СҰРАНЫСҚА ИЕ ҚЫЗМЕТ

2014 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының ресми интернет-ресурсында электронды түрде сот ісін жүргізу мақсатында және тұрғындарға сот жүйесінің жеделдігі, қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз етуге арналған “Сот кабинеті” электрондық қызметі іске қосылған болатын. Бұл қызмет түрін қолдану үшін азаматтың, яғни сот ісіне қатысушының электрондық цифрлық қолтаңбасын енгізуі ғана шарт болып табылады.

“Сот кабинеті” қызметі арқылы электронды түрде талап қою арыздарын және құжаттар мен өтініш хаттарды беру іске асырылады. Бұл азаматтардың уақытын барынша үнемдеуге және қаржылай шығынданбауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, тұтынушы-азамат немесе оның өкілі, қорғаушысы кез келген қолайлы уақытта, үйден, кеңседен шықпай-ақ, интернет арқылы сот құжатын, істің тарихын қарап, сот актісін қағазға бастырып шығара алады. Осылайша, 2017 жылдың тоғыз айында “Сот кабинеті” қызметі арқылы облыс соттарына 30 мыңнан астам құжат, оның ішінде 14950 талап қою арызы мен 9670 әкімшілік іс келіп түсті. Сот ісін жүргізуге қатысушылар үшін SMS-хабарландыру жүйесі тиімді жұмыс істейді, қағаз түрінде сот тәртібін жолдау толық жойылды.

Жыл сайын “Сот кабинеті” қызметі жетілдірілу үстінде. Қазіргі таңда бұл қызмет арқылы сот ісін жүргізудің барлық бағыттары бойынша елуден астам көмек көрсету түрі ұсынылады. Өткен жылдан бастап осы сервистегі Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылықтары туралы кодексінің екі тарауындағы мемлекеттік органдардың әрекеттеріне шағымдану мен әкімшілік өндіріп алу нормаларына сәйкес жаңа көмек көрсету жұмыстары енгізілді. Сол сияқты, 2016 жылдың қыркүйегінде сақтандыру компанияларына электронды түрде жол-көлік апаттары бойынша әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы қаулыларды ұсынуды қарастыратын қанатқақты жоба бастау алды. Сервис сақтандыру оқиғалары үшін, әсіресе, ол сақтандыру орнынан басқа қалаларда орын алған жағдайда қолайлы. Сондай-ақ, сақтандыру қаражатын төлеуге қатысты шешімді өзге қалада орналасқан бас кеңсе қабылдаған жағдайлар да болды.

Сақтандыруға қатысты орын алған факті сақтандыру компаниясына сақтандырылған тұлға немесе жәбірленуші ұсынған құжаттың түпнұсқасымен, яғни әкімшілік құқық бұзушылық туралы қаралған істің күшіне енгені жөніндегі судьяның қаулысымен расталады. Осы модульді құру соттарға судьяның ЭЦҚ-мен расталған құжат түпнұсқасына заңды түрде бірізді болатын сот актілерінің электрондық көшірмелерін жолдауға мүмкіндік береді. Сақтандыру компаниялары “Сот кабинетінен” осы сот қаулыларын тез арада тауып алып, сақтандыру төлемін іске асыра алады. Бұл төлемді іске асыру шешімін қабылдау үшін уақыттың көп жұмсалмайтындығы маңызды.

Ұялы құрылғылар арқылы сот органдары ұсынатын сервистерге қолжетімділікті қамтамасыз ететін “Сот кабинетінің” мобильдік қосымшасы да өңделіп жасалып, іске қосылды.

Жылдан-жылға “Сот кабинеті” қызметін қолданушылар қатары қалындап келеді. Бұл – оның сұранысқа ие екенінің айқын дәлелі. “Сот кабинеті” соттағы өкілдер мен қорғаушылар қызметінің тиімділігін арттырады әрі сот шешімін іске асыру мәселелері бойынша тұрғындардың сотпен өзара байланысының қолайлығын арттырудың азаматтардың құқықтық мәдениетін нығайтудың тәжірибелік құралы ретінде қызмет етеді. Сервис сот қызметінің барлық рәсімдеу істеріне түсініктеме береді, олардың ашықтығын қамтамасыз етіп, жұмыстың нақты регламентін белгілейді, барлық сот құжаттарына уақтылы қолжетімділікті қамтамасыз етеді.

Оян МҮТӘЛӘПОВ,

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша соттар әкімшісінің басшысы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.