ТУРА БИДЕ ТУҒАН ЖОҚ

“Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ” деген екен дана халқымыз. Қара қылды қақ жарып, әділдігін айтқан билер­дің ұлылығын халық жадында мәңгі сақтап қалды. Қазіргі заманның билері – судьялар. Бұрынғы билер шешендікпен, өмірлік тәжірибемен, халықтың ғасырлар бойы жинақталған асыл ойларымен, өнегелі сөздерімен билік айтқан болса, қазіргі заман судьялары заңға сүйеніп билік жүргізеді.

Мен сот жүйесінде 15 жылдан бері қызмет етіп келемін. Еңбек жолымды 2002 жылы Астана қаласының Алматы аудандық сотында бас маман ретінде бастадым. Күні-түні дайындалып, 2007 жылы біліктілік емтиханын тапсырып, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен судья болып тағайындалдым. Осы жылдар ішінде сот жүйесін жетілдіруге бағытталған жұмыстардың куәсі болдым. Жүзеге асырылған тиімді өзгерістер мен жаңашылдықтардың арқасында еліміз сот жүйесі жағынан дамыған елдердің деңгейіне көтерілді деп нық сеніммен айта аламын.

Білікті, моральдық, адамгершілік қасиеттері жоғары, бойында имандылығы бар әділ судья ғана сот билігінің мәртебесін асқақтатып, сотқа деген қоғамның сенімін нығайта алады. Сондықтан сот кадрларын іріктеу үрдісі қоғамның назарын өзіне аударып отыр.

Судьялыққа үміткерге қойылатын талаптар өткен жылдан бері қатаңдатылғаны белгілі. Бұрын үміткердің заң саласындағы екі жылдық тәжірибесі жеткілікті еді. Қазіргі талаптар бойынша кемінде бес жыл сот отырысының хат­шысы­ не сот консультанты, прокурор, адвокат­ немесе 10 жыл заң мамандығы бойын­ша жұмыс өтілі болуы керек. Сонымен қатар судья­лыққа жиырма бес жасқа­ толған, жоға­ры заңдық білімі бар, біліктілік емтиханын тапсырған, медициналық тексеруден өткен Қазақстан Республикасының азаматы жіберіледі. Сондай-ақ, жаңадан тағайындалған судьялар үшін сынақ мерзімі енгізілді, психологиялық тестілеу мен полиграф зерттеуі іске қосылды.

Әрі өткен жылы судьялардың Әдеп кодексі қабылданғанын білесіздер. Қазіргі уақытта судьяларға қойылған талап, жауапкершілік күшей­тілді. Кодекстің ең басты құндылығы – судьялардың заңнан басқаға тәуелді болмады. Сонымен қатар судьялар жұртшылық назарында жүргендіктен, оның жұмыс уақытында және жұмыс­тан тыс та өзін ұстауы, жүріс-тұрысына да шектеулер қойылған­. Бұл туралы аталмыш кодекстің 10-бабында “Судья қоғамдық іс-шаралар мен басқа да көпшілік орындарынан, егер оның беделіне нұқсан келетіндей болса, аулақ болуы керек” деп айтылған. Соны­мен қатар 7-бабында “Судья міндеттерін орындаған кезде өз діни көзқарасын көрсетуден аулақ болғаны жөн” десе, 12-бапта “Судья өз беделі мен отбасы мүшелерінің беделі туралы ойлауы керек” деп, судьяның жұмыс және жұмыстан тыс уақытта өзін қалай ұстауы керектігі жөнінде айтылған.

Бүгінде судьялар корпусына сапалы мамандар даярлау мақсатында Сот төрелігі институты Жоғарғы соттың қарамағына берілді. Сот төрелігі академиясының білім беру үдерісі сот жүйесі үшін кадрларды даярлау, қызмет ететін судьялардың және сот жүйесі қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, ғылыми-зерттеу жүргізу сияқты үш бағыт бойынша жүргізіледі. Барлық судьялар Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Сот төрелігі академиясында үш жыл сайын біліктілігін арттырады. Алғаш рет судьялық корпустың сапалық құрамын жақсарту, олардың кәсіби біліктілігін бағалау және арттыруды ынталандыру, істерді қарау барысындағы заңдылықты нығайтуға жауапкершіліктерін арттыру, азаматтардың құқықтары мен қоғамның мүддесін қорғау мақсатында судьялардың кәсіби қызметін бағалау жұмысы қолға алынды.

Сенімді ақтау – зор жауапкершілік. Сот процестері бойынша шешім шығарған кезде екі тараптың біреуі­нің жеңіліс табатыны бесенеден белгілі. Сондықтан сотта жеңілген тарап әртүрлі сөз шығаратыны да өтірік емес. Сот төрелігін жүргізуші әділ шешім қабылдағанымен, құқықтық білімі төмен тараптардың байбалам салып, ақпарат кеңістігінде атойлап жүргендерін көріп қынжыласың. Десек те, мен өз әріптестерімнің антына берік, қызметіне адал екеніне сенімдімін. Соңғы жылдары облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотта сыбайлас жемқорлыққа байланысты ұсталып, соттың беде­лін төмендеткен фактіле­р тіркелген жоқ.

Осындай ары таза, сертіне берік кадр атану үшін судьялық лауазымға үміткерлердің біліктілігі жоғары болуы және судьяға қойылатын талаптардың бәрін біліп қана қоймай, оны күнделікті өмірде бұлжытпай орындауы тиіс. Сонымен қатар судья әдебіне байланысты қойылатын талаптар мен шектеулерді естен шығармай, имандылық секілді игі қасиеттер оның болмысының түпкі қазығына айналуы қажет. Адамгершілік тұрғысынан жақсы мен жаманды ажырата білген судья заң аясында да әділін айта алатын деңгейде болады.

Бауыржан ЖАЙЖҰМАНОВ,

облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық

соттың төрағасы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.