үшін ең ауыр жаза – үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған.

Браконьерлік үшін жауапкершілік келтірілген зардапқа байланысты әкімшілік және қылмыстық болып бөлінеді. Мәселен, еліміздің Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 382-бабында аң аулау ережесін бұзған жеке тұлғаға бес АЕК көлемінде айыппұл салу қарастырылған.

Браконьерлердің құрығына әртүрлі аңдар, құстар және балықтар ілігеді. Біздің өңірімізде сүтқоректілердің ішінен елік, марал, қабан, ал қанаттылар қатарынан жабайы үйрек пен қоңыр қаз жиі ауланады. Үстіміздегі жылдың басынан бері өңіріміздің құқық қорғау органдары заңсыз аңшылық фактілері бойынша бес қылмыстық іс қозғап, табиғат қорғау ұйымдары аң аулау ережесін бұзған 395 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартқан.

Мәселен, үстіміздегі жылдың басында “Солтүстік Қазақстан облысының аңшылар мен балықшылар қоғамы” қоғамдық бірлестігінің мүшесі Д.Рогачёв түлкілерді атуға рұқсат беретін жолдамамен елік атқан. Ал Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы №1458 қаулысымен бекітілген аң аулау ережесінің қосымшасына сәйкес сібір елігін тек қыркүйек айының 20-нан (аталықтарын 1 тамыздан) желтоқсанның 31-іне дейін ғана атуға рұқсат етіледі. Саналы түрде заңды ескермеген Д.Рогачёв Жамбыл аудандық сотының үкімімен Қылмыстық кодекстің 337-бабының 1-бөлімі бойынша кінәлі деп табылып, бір жылға аңшылықпен айналысу құқығынан айырылды, әрі 120 сағат мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылды. Сондай-ақ, оған сот үкімімен мемлекетке келтірген 100 АЕК көлеміндегі шығынның орнын толтыру міндеттеліп, оның қарда жүретін көлігі тәркіленді.

Биыл табиғат қорғау заңнамасын бұзғаны үшін залалдың орнын толтыру көлемі өсті. Мысалы, елік пен қабанды заңсыз ауласа – 250 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, ал үйректі атса 11 345 теңге айыппұл төлейді. Сондықтан аңшылық жасауды ұнататындарға ережені сақтап, табиғат қорғау заңнамасын бұзбауға кеңес бергіміз келеді.

Жаслан СМАҒҰЛОВ,

облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.