БИЗНЕСТІ ТІРКЕУ ЖЕҢІЛДЕДІ

Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу соңғы уақытта өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Көбіне өзінің жеке бизнесін ашу кезінде тұрғындар тарапынан көптеген сұрақтар туындап жатады.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында дамудың жаңа мүмкіндіктері” тақырыбындағы Жолдауының сегізінші міндеті ретінде тиімді мемлекеттік басқаруды белгіледі. Яғни, бұл бизнесті қайта реттеу, “бір терезе” қағидаты бойынша бизнеске мемлекеттік қолдау көрсету үрдістерін цифрландыруды қамтамасыз етуге және “бір өтініш” қағидаты бойынша жекелеген мемлекеттік қызмет көрсетуден кешенді қызмет көрсетуге көшуге жол ашады.

Жоғарыда айтылған міндетті жүзеге асыру үшін 2018 жылғы қаңтар айынан бастап “Электронды үкімет” веб-порталында заңды тұлғаны тіркеу кезінде шағын және орта бизнес субъектілеріне қызметшілерді сақтандыру туралы келісімшарт жасау және банк шотын ашу тәртібі енгізілді.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасы “Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы” кодекстің 569-бабына енгізілген түзетулер, заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу кезінде қосымша құн салығын есепке алуды бес күннен бір күнге дейін қысқартуға мүмкіндік берді. Заңды тұлғаларды тіркеуге қатысты мемлекеттік қызметтер әділет органдары қызметінің тиімділігін көрсетеді.

Қазақстанның “Doing Business” рейтингісіндегі позициясының жоғарылауына, соның ішінде бизнес жүргізу көрсеткішіне байланысты мемлекеттік органдардың алдына бизнеске мемлекеттік қызмет көрсетуді жеңілдету міндеті қойылып отыр. Осылайша, 2013 жылдан бастап мемлекеттен барлық рұқсат құжаттарын қазақстандықтар электронды түрде немесе халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы алатын болды. Шағын бизнеске жататын заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеуді “Электронды үкімет” веб-порталында толтырылатын электронды хабарлама арқылы жүзеге асыруға болады. Бұл тәсіл арқылы тіркелу үшін арнайы жарна төлеп, тіркеуге алушы органды хабардар етсе болғаны. Жоғарыда аталған заңға сәйкес, бұл жағдайда тіркеуден бас тарту қабылданбайды.

Сонымен қатар заңды тұлғаларды тіркеу барысында қажетті құжаттар тізімі мен тіркеу мерзіміне қатысты “Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеуді және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу” туралы Заңға да айтарлықтай өзгертулер енгізілді. Осылайша, жеке бизнес субъектісіне жататын заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу немесе қайта тіркеу, оның филиалдарын есептік тіркеу қажетті құжаттар жиналып, өтініш түскеннен кейін бір жұмыс күнінен кешіктірмей жүргізілуге тиіс.

Ал шағын және орта бизнес субъектісіне жататын заңды тұлғаларды “Электронды үкімет” веб-порталы арқылы тіркеу өтініш берілгеннен кейін бір сағат ішінде жүргізіледі. Сонымен қатар тіркеуші органға заңды тұлғаның, яғни жеке кәсіпкерлік субъектісінің мекенжайын растайтын құжат тапсыру мен салық бойынша қарызы жоқ екендігі туралы анықтаманың қажеттілігі жойылды.

Заң актілеріне енгізілген өзгерістер жеке кәсіпкерлік субъектісін тіркеу үрдісін айтарлықтай жеңілдетті. Бұл, өз кезегінде, кәсіпкерліктің дамуына оң септігін тигізуде. Осылайша, соңғы үш жылда бизнесті жүргізу бойынша көрсеткіштің жақсаруы нәтижесінде облыста кәсіпкерлік субъектісіне жататын мыңға жуық заңды тұлға электронды түрде тіркелді.

Әділет департаментінің қалалық және аудандық басқармалары қызметіне жүргізілген талдаулар өткен жылы заңды тұлғаларды тіркеуге қатысты 2539 өтініш келіп түскенін көрсетті. 2016 жылы түскен өтініштер саны – 2260. Есепті кезеңде 1193 заңды тұлға мемлекеттік тіркеуге тұрса, 1077 филиал мен өкілдіктер есептік тіркеуге қойылды. 108 заңды тұлғаның құжатына өзгертулер мен толықтырулар енгізілді, ал 226 заңды тұлға жойылды. Мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімдерінің негізінде 71 заңды тұлға, филиалдар мен өкілдіктері өз қызметін тоқтатты. Тіркеу жұмыстарына қатысты шағымдар түскен жоқ. Ал 525 заңды тұлғаның тіркеу туралы өтініші қабылданбай, бұл шешімдердің барлығы заңды деп танылды.

Айнар МАХМЕТОВА,

облыстық әділет департаменті заңды тұлғаларды тіркеу бөлімінің басшысы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика