ТАЗА ТАУАР ӨТІМДІ

Өңірімізде көкөністер мен ауыл шаруашылығы дақылдарының сапасы Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Солтүстік Қазақстан аумақтық инспекциясының бақылауына алынған. Осы саладағы әрбір компания инспекция қызметкерлерінің сенім үдесінен шығу үшін жұмысында тазалыққа ерекше мән береді. Солардың бірі – дәнді дақылдарды қайта өңдеп, сатумен 18 жыл бойы айналысып жүрген “СевЕсильЗерно” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

Кәсіпорындағы барлық өнім экспортқа шығарылады. Мысалы, ұн мен кебек Орта Азия елдеріне жөнелтілсе, бидайдың қатты сұрыптарын ресейлік “Макфа” акционерлік қоғамы сатып алады. Мұнда шикізаттың сапасы бірінші орынға қойылған.

– Біз тұтынушының талабынан шығу үшін өнімге толық талдау жасаймыз. Мәселен, көктем мезгілінде қоймаларда кене пайда болатындықтан, астықты тексереміз. Таза болмаған жағдайда, оны диқандарға қайтарып жібереміз, – деген кәсіпорын директорының орынбасары Александр Трифонов тексерілген тауарды экспорттау үшін оған фитосанитарлық сертификат керек екенін айтты.

Сертификаттау жұмысымен облыстық карантиндік зертхана айналысады. Өңірімізге әкелінген барлық дәнді дақыл осы процедурадан өтеді. Мұнда жыл басынан бері олардың 120-ға жуық түрі тексеріліп, бұзылғандары да анықталған.

Зертхананың директоры Юлия Стрела жақында Қостанайдан жеткізілген сәбіз тұқымы повилика паразитімен зақымданғанын атап көрсетті. Паразиттің бұл түрі ауыл шаруашылығы дақылдарының шығымдылығын 80 пайызға кемітеді екен.

Тауардың ел ішінде сатылуы үшін карантиндік сертификат қажет. Аумақтық инспекцияның бас маманы Ильмира Қажымұратова жыл басынан бері өңірімізге карантинге жатқызылған өнімді фитосанитарлық сертификатсыз енгізудің 16 фактісі анықталғанын айтты. Осылайша, тауар жеткізушілер еліміздің Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 400-бабын бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ, биыл өңірімізге Қостанай, Ақмола облыстарынан сертификатталмаған көкөністер әкелініп, “Южный” базарында сатылып келген. Тексерістен соң барлық тауар сатылымнан алынды.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика