ӘРКІМ ҚҰҚЫҒЫН БІЛУІ ТИІС

Мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге қойылатын талаптар өте зор. Өйткені, олардың кәсібилігі, тәртіптілігі мен адалдығы мемлекетке деген сенімді қалыптастырады.

Мемлекеттік әкімшілік қызметшілерді тәртіптік жауапкершілікке тарту тәртібі жалпы еңбек заңнамасында қарастырылған жұмыскерлерді жауапкершілікке тарту ережелерінен өзгеше. Ол “Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы” Заңы және 2015 жылдың 29 желтоқсанында Президент Жарлығымен бекітілген Мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза тағайындау ережелері негізінде қолданылады. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықты қоспағанда, осы заңға сәйкес қызметшілер тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін ескерту, сөгіс, қатаң сөгіс, қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту алуы, лауазымы төмендеуі, атқаратын лауазымынан босатылуы мүмкін.

Заңда мұндай тәртіптік қылықтардың елеусiз, елеулi және айтарлықтай теріс қылық деген түрлері бар. Қызметшi алғаш рет немесе бұрын қолданылған жазаны алып тастағаннан кейiн жасаған терiс қылық елеусiз терiс қылық болып табылады, яғни қызметшiге ескерту, сөгiс немесе қатаң сөгiс түрiндегi жаза қолданылады.

Қызметшiнiң ескерту, сөгiс немесе қатаң сөгiс түрiндегi бұрын қолданылған жазасы алынып тасталмай тұрып, алты ай iшiнде қайталап жасаған терiс қылығы елеулi терiс қылық болып табылады, мұндай терiс қылық жасағаны үшiн қызметшiге қызметiне толық сәйкес еместiгi туралы ескерту немесе лауазымын төмендету түрiндегi жаза қолданылады. Жасаған әрекеті үшiн қолданыстағы еңбек және мемлекеттiк қызмет туралы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаларға сәйкес негiздер бойынша жұмыстан шығару көзделген қылық айтарлықтай терiс қылық болып табылады.

Қызметшiнің әлдебір терiс қылық жасағаны анықталған кезде, одан еңбек заңнамасы мен жоғарыда аталған ережелерге сәйкес жазбаша түсiнiктеме талап етіледі. Егер терiс қылық елеусіз болып, жазбаша түсiнiктемесiнде қызметшi онымен келiссе, онда қызметтiк тексеру жүргiзбей-ақ ескерту, сөгiс немесе қатаң сөгiс түрiндегi жаза қолдануға болады. Егер қызметшi өзiнiң жазбаша түсiнiктемесiнде қойылған фактімен келiспейтінін жазса, онда оның түсініктемесі тыңдалып, жан-жақты қарастырылған тәртіптік кеңестің материалдары бойынша қызметтiк тексеру жүргiзiлуі тиiс.

2016 жылдан бастап сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтар үшін тәртіптік жауапкершілікке тарту тоқтатылып, жемқорлыққа жағдай жасаушы әрекеттер мемлекеттік қызметке кір келтіруші теріс қылықтар қатарына ауыстырылды. Және ол үшін қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту немесе атқаратын лауазымынан босату түріндегі жазалар қолданылатын болды. Мұндай теріс қылықтар “Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы” Заңының 50-бабында тізбектеліп көрсетілген. Жеке және заңды тұлғаларға құқықтары мен заңды мүдделерін іске асыруына ашық кедергі жасау, заңсыз түрде артықшылықтарды пайдалану, сыйлықтар қабылдау сияқты жиырмадан астам фактілер үшін тәртіптік жазаға тартылғандар үш жыл бойы мемлекеттік қызметке қабылданбайды, ал жұмысынан шығарылғандар өмір бойы бұрынғы ісіне қайта орала алмайды.

Әдеп кодексін бұзу және мемлекеттік қызмет атына кір келтіру фактілері анықталған жағдайда, басқарушы буын – қала, аудан әкімдері мен олардың орынбасарлары, ревизиялық комиссия мүшелері, сондай-ақ, билік органдарының аумақтық және жергілікті басшыларының әкімшілік істерін Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық, қалалық және республикалық деңгейдегі Әдеп кеңестері қарастырады. Осы ретте мемлекеттік қызметшілер жоғары тұрған лауазымды тұлғаға, уәкілетті орган немесе оның аумақтық құрылымына, тіпті, сотқа барып тәртіптік кеңес шешіміне апелляция бере алады. Мәселен, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті Тимирязев ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімі бас маманының жұмыстан заңсыз шығару туралы өтінішіне сәйкес қызметтік тергеу жүргізіп, оның тәртіптік кеңестің ұсынысы бойынша босатылмағанын анықтады. Қызметтік тергеу жүргізілмей, бұйрықта бас маманға қандай теріс қылығы үшін жаза тағайындалып отырғаны көрсетілмеген. Тексеріс нәтижесінде тәртіптік жаза кері қайтарылып, өтініш беруші қызметіне оралды. Ал оны жазаға тартушы жетекші тұлға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 99-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Департаменттің араласуымен Петропавл қаласының мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім жетекшісіне тағайындалған сөгіс түріндегі тәртіптік жаза да жойылды. Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің тәртіптік комиссиясы жүргізген қызметтік тергеу жұмыстары нәтижесінде қызметтік тергеу материалдарында мүлдем басқа теріс қылық көрсетілген болып шықты. Тергеу қорытындысында көрсетілген әрекетке қатысты фактілер зерттелмеген.

Мемлекеттік қызметшілер тәртіптік жауапкершілікке тартылу кезінде мемлекеттік қызмет туралы заңнамада көрсетілген құқықтарын білгендері жөн. Олай болмаған жағдайда, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті мамандарының көмегіне жүгінулеріне болады.

Аслан ИСИН,

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаменті басқармасының басшысы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.