ҚЫЗМЕТІНЕН БОСАТЫЛДЫ

Сыбайлас жемқорлықпен күрес – бүгінгі күннің ең өзекті мәселелерінің бірі. Бұл індетті жою мақсатында құзырлы мекемелер тарапынан қатаң бақылау жүргізіледі. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюроның облыстық департаменттерінің басшылары өңіріміздің медицина қызметкерлерімен кездесіп, денсаулық сақтау саласында індеттің алдын алу бағытында келелі әңгіме өрбітті.

Өкінішке қарай, медицина саласында бармақ басты, көз қыстылық аз емес. Соның бір дәлелі ретінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Владимир Безлердің әрекетін айтуға болады. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы Ғалым Тұрсынбаев қызмет бабын асыра пайдаланып, қызметкерлерден сыйақы ретінде 176 мың теңге алған бұрынғы басшының ісін мысалға келтірді. Бұл әрекеті үшін ол қызметінен босатылған.

Кездесуде өткен жылы облыста жемқорлық әрекеті бойынша 30 қылмыс әшкереленіп, жиырма жауапты тұлға сотталғаны белгілі болды. Сондықтан медицина қызметкерлеріне жемқорлық әрекетінен аулақ болу қажет екені ескертіліп, сыйлық алудан бас тартуға кеңес берілді.

– Сыбайлас жемқорлық мемлекеттің рухани, экономикалық, әлеуметтік дамуына кедергі келтіреді. Бұл індет елдің ұлттық қауіпсіздігіне де нұқсанын тигізетіні белгілі. Денсаулық сақтау саласында жемқорлық әрекеттер көптеп ұшырасатыны жасырын емес. Өткен жылдың өзінде ғана бұл сала бойынша республикада 100-ден астам жемқорлықтың жолы кесілді. Сондықтан әрбір басшы жұмыс орнында құқық бұзушылыққа жол бермеуі тиіс. Егер жемқорлық тәуекелдері анықталған жағдайда, оны жою шараларын қолға алған жөн, – деп атап өтті Ғалым Тұрсынбаев. Денсаулық сақтау басқармасының жұмысына қатысты жемқорлық тәуекелдеріне ішкі сараптама жүргізіліп, облыстық аурухана, №1 қалалық емхана мен облыстық наркологиялық орталық тексерістен өткен. Нәтижесінде облыстық наркологиялық орталықтың басшысы жауапкершілікке тартылды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюроның облыстық департаментінің басшысы Нығмеджан Сапаров ведомствоға тұрғындар тарапынан көптеген өтініш-арыздар түскенін айтты. Өтініштердің дені қызметтік міндетін асыра пайдаланған жауапты тұлғалар мен сапасыз қызмет көрсетуге қатысты болған.

Кездесуде заң бұзушылықтарға жол берген республикалық ветеринарлық зертхананың облыстық филиалының басшысы да 1 миллион теңгеден астам айыппұл төлеуге мәжбүр болғаны айтылды.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика