АҚСАҚАЛ — ӘДІЛ ТӨРЕШІ

Айыртау аудандық сотында ақсақалдар кеңесінің ұйтқы болуымен “Медиация – бітімгершілік бастауы” тақырыбында өткен “дөңгелек үстелде” елді ортақ мақсат-мүддеге жұмылдыруда аға буын өкілдерінің байламына тоқтап, дауласқан тараптар мәмілеге келіп отырғандығы сөз болды. Шараға аудандық құқық қорғау саласының қызметкерлері де қатысты.

Елімізде дауларды шешудің қосымша әдісі ретінде 2011 жылдың 28 қаңтарында Қазақстан Республикасының “Медиация туралы” Заңы қабылданды. Аталған Заң жеке және заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық, өзге де құқық қатынастары, онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыстар туралы істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында және де сотқа дейінгі дауларды шешуге, атқарушылық іс жүргізуді орындау кезінде туындайтын қатынастар бойынша қолданылады. “Медиация тәсілі сот жүйесіндегі әділ төрелікті қамтамасыз етудің бірден-бір жолы болмақ. Медиация деген сөздің мағынасын екі жақты татуластыру рәсімі деп түсіндіруге болады”, – деген Айыртау аудандық сотының төрайымы Ажаргүл Шәмшінұрова медиаторлардың құқықтары мен міндеттеріне тоқталды.

Халқымыздың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлы: “Тәртіпке бағынған құл болмас”, – деген екен. Кез келген тәрбиенің бастауы тәртіпте жатыр. Сондықтан да дана халқымыз шектен шыққан есерге ес кіргізіп, тентекті тезірек тезге салып отырған. Бұл бір ғана адамның немесе отбасының ісі емес, бір рулы елдің, бүкіл ауылдың міндеті болған. Сол замандардың куәсі ретінде “Қасым ханның қасқа жолы”, “Есім ханның ескі жолы”, Тәуке ханның “Жеті жарғысы” сынды заң нормалары сақталып келсе, бүгінде тәуелсіз Қазақстанның өз Ата Заңы бар.

– Аталмыш жүйенің орнын Қазақстанда бұрын ақсақалдар кеңесі, билер институты атқарып келген. Бүгінгі тәжірибеде де ақсақалдар кеңестері дау-дамайды бір мәмілеге келтіре алатын әлеуетке ие. Медиация сот процесінде болып жатқан көптеген мәселелердің оңтайлы шешімін табуына, істердің қыс-қаруына, экономикалық шығындардың азаюына септігін тигізеді, – дейді аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Болат Шонұлы.

Өткен жылда аудан бойынша 26 қылмыстық, 34 әкімшілік және 24 азаматтық іс медиация тәртібі бойынша бейбіт келісіммен шешілген. Ал биылғы жылдың он айында бұл көрсеткіштердің саны әлдеқайда артып отыр. Бұл сотқа дейінгі тіркелген дау-жанжалдарды медиатордың араласуымен екіжақты келісім арқылы шешуге болатынын көрсетіп отыр.

Бағлан ҚОЖАҚОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Айыртау ауданы.  

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.