УАҚЫТПЕН ҮНДЕС

Уақыт және өмір талаптарына сәйкес еліміздің әлеуметтік, құқықтық дамыған мемлекеттер қатарына қосылуы мақсатында қолданыстағы заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Соның бір дәлелі – 2015 жылдың 31 қаңтарына дейін басшылыққа алынған Азаматтық іс жүргізу кодексінің күші жойылып, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің қолданысқа енгізілуі.

Кодекстің атауы “іс жүргізу” термині “процестік” болып өзгертілді. Сондай-ақ, кодекстің бірінші тарауындағы “іс жүргізу заңдары” сөздері “процестік” сөзімен алмастырылған. Күші жойылған кодекстің 1-тарауындағы азаматтық іс жүргізу заңдарымен реттелетін қатынастар деген 1-бабы алынып тасталды. 2-тарауға азаматтық сот ісін жүргізу қағидаттары деген жеке бап қосылды. Күші жойылған кодекстің 8-бабындағы “адамның” деген сөз “тұлғаның” деген ауқымды терминмен алмастырылды. Сонымен қатар тұлғаның сотқа талап қою, яғни арыз беруі бойынша құқықтарының шеңбері кеңейтіліп, қағаз арқылы арыз берумен қатар, электронды түрде арыз беру тәсілі де заңдастырылды. Алайда, істердің белгілі бір санаты үшін дауды сотқа дейін реттеу тәртібі заңда белгіленсе немесе шартта көзделсе, сотқа жүгіну осы тәртіп сақталғаннан кейін мүмкін болады. Жалпы жаңа кодекстің мәтініндегі терминдер күші жойылған кодекстегі терминдермен салыстырғанда әлдеқайда кең ауқымды түсінікті сөздермен алмастырылғанын айту жөн.

Аталған кодекстің 17-тарауына бұрын болмаған татуластыру рәсімдері енгізілді. Бұл тарауда тараптарды татуластыру мәселелеріне ерекше назар аударылған. Татуласу келісімін, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен және партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасау әдістері нақты реттелген. Бұл енгізілген өзгерістер өміршеңдігін көрсетіп отыр. 2017 жылдың алғашқы тоғыз айында Ғабит Мүсірепов атындағы аудандық сот 601 азаматтық істі қарады. 276 іс бойынша үкім шығарылса, үш дау партисипативтік процедура тәртібімен шешілді.

Осыдан-ақ заңға жаңадан енген дауды реттеудің баламалы әдісі – партисипативтік рәсім сотқа жүгінушілерді бейжай қалдырмағанын көреміз. Іс партисипативтік рәсіммен бітуі үшін екі жақтың да адвокаты болуы міндетті. Бұл тұрғыда адвокаттардың рөлі зор екенін баса көрсеткен жөн. Себебі, партисипативтік рәсімде екі тарап адвокаттарына заңмен басымдық берілген. Олар өз қорғаушылары арасында туындаған дауды келісіммен бітіруде екі жақпен, яғни өз клиенттерімен теңдей келіссөздер жүргізеді. Нақты айтқанда, бұл рәсімде адвокаттардың қарым-қабілеті сынға түседі. Егер олар дауласушыларға заңның өздеріне берілген жақсы мүмкіндігін жеткізе алса, онда істің ушықпауына ықпал етеді. Партисипативтік рәсім ке­зінде дауды реттеу тараптар мен олардың қорғаушыларының қатысуымен жүзеге асырылады. Партисипативтік рәсім заңды және жеке тұлғалардың азаматтық, еңбек, отбасылық, басқа да құқықтық қатынастардан туындаған азаматтық-құқықтық дауларда қолданылады. Ал аталған істерде сотқа күніне қаншама талап-арыз түседі. Солардың кемі бір-екеуі осы рәсіммен аяқталып отырса, онда заң талабының ақталғаны.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексі қоғамдағы азаматтық дауларды реттеуге және ел тұрғындарының құқықтық ой-өрісін көтеруге бағытталған деп нық сеніммен айтуға болады.

Жасұлан ҚАБЫШ,

Ғабит Мүсірепов атындағы аудандық соттың төрағасы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика