ҚЫЛМЫСТЫ ЖАСЫРҒАН ЖАЗАЛАНА МА?

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің экстремизм және терроризмге қатыстылық үшін жауапкершілікті күшейту жөніндегі кеңесінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев терроризм тудыратын қауіп-қатер біздің халықаралық қауіпсіздік жөніндегі түсінігі-мізді түбегейлі өзгерткенін айтқан болатын. Бұған еліміздің Алматы және Ақтөбе қалаларында болған оқиғалар дәлел бола алады.

Жоғарғы сот 2016 жылдың 22 желтоқсанында “Соттардың қылмысқа қатыстылық пен қылмыстық құқық бұзушылыққа дем берушілік үшін жауапкершілік туралы заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы” нормативтік қаулы қабылдады. Бұл нормативтік қаулының сот тәжірибесі үшін үлкен маңызы бар, өйткені ол экстремизм және терроризм актілеріне қатыстылық пен дем берушілік үшін жауапкершілік туралы заңнаманың дұрыс және біркелкі қолданылуын қамтамасыз етуге бағытталған. Онда қылмысқа қатыстылықтың негізгі түрлері мен анықтамасы түсіндірілген. Сонымен қатар тұлғаларды қылмыс туралы хабарламағаны және қылмысты жасырып қалғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту немесе тартпау жөніндегі ережелер көрсетілген.

Нормативтік қаулыға сәйкес, қылмысқа қатыстылық жасалған қылмысқа сыбайлас қатысу болып табылмайтын, онымен себептік байланыста болмайтын қылмысқа қатысушылықтың ерекше формасы және қылмысты анықтауға, оны жасаған адамды әшкерелеуге кедергі келтіретін, қоғамға қасақана қауіп төндіретін іс-әрекет болып есептеледі.

Қылмыстық кодекске сәйкес, сыбайлас жемқорлықты, ауыр немесе аса ауыр қылмысты жасырып қалу, сондай-ақ дайындалып жатқаны немесе жасалғаны анық белгiлi аса ауыр қылмыс, не дайындалып жатқаны анық белгілі терроризм актісі туралы хабарламау фактілері қылмысқа қатыстылықтың негізгі түрлері болып табылады. Бұл ретте Қазақстан Республикасының Конституциясына және қылмыстық заңға сәйкес, қылмыс туралы тиісті органға хабарламағаны үшін қылмыс жасаған адамның жұбайы (зайыбы) немесе жақын туысы, сондай-ақ өздеріне сеніп, сырын ашқан адамдардың қылмыстары туралы хабарламаған діни қызметшілер қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды. Қылмыстық кодекстің 432-бабы бойынша жұбайы (зайыбы) немесе жақын туысы жасаған қылмысты күні бұрын уәделеспей жасырып қалған адам мойнына қылмыстық жауапкершілік алмайды.

Қылмыстық-процестік кодекстің 7-бабының 11-тармағына сәйкес, қылмыстық сот ісін жүргізуде ата-аналар, балалар, асырап алушылар, асырап алынғандар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек ағалы-iнiлер мен апалы-сiңлiлер, ата, әже, немерелер жақын туыстар деп танылады.

Нормативтік қаулыда дайындалып жатқаны немесе жасалғаны белгілі өзге де құқық бұзушылықтар туралы хабарламау фактілері анықталған кезде соттар жеке қаулы шығару арқылы адамның өзінің азаматтық және моральдық борышын орындамау фактісі туралы тиісті ұйымдарға жеткізуге құқылы. Осы мақсаттар үшін дайындалып жатқаны немесе жасалғаны анық белгілі қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы уақтылы хабарлап, сот төрелігіне көмек көрсеткен адамдар мадақталады. Мұнымен қоса құқық қорғау органдарына қылмыс жасалғаны немесе терроризм актісі туралы жалған ақпарат бергені үшін қатаң қылмыстық жаза қарастырылғанын да еске сала кеткіміз келеді.

Рамазан ХАСЕНОВ,

Солтүстік Қазақстан облыстық сотының судьясы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.