СОТТАҒЫ СОНЫ ӨЗГЕРІСТЕР

Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен кезекті баспасөз мәслихатына облыстық соттың төрағасы Ерлан Айтжанов, азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Айдар Смағұлов пен қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Владимир Кириленко қатысып, былтырғы жұмыстарын қорытындылады.

Ерлан Айтжанов бүгінгі таңда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында құқық қорғау саласы қызметкерлері алдына қойған міндеттерді жүзеге асыруға айрықша маңыз беріліп отырылғанын атап көрсетті. “Елбасы мемлекеттік қызмет көрсетудің ашықтығын қамтамасыз етуде цифрландырудың маңызы зор екендігін атап өтті. Азаматтар өздерінің өтініштерінің қаралу үрдісін бақылап, уақытында тиісті жауап алуы тиіс. Сондықтан бүгіндері мемлекеттік қызмет көрсету біртіндеп электронды форматқа көшуде. Республика соттарында да толыққанды электронды жүйе қалыптасқанын айта кеткен жөн. “Төрелік” ақпараттық жүйесі де әділеттілікке қолжетімділікті қамтамасыз етуге септігін тигізуде. 2017 жылдан бастап “Сот кабинеті” мобильді қосымшасы жұмыс істейді”, – деді ол. Ерлан Жұмаханұлы Жоғарғы сот пен Бас прокуратура бірлесіп “Заңдылық” жобасын іске қосқанын айтты. Былтыр сот отырыстарының 98,4 пайызы аудио және бейнежазбалар қолдану арқылы өтсе, 1032 отырыс бейнеконференция түрінде жүргізілген.

Облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Айдар Смағұлов былтыр облыста 26216 азаматтық іс өндіріспен аяқталғанын айтты. Соның 11790-ы бойынша шешім қабылданған. Есепті кезеңде бірінші инстанциядағы сот шешімдерінің 99,4 пайызы заңды әрі негізді деп танылып, 2016 жылмен салыстырғанда, азаматтық істер жөніндегі сот төрелігін жүзеге асырудағы соттар жұмысының сапасы 0,1 пайызға артты. Азаматтық істерді қарайтын 20 аудандық және оларға теңестірілген соттардың 11-інде сот актілері күшін жоймаған немесе өзгерістер енгізілмеген.

Қылмыстық істер бойынша қаралған сот отырыстары жайлы баяндаған облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Владимир Кириленко өткен жылы 2269 қылмыстық істің өндіріспен аяқталғанын жеткізді. “Әдеттегідей өзгенің мүлкін ұрлау фактілері жиі кездеседі, ондай істер саны – 908. Ал 226 қылмыстық іс есірткі затының заңсыз айналымына қатысты. Алқабилердің қатысуымен төрт іс қаралды. Қысқартылған тәртіпте қаралған істер саны шамамен екі есеге артып, 936-ға жетті. 1260 қылмыстық іс бойынша үкім шығарылып, 1386 адам сотталды”, – деді Владимир Александрович.

Баспасөз мәслихатында журналистердің сұрақтарына жауап берген спикерлер лаңкестікке қарсы шаралар қолданылмағаны үшін айыппұл салынған Петропавл халықаралық әуежайына қатысты және жабық түрде өтіп жатқан өзге де сот отырыстары жайлы ақпарат берді. Белгілі болғандай, Петропавл халықаралық әуежайы лаңкестік әрекеттерден қорғану, нысанның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін тиісті деңгейде орындамағаны үшін 200 айлық есептік көрсеткіш немесе 453 800 теңге айыппұл төлеуге мәжбүр болған. Заңға сәйкес әуежайдағы бейнебақылау құрылғыларына түсірілген кез келген жазба кем дегенде 30 тәулікке дейін сақталуы тиіс. Ал тексеріс нәтижесінде әуежайда орнатылған құрылғылардың бірқатары жұмыс істемейтіні әрі жазба тек 16 тәулікке дейін ғана сақталатыны анықталған.

Жаз мезгілінде қала тұрғыны Ербол Хамитовты аяғынан айырған атысқа қатысты іс күдіктілердің бірі кәмелеттік жасқа толмағандықтан, жабық түрде қаралып жатқаны белгілі. Алайда күдіктілер тергеу барысында қысым көрсетілгенін алға тартқандықтан, іс прокурорлық тексеру үшін уақытша тоқтатылыпты.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика