ҚАТЫГЕЗДІКТЕ ШЕК ЖОҚ ЕКЕН

Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта Мамлют ауданының Дубровное ауылының тұрғыны Любовь Русалиеваның ісіне қатысты сот отырысы басталды.

Еске сала кетейік, бұл жантүршігерлік оқиға қараша айының басында орын алған болатын. Алпысты алқымдаған әйел өзімен бірге тұратын қызы мен тоғыз жасар жиенін дүкенге жіберіп, туғанына үш аптадай ғана болған кіші жиенін жанып жатқан пешке тастап жіберген. Үйге оралған ана сәбиін іздеп, оны оттың ішінен алып шыққан. Көршілер зар еңіреп жылаған дауысты естіп, учаскелік инспекторды шақырған. Күдікті уақытша ұстау абақтысына қамалып, сотқа дейінгі тергеу басталған еді.

Сот отырысы барысында мемлекеттік айыптаушы Уәлихан Мүсірәлиев зейнеткердің оқиға күні ішімдік ішкенін айтып, қылмысты қасақана жасағанын жеткізді.

– Анам нәрестелі болатынымды естігенде қуанып қолынан келген көмегін аямайтынын айтқан еді. Ауруханадан шыққанымда жанымда болып, көмек көрсетті. Бейкүнә нәрестені неліктен қатыгездікпен өлімге қиғанын әлі де түсіне қоймадым, – деді жәбірленуші Олеся Грудинская.

Сондай-ақ, ол анасының сол күні мас болған-болмағанын дөп басып айта алмады. Дегенмен, зейнеткер арақты жиі ішкен. Наркологтың есебінде тұрса да, психологиялық ауытқушылығы болмаған. Кейін сот-психологиялық сараптама да оның ақыл-есі дұрыс екенін анықтады.

Зейнеткердің кінәсі толықтай дәлелдесе, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабының 2-бөлімі бойынша 15-тен 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика