ЖАЗАЛАНҒАН АДАМДЫ ЖҰМЫСҚА ҚАБЫЛДАҒАН

Облыстық әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы Айыртау ауданының атқарушы органдарында қызметтік тәртіпті нығайту және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларының қалай жүргізіліп жатқандығын қараудан басталды.

Аудан әкімінің орынбасары, әдеп жөніндегі уәкіл Гүлмира Әбілқайырова өзінің баяндамасында былтыр осы бағытта біраз жұмыстың басы қайырылғанын атап көрсеткенімен, мемлекеттік органдардың бірде-бірінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталмаған. Бұл жағдайға Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы – әдеп кеңесінің төрағасы Ғалым Тұрсынбаев аң-таң болды. Өйткені, департамент қызметкерлері бір ғана мемлекеттік органнан 10-12 тәуекелді жайт табады екен. Демек, ауданда талдау жұмыстары нашар жүргізілген. Оған қоса, мұнда қызметшілерді оқыту жоспары да орындалмаған. Білім алуы тиіс 68 маманның тек 41-і біліктілікті арттыру курсынан өтіпті. Сондай-ақ, ауданда қызметтік әдеп нормаларының талаптары сақталмай, конкурстық шаралар жүргізуде кемшіліктер анықталған.

Ғалым Тұрсынбаев бұған дейін сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған Асқар Хамзиннің Төменгі Бұрлық ауылындағы орта мектептің басшысы болып тағайындалғанын сынға алды. Ол Аққайың ауданындағы Смирново мектеп-интернатының директоры қызметін атқарған кезде балалар еңбегін пайдаланған. Оқушылар оның жеке ауласын қардан тазалап, бақшасында жер жыртқан. Осы өрескел қылығы үшін Асқар Хамзин 2007 жылдың шілде айында жауапкершілікке тартылып, қызметінен босатылыпты. Кейінірек ол өзінің еңбек кітапшасын жоғалтқан сыңай танытып, Шал ақын ауданындағы Афанасьевка ауылдық округіне әкім болып орналасудың амалын тапқан. “Ауру қалса да, әдет қалмайды” демекші, мұнда да лауазымын пайдаланып, қарамағындағы қызметкерлерді орманға отын дайындауға жіберген. Нәтижесінде олардың бірін ара шағып, сол жерде қайтыс болыпты.

– Мен бұл уақытта Қызылорда облысында тұрсам да, оқиғаға қанық болдым. Өйткені, осы заң бұзушылықтан кейін жұмыстан шығып қалғаны үшін ол соттасып, атышулы сот үрдістері бірқатар республикалық, облыстық бұқаралық ақпарат құралдарының назарынан тыс қалмады. Белгілі болғандай, ол сыбайлас жемқорлық қылмысын жасағандықтан, мемлекеттік қызметке мүлдем орналаспауы тиіс еді. Бұдан соң Асқар Хамзин қыркүйек айында аталған мектепке мұғалім болып кіріп, орынбасарлыққа дейін өсіп, қазан айында директорлыққа тағайындалады. Еңбек кітапшасы тағы да жоқ. Алайда, зейнетке шығуға аз жыл қалған адамда осы құжаттың неліктен болмағанына ешкім де бас ауыртпаған. Қылмыс жасаған әрі оның кінәсінен біреу көз жұмған адамды мектеп директоры қызметіне тағайындадыңыздар, – деді Гүлмира Әбілқайыроваға қарата айтылған сөзінде Ғалым Сұлтанұлы.

Қазіргі таңда Асқар Хамзинді жұмысқа қабылдағанда одан қажетті құжатты талап етпеген аудандық білім бөлімінің басшысына қатысты әкімшілік өндіріс жүргізілуде.

Өңіріміздегі кадр тұрақтылығы мәселесі де көңіл көншітпейді. Әдеп жөніндегі кеңесте баяндама жасаған департаменттің мемлекеттік қызмет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлнәр Ыбыраева былтыр 153 мемлекеттік қызметші өз еркімен жұмыстан шыққанын айтты. Әсіресе, 36 маманынан айырылған Қызылжар ауданы тізімде көш бастап тұр. Ал облыс орталығындағы мемлекеттік мекемелерден 30 қызметші кеткен. Жүргізілген сауалнама нәтижесінде бұған басқа жаққа көшу, еңбекақының аздығы мен жұмыстың көптігі себеп болған. Сондай-ақ, кейбірінің қызметтен кетуіне ұжымдағы ахуал мен басшылық тарапынан көрсетілетін қысым да әсер еткен. Үстіміздегі жылы жергілікті атқарушы органдардағы жұмысын 28 адам тастап кеткен.

Жиында мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау басқармасының басшысы Мұрат Абылаев органдағы мемлекеттік қызмет туралы заңнаманы бұзудың алдын алу жұмыстары жөнінде хабарлама жасады. Ғалым Тұрсынбаев бұл басқармада түрлі кемшіліктер бар екенін айтып, жұмысын қанағаттанарлықсыз деп таныды. Ал облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Ғалым Тасболатов әдеп кеңесі отырысына дайындықсыз келіп, қойылған сұрақтарға жауап бере алмағандықтан, кеңес мүшелері оның сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне қатысты қағаздан шұбыртып оқып берген ақпаратын қабылдамады. Бұл мәселе келесі отырыста қайта қаралатын болды.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика