ҚҰЖАТТАР САНЫ ҚЫСҚАРДЫ

Еліміздің негізгі заңымен кепілдендірілген білікті заңгерлік көмек көрсету адвокатураның басты міндеті болып табылады. Қазақстан Республикасының “Әділет органдары туралы” Заңына сай Әділет министрлігі құқықтық көмекті ұйымдастыру және заңгерлік көмек көрсету саласында мемлекеттік саясатты қамтамасыз етеді.

Заңгерлік көмек көрсетудің тиімділігі заң білімінің сапасына тікелей қатысты, ол өз кезегінде адвокат болуға мүдделі адамның лицензия алуы барысында бағаланады. “Адвокаттық қызмет туралы” Заңда қарастырылатын тәртіпке сәйкес жоғары заңгерлік білімі бар, адвокаттық қызметпен айналысу үшін лицензия алған, міндетті түрде адвокаттар алқасының мүшесі болып табылатын және адвокаттық қызмет шеңберінде кәсіби негізде заңгерлік көмек көрсететін Қазақстан Республикасының азаматы ресми түрде адвокат атана алады. Әділет министрлігінен адвокаттық қызметпен айналысуға лицензия алу үшін үміткерге тағылымдама мен аттестаттау сияқты бірнеше кезеңнен өту қажет. Аттестаттау үміткердің тұрғылықты жері бойынша өңірлердегі аумақтық әділет органдарында жүргізіледі.

Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап 2015 жылы бекітілген тағылымдамадан өткен адвокаттық қызметпен айналысу және нотариалдық іс жүргізу құқығына үміткерлерді аттестаттаудан өткізу ережелеріне, оның ішінде құжаттарды ұсыну, қарастыру тәртіптеріне өзгерістер енгізілді. Бұған дейін аттестаттаудан өту үшін өтінішті аумақтық әділет органының мекенжайына қағаз түрінде не “Электронды үкімет” (www. egov.kz) веб-порталы арқылы жолдау мүмкіндіктері ұсынылатын. Ал бүгінде мұндай таңдауға шектеу қойылды. Яғни, адвокаттық қызметке үміткер тұлға тағылымдамадан өткен соң, құжаттарды тек “Электронды үкімет” арқылы ғана жолдай алады. Сонымен қатар аттестаттаудан өту үшін қажетті құжаттар пакеті қысқартылды. Ол тек тұрғылықты жері бойынша комиссияға аттестаттауға жіберу туралы сұрау салудан тұрады. Бұған қоса әділет органдарына наркологиялық және психиатриялық диспансер тексерістері қорытындысының электронды көшірмесін ұсыну қажет.

Құжаттар тиісті түрде рәсімделмеген немесе веб-портал арқылы толық ұсынылмаған жағдайда, аумақтық әділет органдары өтініш келіп түскен күннен бастап екі жұмыс күні мерзімінен кешіктірмей, оны әрі қарай қарастырудан жазбаша дәлелді түрде бас тарта алады. Олай болмаған жағдайда аумақтық әділет органдары құжаттар пакетін комиссияға жөнелтеді. Жіберілген мәліметтерді қарау қорытындысы бойынша комиссия үміткерді аттестаттауға жіберу не жібермеу туралы шешім қабылдайды. Аумақтық әділет органдары аттестаттауға жіберуден бас тарту туралы шешімді үміткерге оның өтініші келіп түскен күннен кейінгі 15 жұмыс күні ішінде жолдауы тиіс. Керісінше жағдайда үміткерге аттестаттаудың өтетін орны, күні мен уақыты туралы хабар электронды портал арқылы он күн бұрын жөнелтіледі. Әділет органының интернет-ресурсында үміткерлердің тізімі де жарияланады.

Адвокаттарды аттестаттау қажеттілігіне қарай өткізіліп тұрады, бірақ тоқсанына бір реттен артық болмауы шарт. Аттестаттау екі кезеңнен тұрады. Алдымен компьютерлік тестілеу арқылы үміткердің Қазақстан Республикасының заңнамасын қаншалықты білетіндігі тексерілсе, емтихан билеттері бойынша оның жалпы білім деңгейі сарапқа салынады. Комиссияның аттестаттаудан өту туралы шешімі алдағы алты жыл бойы жарамды болып есептеледі.

Аттестаттауды өткізу мемлекеттік қызмет түріне жатады және жаңадан енгізілген өзгерістер бұл қызметтің сапасын қамтамасыз ету мен көрсету мерзімін қысқартуға бағытталып отыр. Әділет министрлігінің мемлекеттік қызметтерді сандық жүйеге көшіруді жүзеге асыру бойынша қолға алған бастамалары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған Жолдауында барлық салаларға заманауи технологияларды енгізу туралы алға қойған міндетін жүзеге асыру аясында орындалып келеді. Мемлекеттік қызметті пайдаланушы тұлғалар үшін мұндай өзгерістердің тиімді болары сөзсіз.

Бүгінгі таңда облысымыз бойынша адвокаттар алқасына 186 адам мүшелік етеді. Бізге жыл сайын шамамен 16-20 үміткер адвокаттық лицензия алу үшін құжаттарын жібереді. Биыл бірінші тоқсанда жеті адам аттестаттаудан өтіп, заңгерлік көмек көрсету ісімен айналысуға тілек білдіріп отыр. Олардың үшеуі құжаттар пакетін бізге электронды вебпортал арқылы жолдады.

Ирина САҚТАНОВА,

облыстық әділет департаментінің бөлім басшысы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика