ӘЛЕУМЕТТІК ЗЕРТТЕУ НӘТИЖЕСІ

“Ассамблея” облыстық корпоративтік қоры сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және жемқорлық көріністеріне төзбеушілік деңгейіне әлеуметтік зерттеу жүргізген болатын. Зерттеу нәтижелері облыстық әкімдікте облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахметтің қатысуымен өткен шарада талқыланды.

Зерттеу сыбайлас жемқорлық серпінін және облыс тұрғындарының құқықтық білімін анықтап, қоғамдағы “бармақ басты, көз қыстылықтың” себептері мен деңгейін төмендетудің амалдары жөніндегі көпшіліктің пікірін білу мақсатын көздеді. Әлеуметтік сұрау салу нәтижесі бойынша облыс тұрғындары өңірімізде сыбайлас жемқорлық деңгейі төмен екенін айтқан. Ал жемқорлық фактілері жиі кездесетін салалар ретінде құқық қорғау, жергілікті атқарушы, сот органдарын атаған. Ал, керісінше, сыбайлас жемқорлық аз мекемелер қатарында қаржы ұйымдары мен халыққа қызмет көрсету орталығы бар.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы Ғалым Тұрсынбаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауында бұл мәселеге қатысты айтқан ойлары мен алға қойған міндеттеріне тоқталып, осы салада атқарған жұмыстарынан хабардар етті. Былтыр департамент сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағыты бойынша екі мыңнан астам іс-шара өткізді. “Өңір тұрғындары арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті тұрақты түрде насихаттаймыз. Былтыр облыстық коммуналдық қызметтермен бірлесіп, 700 мыңнан астам түбіртекке насихат қағаздарын қосып тараттық. Бұл парақшалар әр отбасыға үш реттен берілді. Азаматтар көп жиналатын орындарға 170 мыңнан астам плакат орналастырылды. Мерзімді басылымдар арқылы 250 мың парақша таратылды”, – деді Ғалым Сұлтанұлы.

Мемлекеттік сектордағы жемқорлық деңгейін төмендетудің тиімді тәсілдерінің бірі сыртқы және ішкі талдау жұмыстарын жүргізу болып табылады. Былтыр департамент жемқорлық тәуекеліне 12 сыртқы талдау жүргізіп, 138 ұсыным әзірлесе, соның 137-сі орындалған. Департамент басшысы биылғы жоспарларымен де бөлісті. Жақында республика бойынша тұрғындардың жемқорлыққа төзбеушілігі мен адалдық қағидатын қалыптастыру мақсатында “Адал жол – Честный путь” атауымен марафон басталады. Акция аясында бір ай бойы әр қала, аудан мен ауылдық округте түрлі конкурс, семинар, дебат, көңілді тапқырлар алаңы, флешмоб, дәрістер мен кездесулер, жастар акциялары өткізіледі.

Жиында үстіміздегі жылы аталған әлеуметтік зерттеулердің көрсеткішін жақсарту мақсатында өзара бірлескен жұмыстар жүргізу бойынша бірқатар ұсыныстар қабылданды.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика