ҚАТЕЛІК СОҢЫ — ҚАТАҢ СӨГІС

Облыстық әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысында, ең алдымен, оның жаңа мүшесі таныстырылды. Әдеп мүшелерінің қатары облыс әкімі аппаратының басшысы Қанат Сәрсембаевпен толықты.

Отырыс барысында Айыртау аудандық әкімдігінде жүргізілген қызметтік тергеу барысында анықталған заң бұзушылықтар қаралды. Белгілі болғандай, осы аудан әкімінің орынбасары Айдын Қазжанов былтырғы 9 қазан күні жалпы конкурс негізінде Елеусізов есімді азаматты арнайы тексерістің нәтижесін күтпестен, аудандық құрылыс және сәулет бөліміне бас маман ретінде жұмысқа қабылдаған. Елеусізов көп ұзамай бөлім басшысының лауазымы үшін өткен ішкі конкурсқа қатысып, кейін оған тағайындалған.

Ал аудан әкімі аппаратының персоналды басқару қызметінің жетекшісі Дана Байғазиева жоғарыда аталған қызметкердің арнайы тексерістен өтуі үшін оған қатысты ақпараттың Ұлттық қауіпсіздік комитетіне жолдануын қадағаламаған. Осындай деректерге тоқталып өткен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы – әдеп кеңесінің төрағасы Ғалым Сұлтанұлы аудан әкімінің орынбасары Айдын Қазжановқа:

– Бұл салғырттыққа кадр қызметі де кінәлі. Бәлкім, сіз соларға сенген шығарсыз. Алайда, бұл істі өзіңіз басшылыққа алуыңыз керек еді. Осының салдарынан “жұмысқа дұрыс орналастым” деп ойлап жүрген азаматты қызметтен босатуға тура келді, бөлімді басшысыз қалдырдыңыз, – деді.

Отырыс барысында екі мемлекеттік қызметші өздерінің кінәлі екендіктерін толық мойындағандықтан, кеңес мүшелері оларға қатаң сөгіс жариялау жөнінде бірауыздан ұсыныс жасады.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”. 

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика