КЕДЕРГІЛЕР ЖОЙЫЛУДА

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауындағы маңызды міндеттердің бірі – шағын және орта бизнесті дамыту. Елімізді ХХІ ғасырда өндірістік және әлеуметтік жаңғыртудың негізгі құралы да осы. Экономикамызда шағын және орта бизнестің рөлі қаншалықты маңызды болса, Қазақстанның дамуы да соншалықты тұрақты болмақ. “Қазақстан бизнесті жүргізуге ең қолайлы жағдайы бар елдер тобына кіреді және біз бұл үрдісті өрістете түсуге тиіспіз.

Шағын және орта бизнес – біздегі Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамының берік экономикалық негізі. Оны дамыту үшін жеке меншік институтын заңнамалық тұрғыда нығайтатын кешенді шешімдер қажет. Бизнесті дамытуға кедергі келтіретін барлық ен-жар құқықтық нормалардың күшін жою керек. Шағын бизнес ұрпақтан-ұрпаққа берілетін отбасы дәстүріне айналуға тиіс”, – деп көрсеткен болатын Елбасы өз Жолдауында. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы шағын бизнестің мамандануын дамыту бағытында шаралар қолданып, оны болашақта орта бизнеске айналдыруға және аталмыш сектор субъектілерінің айқын банкроттық механизмін енгізу қажеттігін, шағын және орта бизнестің жаңа инновациялық кәсіпорындар төңірегінде дамуға тиіс екендігін айтқан болатын.

Осы ретте бизнесті қорғауға прокуратура органдары ерекше назар аударады. Мәселен, өткен жылы облыс прокуратурасы кәсіпкерлік саласында 42 заң бұзушылықты анықтап, 18 прокурорлық қадағалау актісін енгізіп, сегіз адамды тәртіптік жауапкершілікке тартты. 68 кәсіпкердің құқығы қорғалды.

Осыған сәйкес, кәсіпкерлік субъектілері мен мемлекеттің өзара әрекетін одан әрі жақсартуға, кәсіпкерлердің құқығын қорғайтын институттар мен құралдарды заңды түрде бекітудің тиімділігін арттыруға және әкімшілік кедергілерді еңсеріп, бақылаушы органдардың заңсыз тексерулеріне қарсы тұруға бағытталған бірқатар жұмыстар атқарылды. Мәселен, былтыр прокуратура органдары кәсіпкерлік субъектілерін тексеру тізіліміне қатысты 52 фактіні анықтады. Заң бұзушылықтар бойынша прокурорлық әрекет негізінде бірқатар шаралар қолданылды. Нәтижесінде бұл тексерулер тізілімнен жойылып, жауапты тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар облыстық прокуратура өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, қызмет барысында туындайтын мәселелерді анықтап, бюрократиялық кедергілерді жоюға бағытталған шараларды атқарды.

Айтуған ҚАСҚЫРБАЕВ,

облыстық прокуратураның аға прокуроры.  

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.